Абай • 12 Наурыз, 2021

Бішкекте Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған концерт өтті

280 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бішкекте Абдылас Малдыбаев атындағы Қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театрында қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған ұлы ақын, әлемдік деңгейдегі ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай ақынға мың тағзым» атты концерт өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бішкекте Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған концерт өтті

Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қырғыз Республикасы Президентінің Іс басқарушысы Сүйінбек Қасмамбетов, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Қайрат Иманалиев, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары Алимжон Мирзаев, елшілік өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.

Сүйінбек Қасмамбетов Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың хакім Абайдың 175 жылдығына арналған құттықтау хатын оқып беріп, Ақтоты Райымқұловаға табыстады.

Қайрат Иманалиев ұлы ағартушы, қоғам қайраткерінің өмір жолына тоқталып, Абай шығармашылығы Қырғызстанда да танымал екенін, күні бүгінге дейін қырғыз сахнасында жырлары жаңғырып жатқанын жеткізді.

Өз кезегінде Ақтоты Райымқұлова Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шараға қатысушыларға алғыс айтты.

Айта кетейік, концертке Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Түркия  өнерпаздары қатысты.