Аймақтар • 13 Наурыз, 2021

Түркістан облысында көкпардан өңір чемпионы анықталды

319 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында көкпардан облыс чемпионаты және Зиябек Жеткеровтің жүлдесіне арналған турнир аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz

Түркістан облысында көкпардан өңір чемпионы анықталды

Сайрам ауданындағы Ақсуат атшабарында өткен облыстық чемпионатқа 6 команда қатысып, бақ сынады.

Атап айтқанда, Сайрам, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт, Ордабасы, Бәйдібек аудандарынан жүректі де білекті көкпаршылар өзара мықтылықтарды анықтады. Нәтижесінде Ордабасы ауданының құрама командасы бас жүлдені қанжығаларына байласа, Түлкібас ауданының көкпаршылары күміс жүлдені иеленді. Ал Қазығұрт ауданынан келген жігіттерге қола жүлде бұйырды. Жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырған облыстық спорт басқармасы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді арнайы диплом, медальдарымен және Зиябек Жеткеровтің ақшалай жүлделерімен марапаттады. Сондай-ақ «Үздік салымшы» номинациясымен ордабасылық шабандоз Нұрлыбек Асқаров марапатталса, түлкібастық Мамыт Әділет «Үздік қорғаушы» атанды. Кезінде көкпардан сынға түсіп, талай жарыстарды жеңіске жеткен Зиябек Жеткеров жастарға ізгі тілегін білдіріп, ұлттық спортымызды кеңінен өркендету керектігін айтты.

Талай спортшылардың күш-жігерлерін сарапқа салған жарыста текті əрі үздік сəйгүліктер де анықталды. Атақты Резви аты «Үздік сәйгүлік» атанды. Ал біраз жылдан бері төрешілік ететін Жанбатыр Бекмұсаев «Үздік төреші» номинациясымен марапатталды.