Аймақтар • 12 Наурыз, 2021

Жыл сайын бөгет салынады: Одан да ұрымтал тұстарды неге біржола жөндеп алмасқа?

424 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл Ақмола өңірінде қар қалың. Қызыл судан қауіп көп. Көңілдің күпті болуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, ақпан айында сіркіреп жаңбыр жауды, қатты аяздың салдарынан жердің қату деңгейі тереңдеді. Мәселен, былтыр жердің үстіңгі беті 70-80 сантиметр деңгейінде қатса, биыл бір жарым метрге жуық. Су қоймаларындағы 98 инженерлік құрылғының 34-і іске жарамсыз.

Жыл сайын бөгет салынады: Одан да ұрымтал тұстарды неге біржола жөндеп алмасқа?

Мамандардың болжамына қарағанда, биылғы жылғы ауа райының жай-күйі шамамен 2017 жылмен сәйкес келеді екен. Егіз қозыдай болмаса да, күннің біресе жылып, біресе қатып, қыс ішінде жаңбыр жауып, қырық құбылуы айнымайды. Ал 2017 жылғы көктем қалай болып еді? Тасқын судан тақсірет тартқан халық әлі ұмытқан жоқ. 12 ауданда көктемгі су тасқынынан 35 автокөлік жолы мен 40-қа жуық елді мекен қатты зардап шекті. Мыңға жуық тұрғын үйді су басып қалды. Үш мыңға тарта адам қауіпсіз жерге көшірілді. Материалдық шығын да шаш етектен болды. Целиноград ауданында суға кеткен тұрғын үйлер жаңадан салынды, Атбасар қаласында көп қабатты үйлер салынып, баспанасыз қалған халық қоныстандырылды.

Тасқыннан көп зардап шеккен Атбасар және Сандықтау аудан­дары болды. Су деңгейі кей жерлерге бір жарым метрге дейін көтерілді. Целиноград, Аршалы аудандары да зор материалдық шығын шекті. Нұра өзенінен келетін мол су жылда қауіп туғы­­зады. Талапкер, Қараөткел, Воздвиженка, Қажымұқан ауылдары мен Есіл өзенінің аңғарында ірге тепкен ондаған ауылды су шайып кетті. Осы бір қырсықтың түпкі себебін зерделесек, ең алдымен, жердің үстіңгі қабатында қыс ішінде жауған жауынның салдарынан пайда болған мұздан екен. Еріген су жерге сіңбей, сай-саланы қуалап, бей-берекет ағады. Атбасар қаласына жалпақ даламен келген жойқын судың қайдан пайда болып, қайда ағып жатқандығын ұға алмай, пұшайман болғанбыз. Биыл да мұз сауыты міз бақпай тұр. Егер көктем ерте келіп, қар күрт ерісе, қауіп молая түспек. Әсіресе Есіл, Нұра, Жабай, Қылшақты өзендерінің арнасы тар, асты тайыз тұстарында қауіп-қатер көп болуы әбден ықтимал.

Әр жыл сайын белгілі бір жер­лерде ғана су тасқыны орын алады. Әсіресе жағалаудың жа­таған, өзен қылтасының тар, табаны қоқысқа толып, ағын суға бөгет болатын жерлерде. Биыл қызыл суға қарсы қамдану үшін бір жарым миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Былтыр да бөлінген, алдыңғы жылы да. Тіпті соңғы он жылдан астам уа­қыт бойы осындай қомақты қаражат бөлініп келе жатыр. Жаз бойы қарбаласып өзен жағасын биіктетіп, бөгет соғамыз. Келесі жылы тағы. Жыл сайын қарғын су қай жағымыздан келіп басады екен деп алаңдағанша, бөгетті тиянақтап біржола салмасқа болмас па екен?! Мәселен, Атбасар, Жарқайың, Бұланды, Бурабай, Есіл, Целиноград аудандарындағы су аңғарларының қауіпті жері 47121 метрді құрады. Мол қара­жаттың жұмсалатын жері де осы. Бірақ есіл ақша қызыл судың өзі құсап құрдымға кетіп жатыр. Өткен жылдың жазында Атбасар, Қорғалжын, Аршалы, Жақсы, Бурабай аудандарындағы су аң­ғарларының 5235 метр жағалауы қайтадан көтеріліп, су шайған жерлер бекітіліп, мықталды. Це­линоград, Астрахан, Бұланды, Сандықтау аудандарындағы су аңғарларының 4795 метріне уа­қытша бөгет салынып, 41 су өткі­зетін құбыр жаңартылды. Осындай жұмыс әр жыл сайын атқарылады.

Жоғарыда 98 инженерлік құрылғының бақандай 34-і іске жарамсыз екендігін айтып өттік. Бұл құрылғылар су қоймаларындағы су деңгейін қалыпты деңгейде ұстап тұруға қажетті. Қойманы су бұзып кетпеу үшін артық суды уақтылы босатып отыру керек. Ал инженерлік құрылғылар іске жарамсыз болса, су деңгейін қалай реттей аласыз? Демек, қызыл суды қымтап ұстауға құдіретіміздің жетпей жатуының бір себебі осы емес пе екен?! Ретсіз, мөлшерсіз аққан су қашанда қауіпті.

– Инженерлік гидротехникалық құрылғылар өте қымбат, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев. – Алдымен жобалық-сметалық құжаттарын дайын­дауым­ыз керек.

Бұл құрылғылардың ішінде жарты ғасырдан бері жөндеу көрмегендері де бар екен. Әбден тозығы жеткен. Жұрт жыл сайын жағалауға топырақ төгіп, бөгет жасап, қыруар қаражат жұмсап жүр. Ал нағыз керек инженерлік құрылғыға назар аудару кезек күттірмейтін мәселе.

Ішінара ұмтылыс та бар еке­нін айту парыз. Мәселен, респуб­ликалық меншік есебінде тұрған Астана, Сілеті, Подлесный, Крас­нобор су қоймаларындағы гидротехникалық құрылғыларға жөн­деу жұмыстары жүргізіліпті. Атбасар ауданындағы «Со­чинск-2», Жақсы ауданындағы «Чапаев-2» су бөгеттері күрделі жөндеуден өткізілді. Бірқатар гидротехникалық нысан жөн­делгенімен, әлі де толық емес.

Биылғы көктемде төтенше жағдайлар департаменті маман­дарының алдын ала жүргізген зерттеу нәтижелеріне байланыс­ты өңірдің 125 елді мекенінде қызыл су жүруі мүмкін деген болжам айтылады. Қауіпті аймақта мыңдаған адам тіршілік етіп жатыр. Бұл өңірден 71 автокөлік жолы және 4 темір жол өтеді. Мамандардың пайымдауынша, алда әлі жауынды-шашынды күндер көп болмақ. Көктем де ылғалды болады деп күтілуде. Демек, су тасқыны орын алуы әб­ден ықтимал. Қазіргі күні Есіл, Жабай, Қалқұтан өзендеріндегі су қоры қалыпты нормадан 19-46 пайыз төмен. Шағалалы мен Сілеті өзендеріндегі су қоры былтырғы деңгейден көп.

2021-2023 жылдары су тас­қыны қаупін ескерту және қалпына келтіру жөніндегі шаралар ке­шенінің Жол картасы бойынша 9 шара қарастырылған. Оның жетеуінің жобалық-сметалық жобасы жасалды. Мәселен, Атбасар қаласының іргесінен ағып өтетін Жабай өзенінің арнасы Жыланды өзенінен бастап, Есіл өзеніне дейін тереңдетілді. Мұндай жұмыс Балкашин ауылының іргесінен ағып өтетін Жабай өзенінің арнасында да жүргізілді. Астрахан ауданындағы Ескі Қалқұтан ауы­лы мен стансасы маңынан ағып өтетін Қалқұтан өзені де тереңдетіліп, жағалауы бекітілді. Мұндай жұмыс Шағалалы ауы­лының іргесінен ағатын Шағалалы өзенінің арнасында да атқарылды. Целиноград ауданында орналасқан Р.Қошқарбаев ауылында дамба салынды. Осы аудандағы Оразақ ауылының іргесінен ағып өтетін Нұра өзенінің жағалауы жөнге келтірілді. Атбасар ауданындағы Мариновка, Садовый мен Бори­совка селоларында дамба салынды. Облыстық бюджетте биылғы жылдың резерві 643,398 млн теңге көлемінде қарастырылған. Оның ішінде төтенше жағдайдың 10 млн теңгесі, өзге де шығындардың 633,398 млн теңгесі бар. Өңірдің әкімдіктері төтенше жағдайдың алдын алуға 205 млн 480 мың теңге қарастырған.

Күні бүгінге дейін су тасқынын алдын алуға қажетті 225 тонна жанар-жағармай, 4,6 мың тонна инертті материалдар, 56,1 мың қап дайындалыпты. Елді мекендерден 117,4 мың текше метр қар шығарылған. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Төтенше жағдайды туындатпас үшін 469 адам мен бөлімшелердің 84 техникасы, 12 моторлы қайық, 103 мотопомпа дайын тұр. Жергілікті атқарушы орган 1921 адамды, 979 техниканы, 144 мотопомпаны, 48 жүзу құралын әзірлеген.

Әйтеуір, қамсыз емеспіз. Ақ­пан айында «Көктем-2021» рес­пуб­ликалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізіліп, сындарлы шақта сынаққа төтеп берудің ұрымтал тұстары қарастырылды. Қар көбесі сөгілісімен жағдайды жіті бақылап тұру үшін 85 қо­сымша бақылау бекеті тәулік бойы кезекшілік атқармақ.

Көктемгі су тасқынына бір­шама дайындықтың бар екендігі белгілі. Алайда жалғыз-ақ сауал туындайды. Жыл сайын бөгет салып, шығынға батқанша, ұрымтал тұстарды неге біржола жөндеп алмасқа?

 

Ақмола облысы