Елорда • 12 Наурыз, 2021

Елордада мониторинг топтарының жұмысы күшейтіледі

182 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова COVID-19 инфекциясының жұқтыру көрсеткіші артқанын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада мониторинг топтарының жұмысы күшейтіледі

«Демалыс, мереке күндері де, басқа күндері де мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілетін болады. Нысан иелері коронавирустың ауырлығына мән беруі керек. Біз жұмыс уақытын ұзарттық, сондықтан жұмыс кестесін бұзбауды, сол сияқты санитарлық нормаларды толықтай сақтауды талап етеміз. Немқұрайлы қараған кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылады. Қала тұрғындарының денсаулығы үшін барлық шаралар қабылданып жатыр», деді Сархат Бейсенова.

Бұдан соң ол соңғы тәулікте инфекцияның 112 жағдайы тіркелгенін және 110 ошақтың анықталғанын айрықша атап өтті.

«Жыл басынан бері елордада COVІD-19-бен 7603 адам жұқтырды. Оның ішінде қаңтарда – 3763, ақпанда – 2811 және наурызда – 1029. Сондай-ақ науқастармен байланыста болған адамдардың үлес салмағы ақпан айындағы 45%-дан наурыз айында 49 %-ға дейін өскені байқалады, бұл үй ошақтарында болған адамдардың алдын алу шараларын сақтамайтындығын растайды», деді елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.

Сөз арасында қалада 912 үй ошағы бар екенін, онда 2500 байланыста болған адам медициналық бақылауда тұрғанын айтып өтті.

«Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында пилоттық жобаға 36 кәсіпкерлік нысан қатысуда. Бұл жоба «Ashyq» пилоттық жобасына қатысатын объектілерге кірген кезде келушінің COVID мәртебесін анықтауға мүмкіндік береді, яғни тек үйде өзін-өзі оқшаулау режимін бұзатын адамдарды анықтауға бағытталған», деді ол.