Қазақстан • 12 Наурыз, 2021

Көмір өңдеу ісі кенжелеп тұр

1138 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көгілдір отынмен қамту үлесінің артуы мен балама қуат көздерінің дамуы отандық энергетика нарығында көмірге деген сұраныстың азаюына алып келді. Әйтсе де қатты отынның бұл түрін кәдеге жаратудың басқа да амалдары аз емес. Айталық, ресми сандарға жүгінсек, былтыр қаңтар-желтоқсан аралығында елімізде көмірден 3 млн 797 мың тонна көлемінде кокс өнімі өндірілді. Сөйте тұра 2016-2020 жылдар кезеңінде Қазақстанға 4 млн 500 мың тоннадан артық кокс импортталды.

Көмір өңдеу ісі кенжелеп тұр

Өңдеуден 400-ден астам өнім алуға болады

Демек, еліміздегі тау-кен кәсіп­­орындарында аталған өнім­ге тапшылық байқалып отыр­ғанын, сондай-ақ оны сырттан қым­бат бағаға алуға мәжбүр еке­нін аңғаруға болады. Сала ма­мандарының айтуынша, кө­мірді ұқыпты өңдеу арқылы одан жасанды графит, нафталин және антрацен сынды пайдалы өнімдер өндіруге болады. Сол секіл­ді қатты отынның күлі, оны өндіру мен өңдеуде алынатын қалдық құрылыс материалда­ры, керамика, отқа төзімді ши­кізат, сазтопырақ және қажақ өн­дірісінде қолдануға жарамды. Тұтастай алғанда, көмірді қайта өңдеу ісі 400-ден астам түрлі өнімнің өндірісіне жол ашады. Энергетиктердің сөзіне сүйенсек, олардың құны көмірдің құнынан шамамен 20-25 есе жоғары. Тау-кен өндіру және тау-кен метал­лургия кәсіпорындары қауым­дастығының мәліметіне сәй­кес, қазір көмірден қосылған құ­ны жоғары өнім өндірісін «Арсе­лорМиттал Теміртау» АҚ кәсіп­орны жолға қойыпты. Дәлірек айт­қанда, кәсіпорында кокс, нафталин, пек, сольвент, аммоний сульфаты және домна қалдығы шығарылады.

Болашақта «Шұбаркөл Кө­мір» АҚ және «Қаражыра» АҚ қосылған құны жоғары көмір өнім­дерінің жаңа түрлерін өнді­руді көздеп отыр. Сонымен қоса, басқа да ірі көмір компаниялары көмір сапасын арттыруға байланысты жобаларды іске асыруды жоспарлауда.

Энергетиктер көмір-химия сала­сының дамуы қатты отын­ның сапасын жақсартуға ықпал ететініне сенімді. Мәселен, Ұлы­британияда түтінсіз жанатын көмірді өндіру тәсілдері зертте­ліп, оны жағу кезінде атмос­фера­ға зиянды шығарынды тарат­пау­дың технологиясы меңгерілді.

«Көмір шикізатының маңыз­дылығын ескеруіміз қажет. Неге десеңіз, еліміздегі жылу электр стансалар­ында электр энергиясының шамамен 70%-ы көмірді жағу арқылы өндіріледі. Бұл халыққа арзан тарифтерді қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр», деді Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіп­орындары қауымдастығының атқа­рушы директоры Николай Радос­товец. Сала өкілдері кейбір шет­елдік нарық­тарда көмірге сұра­ныстың төмендеуіне байла­нысты, сол секілді Қазақ­станның солтүстік және орта­лық өңірлерін газдандыру жө­ніндегі жоспары мен көмірді экологиялық тұрғыда пайдалану маңыздылығына сәйкес, көмір химиясы әрі кокс-химия өндірісін дамы­ту арқылы көмір­ден келесі бөліністерді өнді­ру қажет­ті­лігі туындап отыр­ғанын айтты.

 

Мемлекеттік қолдау қарастырылу керек

«Қазақстандағы көмірді өң­деу са­ласының кенжелеп қалуы тиісті жобаларды іске асы­рудың қымбат­тылығы мен мемлекеттік қолдаудың жоқ­тығымен байланысты. Сол себепті 34 млрд тонна көле­міндегі көмірдің үлкен қорына немесе әлемдік кө­мір қорының 4%-ына ие бола отырып, жаңа жұмыс орын­да­рын құруға және бюджетке салық түсімдерінің қо­сымша ағынына ықпал ете­тін жоғары бөліністегі көмір өнім­дері өндірісін қолдау стра­тегиялық тұр­ғыда маңыз­ды», деді Тау-кен өндіру және тау-кен металлур­гия кәсіпорындары қауымдас­ты­ғының атқару­шы директорының орынбасары Максим Кононов.

Көмір өндірушілер өң­деу саласын дамыту үшін мемлекет тарапынан экономикалық ынта­лан­дыру тетіктері қарас­тыры­лу керек деп санайды. Өйт­кені мем­лекеттік қол­дау­сыз көмірден жасалатын өнім көлемін арттыру қиын­­ға соғады. Қатты отыннан өң­делетін өнім түрлері жаңа нарықтарға шығуға, сондай-ақ импортты алмас­тырумен қатар экспорттық әлеуетті арттыруға жол ашады деді мамандар.

Бұл ретте сала өкілдері көр­ші­лес елдердің тәжі­ри­бесіне жүгін­ген артық болмайды деген ойда. Айталық, Ресейде көмір өнеркә­сібін дамыту бағ­дарламасы аясында көмір өнер­кәсібінің перспек­тивалы бағы­ты ре­тінде өңірлер­дегі көмір­ді терең өңдеуге басым­дық берілген. Сондай-ақ ресей­­лік бағ­дарламада инвес­тиция­ларды қайта­рудың жобалық мерзіміне салық­тық жеңілдіктер беру арқылы (кластерлеу, көмір­ді қайта өңдеудің жаңа орта­лық­тарын құру) көмірді терең өңдеу­ді (жартылай кокстеу, газдан­дыру, синтетикалық сұ­йық отын) ынталандыру қарас­­тырылса керек.

 

Өңдеу ісі инвестициялық тізімге енгізілді

Салалық қауымдастық өкіл­­дері былтыр аталған мә­се­леге байланысты мем­ле­­кеттік органдардың қаты­­суымен бірнеше кездесу ұйым­­дас­тырылғанын жет­кізді. Ұйым тарапынан үшінші елдерге көмір экспортын азайтуды ынталан­дыру үшін қара отыннан дайын­да­латын жаңа өнімдерді дамы­тудың маңыздылығы ұсыныс ретінде айтылыпты. Оның нә­ти­жесінде былтыр соңғы тоқсанның аяғында Үкіметтің қаулысына сәй­кес, көмірді өндіру мен ба­йыту саласы Сыртқы істер министрлігі әзір­­ле­ген инвестициялық жоба­лар­дың тізбесіне енгізілді. «Демек, инвести­циялық жобаларды іске асыру қомақты қаражатты талап ететінін ескерсек, көмірді өндіру мен байы­ту ісі басымдық берілген жобалар тізіміне қосылуы өңдеу өндірісін дамытуға және отандық компания­лардың жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік береді», дейді көмір өнді­руші ұйым өкілдері. Осыған байланысты «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «АрселорМиталл Те­мір­тау» АҚ, «Қаражыра» АҚ және «Майкубен-Вест» кәсіп­орындары көмірден дайында­латын жоғары бөліністер­ді өндіруге арналған инвес­ти­циялық жобаларды іске асыруды жоспарлауда. Көмірден жаңа өнім түрлерін өндіру жоба­ларының жоғарыдағы тізім­ге енгізілуі аталған кәсіп­орын­дардың жоспарларын іске асыруға мүмкіндік беріп, көмір өнеркәсібінің ұзақ мерзімді дамуын қамта­масыз етпек.