Бұл туындыны семейлік суретші Маржан Бақытбек бар-жоғы төрт-ақ сағаттың ішінде бір деммен жазып шыққан. Айтуынша, алашордашылар туралы деректі фильм көріп, соның әсерімен қолына қылқалам алған.
– Әлихан бабамыздың соңғы фотосын көргенде көмейіме өксік тығылды. Ұлт азаттығы үшін басын бәйгеге тіккен бабамызға қандай құрмет көрсетсек те, лайық еді. Фотосына қараңызшы, қиындықты көп көріп, уайымда болған адам екені көзқарасынан, самайына түскен ақ шашынан, терең әжімінен көрініп тұр. Ұлттық мүдде жолында тер төккен нағыз мемлекетшіл адам екен, – дейді суретші қыз.
Әлиханның мұңды суреті әсер етсе еткендей, әйтпесе көпшілігіміз жас кезіндегі келбетті, жанары өткір жігіт ағасын ғана көріп жүрміз. 1937 жылы түсірілген фотода оның қазақ үшін қаншама қасіретті арқалап кетіп бара жатқанын оп-оңай аңғаруға болады. Ал соны байқап, кенеп бетіне сонау сұрқай саясатпен жымдастыра отырып бейнелеген суретшінікі – шеберлік, ұлт көсеміне деген құрмет.
Аягөз ауданы, Баршатас ауылында дүниеге келген Маржан Бақытбек Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» факультетін үздік аяқтағаннан кейін шығармашылықтан бір сәтке де қол үзген жоқ. Үнемі ізденіс үстінде. Осы уақытқа дейін 50-60 картина жазған. Ол мән-мағынасыз суреттерден гөрі қазақтың тарихын бейнелегенді құп көреді.
– Салмақты ой айтатын картиналар жазуға тырысамын. Ұлтты жігерлендіретін, ой салатын тақырыпты көтергім келеді. Аңыз-әңгімелердің желісімен иллюстрация жасауды ойластырып жүрмін. Әкем марқұм жүйрік баптап, тазы жүгірткенін көріп өскендіктен шығар, ұлттың жан-дүниесіне терең үңілемін, – дейді арман-жоспарымен бөліскен Маржан Бақытбек.
Қазақы отбасында өскен суретшінің туған апасы да шебер, ісмер кісі болған екен. Сырмақ сырудың, алаша басудың, құрақ көрпе құраудың қыр-сырын кішкентайынан көріп өскен. Бірақ ісмерлікті емес, қылқаламды таңдаған Маржанның мақсаты – ұлт үшін еңбек қылу.
СЕМЕЙ