Қоғам • 12 Наурыз, 2021

Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар...

1048 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Бос жатқан жер жау шақырады». Осы нақыл ойға оралғанда халық сирек орналасқан шекаралық аймақтарымыз бірден еске түседі. Іле «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім! Жағалай жатқан сол елге, мал толтырсам деп едім!» деп аһ ұрып өткен Махамбеттің арманға толы үні құлаққа жеткендей болады.

Еділдің бойын қайтадан ен жайлап, оны құтты мекенге айналдыру бабаларымыздың ұйқысын қашырып, намысын жаныған биік армандарының бірі еді. Осы арман-тілек бүгінгі қазақтың да санасынан өше қойған жоқ. Бұл сабақтастық өзгеге кеткен есені уақыты келгенде ебін тауып қайтарсақ деген ішкі тілектің өміршеңдігін көрсетсе керек. Әрине, қазақтың ірі тұлғасы Жұмабек Тәшенов айтқандай, «уақыт атты алып бар, бәрін өз орнына қояды» деген үміт ұлтымыздың жүрегінен өшпек емес. Өйткені қартаң тарих бұл үмітімізді, ішкі емеурінімізді санадан өшіре қоймас. Десек те, әзірге бізге Еділдің бойы «алыс­тау». Сондықтан қазір қолдан келетін іске ұмтылып, солтүстіктегі облыстардың, олардың шекаралық аймақтарының тартымдылығын арттыруға барынша тырысып, атырапқа қазақтың қазығын сіңіре қағудың барлық тиімді әрі жүйелі амал-тәсілін қарастыру қажет-ақ. Осы ретте Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Халықтың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылдарда, әсіресе, шекара маңындағы елді-мекендерде тұрғындар саны күрт азайды. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналас­тыруды жандандырамыз. Бұл екі мәселенің де стратегиялық маңызы бар. Оған кезекті науқан ретінде қарауға болмайды. Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс», деп қадай айтты.

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірден 2018-2019 жылдары және 2020 жылдың 9 айында 5123 адам ғана қоныс аударған көрінеді. Осы аралықты өңірден 10 мыңға жуық адам көшіп кетіпті. Өңірге келушілерден кетушілердің көп болуы – алаңдатарлық ахуал. Солтүстікке неге көшіп бармайсың немесе ол жақтан неге кетіп қалдың деп біреуді кінәлау артық. Мұндайда «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген қарсы сұрақ алдыңнан кесе көлденеңдейді. Кейінгі 20 жылда осы облыста 300-ге тарта мектеп жұмысын тоқтатқан. Бұл бастауыш және орта мектепте оқитын балалар санының күрт азайып кеткенін ұқтырады.

Бүгінде оңтүстіктен солтүстікке халықты көшіру ісіне қатысты мардымсыз жұмыстар, тиімділігі төмен бағдарламалар аталған бағыттағы шаруаларды мемлекеттік деңгейде қайта қарастыру қажеттігін көрсетіп отыр. Осы орайда сенатор Айгүл Қапбарова «Қазіргі таңда халықты көшіру процесі «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының бір бөлігі ғана. Бұл бағдарлама қоныстандыру барысында туындайтын міндеттер мен мәселелердің барлық спектрін шешпейді және қамтымайды,  «Бастау Бизнес» бағдарламасының бағыты кәсіпкерлікті, әсіресе, қоныс аударушылар өнімді жұмыс істей алатын ауыл шаруашылығы және АӨК саласындағы даму мәселелерін қажетті шамада шешпейді», дейді. Олай болса, бізге азаматтық қоғамды кеңінен қатыстыра отырып арнайы мемлекеттік немесе өңірлік бағдарлама әзірлеу қажет.

Тағы бір ескеретін мәселе, солтүстікке көшуге жекелеген отбасыларды ғана емес, кәсіпкерлерді шақыру қажет. Оңтүстік аймақтардағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларындағы табысты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға жеңілдікпен жер беру, субсидиялау сияқты мемлекеттік қолдау көрсете отырып, олардың солтүстікте филиалдарын ашуына жағдай жасасақ, жаңа жұмыс орындары көбейер еді. Сондай-ақ солтүстік пен оңтүстікті байланыстыратын, қарапайым халықтың барыс-келісін жеңілдететін әуе және темір жол бағыттарын жандандыру мәселесі де шешімін тауып жатса, құба құп болар еді. Мұның сыртында тұрғын үй беру ісін оңтайландыру, қоныс аударушыларға қажетті ақпараттық база құру, көшіп барғандарға беріліп жатқан үйлердің басым бөлігінің заманауи стандарттарға сай келмеуі, азаматтардың кәсіппен шұғылдануына мемлекеттік қолдаудың әлсіздігі де шешімін күткен мәселелер.

Түгін тартсаң, майы шығатын солтүстіктегі даланы тұрғындарға толтыру – бүгінгі ең маңызды мәселеміз болуға тиіс. Бұл, Мемлекет басшысы айтқандай, ұлт қауіпсіздігін нығайту мәселесі.