«Интергаз Орталық Азия» АҚ («ҚазТрансГаз» АҚ ұлттық операторы құрамына кіреді) іске қосқан, «Тараз» магистралдық газ құбырлары басқармасы жауапкершілігіне алған жаңа автоматтандырылған «Меркі» газ тарату стансасын пайдалануға беру Жамбыл облысы және бүкіл халық тығыз орналасқан Меркі ауданы үшін өте тиімді әрі маңызды жоба болды.
Бұл – ескі объектіні жаңғырту ғана емес, сенімділік пен өнімділік деңгейі жоғары, заманауи жаңа стансаны салу деген сөз.
«Бүгінге дейін біз пайдаланып келген «Меркі» ГТС 30 жыл бұрын салынған. Оның 1980 жылдардағы өткізгіштік қабілеті сол кезеңдегі ауданның қажеттілігіне орайластырылған болатын, сондықтан қазіргі заман талабына сай келмейді. Мысалы, ГТС паспорттық өткізгіштік қабілеті сағатына 10 мың текше метр болса, қыс мезгілінде аудандағы газдың нақты орташа тәуліктік шығыны сағатына 16 500 текше метрді құрады. Ең жоғарғы шегінде бұл көрсеткіш сағатына 20 мың текше метрге дейін ғана жетуі мүмкін», дейді «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Тараз» МГҚБ директорының бірінші орынбасары Әуес Бекебаев.
Бір сөзбен айтқанда, ескі газ тарату стансасының қауқары ауданнның қазіргі деңгейіне мүлде сай келмеді. Өйткені аудан тұрғындары санының артуына және жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындардың пайда болуына байланысты Меркі ауданында газ тұтыну көлемі айтарлықтай өсті.
Сонымен қатар жабдықтардың тозуы да күрмеулі мәселеге айналған еді. Соңғы үш онжылдықта 1980-жылдардың үлгісіндегі крандар мен қысым реттегіштер және висцин сүзгілері арқылы күн сайын табиғи газдың үлкен көлемі жоғары қысыммен өтіп жатты және бұл ауыстыруды талап етті.
Үшінші мәселе, ескі ГТС-ті «БГА-ТБА» (Бұқара газды ауданы – Ташкент-Бішкек-Алматы) магистралдық газ құбырына қосу сызбасы Меркі ауданын газбен толыққанды жабдықтауға жеткіліксіз болды. Жеке абоненттер де, ауданның өнеркәсіптік объектілері де оның алғашқы желісіне қосылған. Ал газ құбырындағы қысым төмендеген жағдайда ескі стансаның қуаты соңғы қосылған тұтынушыларға қажетті газ қысымын беруге жетпей қалады. Магистралдық газ құбырының бірінші желісінде жөндеу жұмыстары қолға алынса, осы желіге қосылған тұрғындарға газ беруді уақытша тоқтату да жағдайды ушықтыруы мүмкін еді.
Өткізу қабілеті сағатына 30 мың текше метрді құрайтын жаңа «Меркі» АГТС пайдалануға беріліп, осы мәселенің бәрі шешімін тапты. Сонымен қатар «БГА-ТБА» МГҚ екінші желісіне резервтік қосылуының арқасында ИОА компаниясы енді Меркі ауданының тұтынушыларын жыл бойы таратушы желілерге орташа қысымды газ құбыры арқылы үздіксіз газбен жабдықтауға кепілдік бере алады.
Жаңа «Меркі» АГТС-тің әлеуметтік маңызы зор, ол Меркі ауданының 16 елді мекенін: Меркі, Ойтал, Сарымолдаев, Жамбыл, Ақтоған, Ақарал, Интернациональная, Плогоягодная, Т.Рысқұлов, Сыпатай, Екпінді, Ойтал, Санаторный, Талдыбұлақ, Тұрлыбай, Қазақ дихан; 12 695 тұрғын үйді; 420 тұрғын үй-коммуналдық нысанын және 33 өнеркәсіптік кәсіпорынды газбен тұрақты жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңа АГТС қуаты көптеген экономикалық мүмкіндіктерге, аталған ауданда жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындар мен жұмыс орындарының пайда болуына ықпал етеді және бизнесті дамытуға жол ашады.
Бұдан басқа, жаңа АГТС-ті бірден екі қуат көзіне қосу («БГР-ТБА» МГҚ-ның 1 және 2-желілері) жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде газбен жабдықтаудағы іркілістерді болдырмауға мүмкіндік береді.
Блоктық типтегі техникалық жағынан жаңа АГТС ескі ГТС-тен айтарлықтай ерекшеленеді. Мұнда барлық кран тораптары пневмогидрожетегі бар шарлы крандарды қолдана отырып жасалған. Бұл тораптардың құрылымы да, құрастырылуы да сенімді және жоғары талапқа сай келеді. Жаңа АГТС-тегі барлық технологиялық процестер SIEMENS маркалы жабдықтарды пайдалана отырып, толық автоматтандырылған.
АГТС-ке және кран тораптарын автоматтандыру жүйелерімен басқару және АГТС жұмысының параметрлері туралы деректерді беру үшін жалпы ұзындығы төрт шақырым жерасты талшықты-оптикалық кабель желісі арнайы салынған. Стансаның алаңында және кран тораптарында қауіпсіздік және бейнебақылау жүйесі орнатылды. Бұл сенімді байланысты қамтамасыз етуге, кезекші ауысымның жүктемесін азайтуға және стансаның қауіпсіз жұмыс істеуіне кепілдік береді.
Жамбыл облысының аумағы арқылы бірден бірнеше ірі магистралдық газ құбырлары − «Бұқара газды ауданы – Ташкент – Бішкек – Алматы» МГҚ (БГА-ТБА), «Амангелді – КС-5 Тараз» МГҚ және «Қазақстан – Қытай» МГҚ өтетінін ескерсек, «Тараз» магистралдық газ құбыры басқармасының жұмысы ауқымды.
Есенгелді ТӨРЕГЕЛДИНОВ