Құрметті достар!
Баршаңызды Амал мерекесімен, Көрісу күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – елдің ырыс-ынтымағын арттыратын айрықша мейрам. Қыстан аман шыққан ағайынның бір-бірімен көрісіп, арқа-жарқа болатын сәті.
Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мейрамының мазмұнын одан әрі байыту керектігін айтқан еді. Осы тұрғыдан келгенде, Амалдың маңызы өте зор.
Еліміздің батыс өңіріндегі ағайын Ұлыстың ұлы күнін атап өтуді дәл осы Амал мейрамынан бастайтыны белгілі. Қазіргі таңда аталған мерекенің жалпыұлттық сипат алып келе жатқаны ерекше қуантады. Мұның бәрі тарихи санамызды жаңғыртуға және ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге тың серпін беретін игі істер екені сөзсіз.
Ендеше келіп жеткен жыл басы тек жақсылық пен қуаныш әкелсін. Халқымыздың берекесі артып, бірлігі нығая берсін. Әр шаңыраққа шаттық пен амандық тілеймін. Амал құтты болсын, ағайын!