Ұжымдық сайыста Қазақстан құрамасының спортшылары өз жанкүйерлерін қуанта алмады. Үш секірудің қорытындысы бойынша біздің спортшылар 211.62 ұпай жинап, жеті құраманың ішіндегі соңғы жетінші орында қалып қойды. Сөйтіп біздің жігіттер финалдан тыс қалды. Ал негізгі финалға үздік нәтиже көрсеткен төрт құрама шықты. Бас жүлде үшін өткен бәсекеде ұпайдан шашау шығармаған ресейлік спортшылар топ жарды. Екінші орын Швейцария спортшыларына, үшінші орын АҚШ құрамасына бұйырды.
Шаңғы акробатикасынан әлем чемпионатының жекелей сындағы алғашқы күнінде жарыс жолына шыққан Қазақстан құрамасының спортшылары Жанбота Алдабергенова мен Ақмаржан Қалмұрзаева таңғы бағдарламадағы іріктеу кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, бірінші финалға жолдама алған болатын. Алайда түскі сессиядағы кіші финалда Жанботаға да, Ақмаржанға да сәттілік жолдас болмады. Талай дүбірлі додаларда дараланып, ел қоржынына жүлде салып жүрген тәжірибелі спортшылар елімізде өткен әлем чемпионатында білгендерінен жаңылып, болмашы қателіктің салдарынан негізгі финалға жолдама ала алмады. Кіші финалда Ж.Алдабергенова 81.36 ұпай жинап, сегізінші орын алса, А.Қалмұрзаева 80.91 ұпаймен тоғызыншы сатыға тұрақтады.
Бұл сында 2015 жылы Аустрияның Крайшберг қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатында үздік шыққан аустралиялық Лора Пил топ жарды. Екінші орынды Ванкувер (2010) және Сочи Олимпиадаларының (2014) жеңімпазы Эшли Колдуэлл (АҚШ) иеленсе, үздік үштікті 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері ресейлік Любовь Никитина түйіндеді.
Өкінішке қарай, Қазақстан ерлер командасы алғашқы іріктеу кезеңінен әріге аса алған жоқ. Ел қоржынына жүлде салады деп үміттенген Шерзод Хаширбаевтың өзі іріктеуді 18-орынмен түйіндеді. Естеріңізде болса, Шерзод жуырда ғана АҚШ-тағы North American Cup турнирінде алтын жүлде иеленген еді. Сондай-ақ ерлер құрамасынан сынға түскен Нұрлан Батырбаев әлемдік доданы 25-ші, Роман Иванов 27-ші орынмен аяқтады.
Ерлер жарысында әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы ресейлік Максим Буровқа тең келер қарсылас табылмады. Алматыдағы жарыста ең көп ұпай жинаған ол тұғырдың биік сатысына жайғасты. Кейінгі орындарды америкалық Кристофер Лиллис және тағы бір ресейлік спортшы Павел Кротов иеленді.
Алматыдағы әлем чемпионаты мәресіне жеткен соң одақтас мемлекеттердің Ұлттық шаңғы қауымдастықтары басшылары мен өкілдерінің конференциясы өтті. Жиынға қатысқан Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков әлем чемпионатын ұйымдастыру еліміздің халықаралық аренадағы имиджін жақсартып қана қоймай, біздің спортшыларымызға төрелік жасауда және Олимпия ойындарының алдындағы рейтингті түзуде ерекше әсері болғанын атап өтті. Одан бөлек, әлем чемпионатын өткізу арқылы аталған спорт түрінің елімізде қарқынды дамуына жол ашылып, төрешілер мен бапкерлер құрамының біліктілігін арттыруға көңіл бөлінетінін айтты.
«Бұған дейін елімізде өткен Әлем кубогының кезеңдері Қазақстандағы фристайлдың дамуына айтарлықтай серпін берді. Могул да, шаңғы акробатикасы да қарқынды түрде дамып жатыр. Ұлттық құрамаға былтыр ғана қосылған 15 жастағы Анастасия Городконың қола жүлдесі мұндай бәсекелерді елімізде өткізудің маңызды екенін дәлелдейді. Былтыр көптеген жарыс өткізілмей, біразы кейінге шегерілді. Сондықтан бұл жарыстың орны ерекше», деді Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы.
Айта кетейік, Алматыда фристайлдан әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар могул бойынша үш медаль жеңіп алды. Юлия Галышева күміс жүлдегер атанса, Павел Колмаков қолаға қол созды. Ал 15 жастағы Анастасия Городко параллельді могул бойынша үздік үштікке енді.