Спорт • 11 Наурыз, 2021

Тартысты кезең жалғасуда

175 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) Гагарин кубогы жолындағы жарыстың плей-офф кезеңінде сынға түсіп жатқан елорданың «Барысы» мен Магнитогорскінің «Металлургі» мұзайдындағы төртінші кездесуін өткізген болатын. Нұр-Сұлтандағы «Барыс-Аренада» өткен бәсекеде жерлестеріміз жеңіске жетіп, сериядағы жалпы есепті теңестірді – 2:2.

Тартысты кезең жалғасуда

Елордада өтетін алғашқы матч қарсаңында Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия (ВАК) Қазақстан аумағында коро­навирустың таралуына жол бермеу бойынша бірқатар қо­сымша қорғану шараларын жеңілдетіп, спорттық ойындарды стадионды көрермен санын 30 пайыздан аспайтын көлемде толтыра отырып өткізуге рұқсат етті. Сөйтіп пандемияға байланысты бір жылға жуық жанкүйерлерсіз ойнаған «Барыс» алғаш рет плей-офф кезеңінде көрермендерінің қолдауымен өнер көрсетті.

6 нау­­рызда өткен екі команда ара­­­сындағы үшінші кездесуде жер­лестеріміз жеңіп тұрған ойында қарсыластарына жол беріп қойды. Нұр-Сұлтанда өткен бәсекені «Барыс» жап-жақсы бастаған еді. 15-минутта Линус Виделльден тамаша пас алған Якоб Лилья есеп ашып, айдын иелерін алға шығарды. Үзілістен кейін жағдай күрт өзгерді. 24-минутта Николай Голдобин таразы басын теңестірсе, арада үш минут өткен соң Егор Мартынов екінші шайбаны қақпаға енгізді – 1:2. Ал үшінші кезеңде «Барыс» ойыншылары есепті теңестіруге қанша ұмтылғандарымен, матч соңына дейін таблодағы есеп өзгерген жоқ.

Араға екі күн салып екі команда ойыншылары «Ба­рыс-Аренада» төртінші ойынын өткізді. Елордалық команда кездесуді қарқынды бастағанымен, есепті қонақтар ашты. Павел Акользин тәртіп бұзып, мұзайдыннан қуылған соң сан басымдығына ие бол­ған «Металлург» Николай Про­хоркин голының арқасында есепте алға шықты. Кейіннен «Барыс» ойыншыларында да гол соғып, таблодағы көр­сет­кішті теңестіретін бірнеше мүмкіндік болғанымен, шабуылды нәтижелі түйіндей алмады. Абырой болғанда бірінші кезеңнің аяқталуына бір секунд қалғанда сан басымдығына ие болған жерлестеріміз гол соғып, үзіліске тең нәтижемен аттанды. Гол авторы – Мэттью Фрэттин. Екінші кезеңде де командалар бір-бір шайбамен алмасты. 25-минутта қонақтардың шабуылшысы Николай Голдобин мергендігімен көзге түсіп, есепті 2:1-ге жеткізсе, арада екі минут өткенде қорғаушы Джесси Блэкер плей-офф кезеңіндегі алғашқы шайбасын соқты.

Үшінші кезең толық «Ба­рыстың» басымдығымен өтті. 52-минутта тағы да сан ба­сым­­дығына ие болған жерлес­те­ріміз «Металлург» қақпа­шы­сы Юхо Олкинуораны қа­пы қалдырды. Кёртис Волк пен Никита Михай­листен пас алған Роман Старченко өз атын таб­лоға жаздыртты. Ал ойын­ның соңғы минутында қонақ­тар­дың бас бапкері есепті те­ңестіру үшін қақпашының орнына алаңға алтыншы ойыншы шығарды. Алты хоккейшімен матч соңында үстемдік құрмақ болған қонақтардың мақсаты жүзеге аспады. 59-минутта қақ­пашы Йони Ортионың пасынан кейін Кирилл Панюков қонақтардың бос қалған қақ­пасын дәл көздеп, матчтың нүк­тесін қойды. Қорытынды есеп – 4:2. Панюковтың мұның алдында да бос тұрған қақпаға гол соғатын тамаша мүмкіндігі болған. Алайда алыстан жасаған соққысы қақпадан сәл қиыс кетті.

Матчтан кейін пікір білдірген Кирилл Панюков мансабында тұңғыш рет бос қақпаға гол соққанын айтты. Оның пікірінше бос қалған қақпаға гол соғу ойын сәтіндегі голға қарағанда қиын көрінеді.

Екі ұжым арасындағы бе­сінші кездесу кеше кешкісін Маг­нитогорск қаласында өтті. Онда қан­дай нәтиже тіркелетініне қа­ра­мастан, алтыншы матч 12 наурызда елордадағы «Барыс-Аренада» ұйымдастырылатын болады.

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51