Аймақтар • 11 Наурыз, 2021

Құбырларды ауыстыруға қомақты қаржы қажет

112 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасы сынды алып шаһарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Бұл іспен айналысатын «Қарағанды Су» ЖШС соңғы 10 жыл ішінде ұзындығы 685 шақырым болатын су құбыры желілерін ауыстырған. Ал бұл дегеніңіз, жалпы сумен жабдықтау желілерінің 65%-ын құрайды.

Құбырларды ауыстыруға қомақты қаржы қажет

Су құбырларын жаңартып, ауыстыру жұмыстары өз нәтижесін беріп те жатыр. Яғни сумен жабдықтау желілеріндегі апат деңгейі айтарлықтай төмендеген. Мысалы, 2010 жылдың ішінде 2800 апат болса, былтыр мұндай жағдай екі есеге төмендеп, 1003 апаттық жағдай тіркелді.

Сонымен бірге дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде сумен жабдықтау желілерінің тозуы соңғы бес жылда 66%-дан 63%-ға дейін төмендеді. 2016 жылы жөн­деу бағдарламасын жүргізуге деген көзқарас өзгертілді. Нақтырақ айтқанда, желілерді күрделі жөндеуге және жаңартуға басымдық берілді. Автоматтандырылған бухгалтерлік бағдарлама шеңберінде технологиялық жабдықты автоматты басқару, сигнал беру-басқару жүйесі енгізілді және қазіргі уақыт­­та қолданылуда. Осы бағдарлама бойын­­ша барлығы 93 сорғы стансасы автоматтан­дырылған.

 Жаңа сорғы қондырғыларының орнатылуы сорғы стансаларының жұмысын толығымен автоматтандыруға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде кейінгі бес жылда қуат көздерін үнемдеу шараларын іске асыру электр энергиясын тұтынудың 15%-ға үнемделуіне алып келді.

Қарағанды ауыз суды Қаныш Сәтбаев каналы арқылы ағып келетін Ертіс өзенінен алады. Су санитарлық ережелерге сәйкес бірқатар гидротехникалық құрылыстың көмегімен барлық тазарту кешені өтетін су тазарту қондырғысына жеткізіледі.

Жалпы, «Қарағанды Су» компаниясы тұ­ты­ну­шыға берілетін ауыз судың сапасын ба­қы­лауға өте қатты мән береді. Қара­ған­ды қаласының орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіндегі судың сапасын бақы­лауды кәсіпорын зертханасы тәулік бойы жүр­гізеді. Бұл шаруаны зертхана мамандары Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан бастап, тұтынушылар үйлеріндегі крандарға дейінгі судың жету жолына дейін жүзеге асырады.

Айта кететін тағы бір жайт, компания зертханасындағы су талдауы тәулік бойы 53 химиялық, бес микробиологиялық, тоғыз паразитологиялық және 12 технологиялық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.

 Кәсіпорынның ауыз су сапасын бақы­лау зертханасында «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ ұсынған «Зертханадағы өлшеу жағдайын бағалау туралы» сертификаты бар. Бұл куәгерлік құжат «Қарағанды Су» ЖШС-нің ауыз су сапасын бақылау зертханасы нормативтік құжаттарының талаптарына сәйкес өлшеу мен сынақ жүргізуге құзыретті екенін көрсетеді.

«Қарағанды Су» мекемесі қаланың тығыз дамуы жағдайында желілерді ауыстыру үр­дісін жеделдету және қаланың абаттандыру элементтерін сақтау мақсатында 2013 жыл­дан бастап көлденең бағытты бұрғылау қон­дырғыларын пайдаланып келеді. Бұл тәсіл желілерді ауыстыруда қаланың оңтайланған элементтерін бұзбай жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде орамішілік желілерді ауыс­тыру көлемі ұлғайған. Атап айтқанда, 2016-2020 жылдары траншеясыз технология бо­йынша 30 шақырымға жуық түрлі диаметрлі құбырлар ауыстырылды. Мұның оңтайлылығы сол, асфальтбетон қабатын қалпына келтіру жұмыстарының құнын төмендетеді және жұмысты жылдам бітіруге мүмкіндік береді.

Әрине шешімін таппаған мәселелер де шаш етектен. Қаланың байырғы аудандарын­дағы кейбір жерлерде су құбырларының әбден тозығы жеткені жасырын емес. Мұның бәрін жөнге келтіру қомақты мөлшердегі қаржыны және уақытты қажет етеді. Ал «Қарағанды Су» компаниясы болса, бұл жұмыстар алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүзеге асырылады дегенді айтады.

 

ҚАРАҒАНДЫ