Қазақстан • 11 Наурыз, 2021

«Бүгінгі помещиктер» «Жастардың жұмыс істегілері келмейді» деп «жылайды»...

548 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Осыдан он шақты жыл бұрын Петропавл қаласындағы Солтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрының ғимаратында ауыл шаруашылығын дамыту тақырыбында өңір активінің жиналысы өткені жадымда.

«Бүгінгі помещиктер» «Жастардың жұмыс істегілері келмейді» деп «жылайды»...

Мінберге алғашқылардың бірі болып шыққан жасы үлкен, тәжірибесі мол, беделі зор шаруашылық басшысы: «Қазір ауылда механизатор табу проблемаға айналды. Зейнет дема­лысына шыққандардың орнын басатын кадр іздеп әуреміз. Жастар трак­торға жолағылары келмейді. Көп­шілігі оңай жұмыс іздеп, қалаға қашып жатыр. Ауылда қалғандары селең­деп бос жүреді. Ата-аналарының зейнет­ақы­сына тамақ асырайды. Бұл қал­пы­мызбен ауыл шаруашылығын қалай көтереміз? Үкімет осыны неге ойламайды?!» деп, қара аспанды төндірді. Осы сарындағы әңгімені тағы бірнеше «штат­тағы шешен» жалғастырып, «Бәлен­шекең дұрыс айтады, ауылдағы жас­тар­дың жұмыс істегілері келмейді» деп жарыса «жылап» жатты. Содан соң сөз кезегі Тайынша ауданындағы кейін­гі кезде жақсы жетістіктерімен аты шы­ға бастаған «СТЕМ» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің директоры Сергей Звольскийге тиді.

«Мен жастар жұмыс істегілері кел­мей­ді деген пікір айтқан әріптес­терім­мен келісе алмаймын. Сіздер өз шаруа­шылықтарыңыздағы механизаторларға қанша жалақы төлейтіндеріңізді неге айтпайсыздар? Әрине, уақтылы жер жырту, тұқым себу, егінді арамшөптерге қарсы өңдеу, астықты жауын-шашынға ұрындырмай жинап алу үшін жанталасатын күрделі жұмысты 30-45 мың теңгеге (ол кезде 200-300 АҚШ доллары – К.М.) кім істегісі келеді?! Ал қазіргіден бес-алты есе көп жалақы төлесеңіздер, диқан боламын дейтін жас жігіттер табылатындығына кепілдік беремін. Мысалы, біз өз шаруашылығымызда мәселені осылай шештік. Сондықтан бізде ешқандай кадр тапшылығы жоқ. Жастарымыздың көбі ешқайда кетпей, туып-өскен ауылдарында қалып, жермен жұмыс істеп, табыс тауып, отбасы құрып, бақуатты өмір сүріп жатыр», деді Сергей Адамович.

Кейін кездесіп, сол жиынды еске түсір­генімізде ол: «Бұл әңгіменің сіз біл­мейтін жалғасы бар, – деп күлді. – Жи­на­лыс аяқталған соң «жастар жұмыс істе­гісі келмейді» деп кейінгі ұрпаққа кінә таққан қадірменді ағамыз мені өзі іздеп келіп, көзін ежірейтіп: «Балақай, сен ендігәрі менің сөзімді бекерге шы­ғарушы болма! Сен менің қасымда кім­сің? Түсіндің бе?» деп жекіді. Міне, осы­лай қоғамдағы «ауа райын» жасайтын, яғни теріс пікір туғызатын «көкеміз» бар...».

Ол «көкені» мен жақсы білуші едім. Кейінгі кезде кеудесіне «нан пісіп»: «Мен – бүгінгі помещикпін» деп, мақ­тануды ұнататындығын байқағанмын...

Арада қыруар уақыт өтіп, сәті түс­кен­де облыс әкімі Құмар Ақсақалов­қа «Ауылдық жерлерде жалақы неге төмен? Жастардың ауылда тұрақта­мауының бір себебі осы емес пе?» деген сауал қойдық. Ол: «Жалғыз біздің өңірде ғана емес, республика бойынша да ауыл шаруашылығындағы орташа жалақы деңгейі төмен болып тұр ғой. Мұның себебі – біздің, яғни барлық дең­гейдегі әкімдердің қолында ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы жалақыны көтеруге ықпал ететін заңды тетік жоқ. Қолымыздан келетіні – шаруашылық басшыларын жинап алып, осы жөнінде үгіт-насихат жүргізу ғана. Меніңше, қолданыстағы заңнамаға түзету енгізіп, ең төменгі жалақы мөл­шерін көбейту қажет. Әйтпесе, мемлекеттен ондаған миллиондаған теңге субсидия алып отырған кейбір ірі ша­руашылық басшыларының өздері де жұмыскерлерге 28 мың теңгеден кем емес жалақы төлесек болды деген пікірді ұстанады. Әрине, салықты көп төлемеу үшін бухгалтерия арқылы осындай мардымсыз жалақы мөлшерін ғана көрсетіп, жұмыскерлеріне қосымша жалақыны конвертке салып беретін қулар да табылады. Қалай дегенмен де, елдегі ең төменгі жалақы мөлшерін қайта қарамай болмайды», деген еді.

Елбасының тапсырмасымен ең тө­менгі жалақы мөлшері 2019 жылдан бас­тап 1,5 есе ұлғайтылып, 42 500 теңге болып белгіленді. Соның нәти­же­сінде ауыл шаруашылығындағы орташа жалақы деңгейі де біршама өсті. Алайда елдегі инфляция тоқтамай, тауар бағасы да ұдайы өсіп отырған қазіргі кезде бұл соманың да құны кемігендігі, яғни жеткіліксіз екендігі анық. Сол себепті жуырда Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты Үкіметке депутаттық сауал жолдап, онда былтыр ең төменгі жалақы мөлшері Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ішінде Беларусьте – 6,7 пайызға, Ресейде 5,5 па­йызға өскендігін атап көрсеткен. Үкі­меттің депутаттарға берген ресми жа­уабында жалақының төменгі мөл­шерін арттыру мақсатында арна­йы Жол картасы әзірленетіндігі, бұл мәсе­ле елдегі экономикалық жағдайға және мем­лекеттік бюджеттің нақты мүм­кін­дік­теріне қарай қаралатындығы айтылған.

 Дегенмен, өткен жылы еліміздегі орташа айлық жалақы деңгейі желтоқсан айында 233 мың теңгеден асқанын, ал ауыл шаруашылығы саласында 147 мың теңгеге әрең жеткендігін ескерсек, осы көкейкесті мәселе төңірегінде мықтап ойлану керек сияқты. Ең төмен­гі жалақы мөлшерін арттыру үшін ел қазынасының молаюын күтіп, қол қусы­рып отыра берсек, ауыл еңбек­кер­­лерінің әл-ауқаты жақын арада жақ­сара қоюы екіталай. Сондықтан да халық­ты асыраушы салада қалыптасқан кем­шін жағдайды жан-жақты зерттеп, оны жақсартудың соны тәсілдері мен ұтым­ды жолдарын ойластырған абзал.

Өйткені, қазір ауылдардағы әртүрлі меншік нысанындағы шаруашылық­тардың басшыларының ішінде өздерін «бүгінгі помещиктерміз» деп санайтындар аз емес. Ондайлар «Мен – баймын, мен – Құдаймын» дегендей сыңай танытып, мейманасы тасып, жұртқа мұрнын шүйіре қарайтын, тіпті бюджетіндегі қаржысы шамалы болғандықтан, ірілі-ұсақты мәсе­ле­лерді шешу үшін жергілікті кәсіп­кер­лерге жалынып-жалпайып жү­ретін ауыл әкімі түгіл, қолдарында қыруар билік бар аудан мен облыс әкім­дерінің сөз­деріне де онша құлақ аса қой­май­тын жағдайға жеткен. «Бүгінгі поме­щик­тер» өндірілген өнімді сатудан түс­кен табыстың қанша екендігін серік­тестікке мүліктік пайлары мен жер үлестерін берген тұрғындарға және шаруашылықтың әр саласында еңбек етіп жүрген жұмыскерлерге жариялап, әділ бөліске салуды ұмытқалы қашан?! Есесіне өздері «арыстанның үлесін» алып, талайы долларлық миллионерге айналған. Ондайлар күзде ауылдағы әр отбасыға бір-екі қап ұн немесе мал жем­дейтін шамалы астық беріп, «жа­рыл­қаған» кейіп танытады. Жыл қоры­тындысы бойынша жұмыскерлерге – сыйақы, пай мен жер үлесі иелеріне дивиденд төлейтін шаруашылық басшылары некен-саяқ.

Осы орайда еліміздегі демократия­ландыру процесі билікке ғана емес, қоғамдық өмірдің барлық саласына, соның ішінде ауыл шаруашылығы құры­лым­дарына да қатысты болуға тиіс­тілігін естен шығарып алған сияқтымыз. Ауылдық елді мекендердегі акционерлік қоғамдар мен әртүрлі серіктестіктердің жарғыларында жазылған талаптардың, жұмыскерлермен жасалған шарттардың, еңбек ұжымдарымен және кәсіподақ ұйымдарымен жасалған келісімдердің орындалуына жүйелі бақылау жасап отырған кім бар? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті қоғам құру мақ­сатын алға қойып отырған қазіргі уақытта Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері алтын бесік – ауыл­дағы осындай өзекті мәселелерге жете назар аударып, өңірлердегі ауыл шаруа­шылығы құрылымдарының қолында бар­да қонышынан басып жүрген басшы­ларының жүгенсіздіктерін тыю, ауыл еңбеккерлеріне – лайықты жалақы, тұрғындарға жер үлестері мен мүліктік пайларына сәйкес әділ дивиденд төлеу мәселелерін шешуге бағытталған пәр­­менді шаралар мен заңнамалық өз­геріс­терді қарастырғаны жөн емес пе?

Жалпы, біздегі көптеген кәсіпкер­­дің, соның ішінде «бүгінгі помещик­тердің» де жұмыскерлерге мардымды жалақы төлемейтіндігінің бір себебі – олар­дың экономикалық жағдайы Қазақ­станнан әлдеқайда төмен елдерден жыл сайын күнкөріс көзін іздеп келетін ондаған мың, ал тәуелсіз сарап­шылардың айтуынша, тіпті жүздеген мың еңбек мигранттарын арзанға жалдайтындығында. Өз елінде айына әрі салғанда 100 АҚШ долларына тең сомадағы жалақыны әрең табатын олар үшін біздің кәсіпкерлер ұсынатын 200-250 доллар мөлшеріндегі табыс – айтарлықтай нәпақа. Демек, өз еліміздің азаматтарының әл-ауқатын арттыруды ойласақ, шетелдерден ағылып келіп жатқан еңбек мигранттарының санын барынша шектеуді және жұмыс­сыз жүрген өз еліміздің азаматтарын, әсіресе, жастарымызды жұмысқа орна­ластырудың тиімді тетіктерін ойласты­ра­тын кез жеткен сияқты. Өйткені, қазір еліміздегі жұмыссыздар саны 450 мың­нан асып отыр.

Рас, жастарымыздың бір бөлігі жер­гі­лікті кәсіпкерлер ұсынатын жала­қы­ны азсынатындығы белгілі. Бірақ оларды сол үшін «Жастар жұ­мыс істегісі келмейді» деп сөгуге бола ма? Өйткені, бүгінде бір ғана Оңтүс­тік Кореяда 10 мыңнан астам қазақ­стандық жас жігіттер мен қыз-келіншектер заңсыз жолмен жұмыс істеп жүргендігі белгілі. Олар «Азия жолбарысы» атанған, экономикасы жоғары дамыған елде жергілікті тұрғындар істегісі келмейтін ең қиын қара жұмыстарға жалданып, ай сайын орта есеппен 2 мың доллардай жалақы алады. Араларында тәулігіне 8 сағат емес, 12 сағат жұмыс істеп, қосымша 1 мың доллар табыс табуды ұйғарған жанкеш­тілер де бар көрінеді. Міне, осылайша өз жағдайын ғана емес, елде қалдырып кеткен отбасысының қамын да ойлап жүрген жастарымызды жұмыс істегісі келмейтін жалқау, арамтамақ деп кінәлауға болады ма?!

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51