Еуропаның үлкен сахналарында өнер көрсетіп, есімі әлемге танылған белгілі опера әншісіне бір облыстың филармониясы тарлау болған шығар деп ойладық.
Алайда 12 наурыз күні баспасөз жиынын өткізіп, журналистермен кездескен Қостанай филармониясының ұжымы басшымыз арамыздағы 2-3 арызқой адамның кесірінен жоғары жақтың қысымымен кетті деп мәлімдеді. Баспасөз жиынынан кейін филармония ғимаратының алдына шығып наразылық акциясын өткізген филармония әртістері «Басшымызды қайтарыңыздар!» деген үндеу жариялады.
– Біз бұл шешімге қарсымыз. Өйткені Сүндет Байғожин бізге келгелі бері өзінің білімді де білікті, әділ басшы, шебер ұйымдастырушы екенін көрсете білді. Филармонияның мәртебесі көтерілді, еліміздегі ірі өнер ордаларымен қаншама меморандумдарға қол қойылып, карантиннен шықсақ, үлкен жобаларды қолға аламыз деп жоспарлап отырған едік. 9-наурыз күні аяқ астынан ұжымды жинап, мен жұмыстан кету туралы өтінішке қол қойдым деді. Мұны басшымыздың емес, жоғары жақтың шешімі деп білеміз. Өзінің туған жеріне қызмет етемін деп келіп отырған әлемдік деңгейдегі өнер адамын кеудесінен итеріп, бар, кет дегізіп қоя алмаймыз, − деді филармония әншісі Майра Қаржауова.
Сүндет Байғожин облыстық филармонияға былтыр қыркүйек айында басшы болып тағайындалған еді. Баспасөз жиынын ұйымдастырушылардың айтуынша, содан бері ұжымның ішіндегі 2-3 адам жаңа басшының үстінен жоғарыдағыларға «басшымыз ұлтшыл, бізді қудалап жатыр» деп қайта-қайта арыз жаза берген.
«Біз директордың ұлтшылдығын көрген жоқпыз. Орысшаға да, қазақшаға да жетік. Әр адамның көңілін таба біледі. Бірақ ол кісі келгелі жұмысқа деген талап күшейгені рас», дейді бұрынғы басшының әріптестері.
− Филармония ұжымының 90 пайызы Сүндет Байғожинның басшылығымен жұмыс істегісі келеді. Бірақ ортамызда басшымыздың жұмыс істеу әдісін ұнатпайтын бірен-саран адамдар бар. Олар директордың кәсіби деңгейде жұмыс істеуді талап еткенін орынсыз тиісу, қудалау деп түсіндіреді. Нәтижесінде, филармонияны алға жетелейтін нағыз керек басшыдан айырылып қалып отырмыз. Сондықтан облыс әкімінің орынбасарынан бізбен кездесіп, жан айқайымызды аймақ басшысына жеткізуін талап етеміз. Сүндет осы облыстың ғана емес, бүкіл еліміздің абыройын асқақтатып жүрген біртуар өнерпаз. Мұндай адамды жұмыстан босатып, жай жібере салуға болмайды. Егер жұмыс барысында қате жіберсе, бірден қызметінен босатпай, ескерту жасау керек еді. Қазір карантин талаптары жеңілдеп, енді жұмысқа кірісеміз деп отырғанда басшысыз қалып, не істерімізді білмей отырмыз, − деді филармония әншісі Арыстан Құрманов.
Өнерпаздардың пікірінше, Сүндет Байғожинның қызметінен кетуіне оның орнына қызығып жүрген бақталас әріптестерінің ықпалы тиюі мүмкін.
− Бұрынғы басшымыз марқұм Назымбек Молдахметов мезгілсіз қайтыс болған соң, біздің ішімізде директорлыққа үлкен талас басталды. Бізді жасанды түрде жік-жікке бөліп, «сен анаған дауыс бересің, ол мынаған дауыс береді» дегенге дейін барды. Билікке қызыққандардың ішінде ең алдымен қазіргі орынбасар Зухра Иманова бар. Одан кейін ескі директор Александр Евсюков, режиссер Елена Кривовалар тұр. Түзу басшының сыртынан жан-жаққа домалақ арыз домалатқандар да осылар болуы мүмкін, − деді филармония әншісі Серік Әбілев.
Алайда филармония директорының орынбасары Зухра Иманова әріптестерінің сөзін теріске шығарып, Сүндет Байғожиннің өзіне ешқандай қысым көрсетпегенін, оның лауазымынан кеткені өзі үшін тосын жағдай екенін алға тартып, ат-тонын ала қашты.
Сүндет Байғожинге қоңырау шалып едік, бұрынғы басшы: «Мен жұмыс барысында өзіме дейін жасалған көптеген заңға қайшы дүниелерді таптым. Филармония директорының орынбасары Зухра Иманова лауазымын асыра пайдаланып, мөр басуға құқы болмаса да, жұмыс орындарын заңсыз үлестірген. Бұл вакансиялардың бұйрығы 21-і күні шықса, жұмысқа орналасушының өтініші 22-сі күні берілген. Бұйрық өтініштің негізінде шықпай ма? Мұнда керісінше, бірінші бұйрық шығады да, одан кейін өтініш жазылады. Осылайша орынбасар қол қою, мөр басу құқы болмаса да бос орындарды оңды-солды үлестірген. Ол адамдар орынбасарға ақша төлеген. Филармонияға тіркелген бір-екі адам карантин басталғалы Ресейде жүр, ешқашан жұмысқа шықпаған. Оларға мұнда айлық төлеп, артын жасырып-жауып отырған. Мұның бәрі директордың міндетін атқарушы іссапарда жүргенде жасалып отыр. Мен бұл заңсыз жұмыс орындарын жауып тастадым. Орынбасарым Зухра Иманова мені жан-жаққа жаманатты ғып, басынан аяғына дейін жұмыс істеткізбеді. Ол кісінің бізге білімі де сәйкес келмейді, музыкант емес, сөйте тұра шығармашылық ұжымда директордың орынбасары болып отыр. Бұлай болмайды. Қазір ұжым қалап жатса, мен қызметіме қайтып келуге дайынмын. Бірақ маған біраз дүниені реттеу керек. Орынбасар жұмыстан кетуі керек. Осының бәрін ұйымдастырып отырған - Александр Евсюков. Ал Кривова «Біздің бишілеріміз Ресейде жүр» деп мен жұмысқа келген күні-ақ айтуы керек еді. Оны мен құжаттарды тексергенше, жасырып, айлық төлеп келген. Осының бәрі өрескел заң бұзушылық болып табылады. Мен Кривоваға қатаң сөгіс дайындап қойғам. Бұл үшеуіне өнер ордасында орын жоқ. Бұлай болмайды. Іштен іріп жатқан жерде қалай өнермен айналысуға болады? Егер бәрі дұрысталса, филармонияға міндетті түрде келем. Мен сол үшін жарты жылдың ішінде қаншама опера театрымен келісім-шартқа отырып, бүкіл адамдарды орын-орнына қойып, вакансияларды дұрыстап, көркемдік жетекшілерді шақыртып, жарты айлықпен жүргендерді толық жалақыға көшіріп, бәрі дұрысталды, енді карантин жеңілдесе, жұмысқа кірісеміз деп отырғанда мынадай жағдай болып отыр. Өте өкінішті», деді.
Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың айтуынша, Сүндет Байғожин филармония директоры қызметінен өз еркімен кеткен.
− Сүндет Әбдірахманұлы – есімі Қазақстанға ғана емес, әлемнің көптеген еліне танылған аса талантты, өте беделді үлкен сахнаның адамы. Біз былтыр филармония директоры лауазымына тағайындағанда ол кісіге бар күш-жігерін салып еңбек етіп, үлкен шығармашылық ұжымды жаңа белестерге жетелейді деген сенім артқан едік. Алайда жарты жылдан кейін жұмыстан кету туралы өз қолымен жазылған өтінішін әкеліп, өз еркімен қызметінен кетті. Ең әуелі Сүндет Әбдірахманұлы шығармашылықтың адамы екенін түсінуіміз керек. Білуімше, қазірдің өзінде елордамызда телевизиялық жобаға қатысып жатыр. Карантин аяқталса, ол кісіге түрлі шығармашылық жобаларға шақыртулар көбейеді. Яғни үнемі сапарға шығуына тура келеді. Сондықтан Сүндет Әбдірахманұлының таза шығармашылықпен айналысу туралы қабылдаған шешімін дұрыс деп қабылдап, өтінішіне қол қойдым. Адамның өз еркімен қабылдаған ерікті шешімінен қандай да бір заңсыздықты іздеу дұрыс емес. Ал есімі әлемге танымал адамға қысым көрсетті деу, әрине, артық сөз. Тіпті қазір филармонияда еңбек етіп жүрген адамдарға да басшы ретінде қысым көрсету мүмкін емес. Өздеріңіз көріп отырсыздар ғой, қай-қайсы да осы өңірге белгілі, беделді адамдар, ұжым болып өз ой-пікірлерін еркін білдіріп жатыр. Бірақ бұл жерде бүкіл ұжым деген сөз орынсыз шығар. Үлкен өнер ұжымындағы шағын ғана бір топ өз ойын білдіріп жатыр. Облыстық филармонияда бүгінде 300-ге жуық адам жұмыс істесе, соның ішінде 40 шақты адам басшыларының кетуіне қарсы. Ол кісілердің пікірін құрметтейміз, бірақ жұмыстан кету туралы бастама директордың өзінен шығып отыр, − деді Е.Қалмақов.
Филармония ұжымы келесі аптада облыс әкіміне шығып, Сүндет Байғожинді өздеріне қайта басшы етіп тағайындауды өтінбек. Бұл мәселенің шешім табу, таппауы алдағы уақыттың еншісінде.
Қостанай облысы