Әлем • 14 Наурыз, 2021

АҚШ-Қытай: Аляскадағы кездесу ынтымақтастыққа ұласа ма?

913 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан АҚШ-Қытай күрделі қарым-қатынасы әлемдік қауымдастықты алаңдатпайды десек, қателесеміз. Алыптар арасындағы сауда соғысының салқыны онсыз да дағдарысқа тірелген жаһандық экономикаға қалай әсер ететінін болжау қиын. АҚШ-тың жаңа президент әкімшілігі бұл мәселені қалай шешетіні маңызды. Осы аптада екі ел арасында алғашқы бетпе-бет ресми келіссөз өтеді.

АҚШ-Қытай: Аляскадағы кездесу ынтымақтастыққа ұласа ма?

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан 18 наурызда Аляскада Қытайдың ресми өкілдерімен кездеседі. Мұның Байден әкімшілігі кезіндегі екі ел арасындағы алғашқы жоғары деңгейдегі келіссөз екенін айта кету керек. Қытай тарапынан жиынға елдің бас дипломаты Ян Цзечи мен сыртқы істер министрі Уаң И қатысады. Кездесу Блинкеннің АҚШ-тың негізгі одақтастары Жапония мен Оңтүстік Кореяға алғашқы шетелдік сапарынан кейін өтпек.

Блинкен Өкілдер палатасының Сыртқы істер комитетіндегі тыңдауда бұл кездесуге «АҚШ-тың Бейжіңнің іс-әрекетіне байланысты көптеген мәселені ашық айтуына мүмкіндік» деген баға берген-ді. Ол сондай-ақ талқылау барысында жалпы Қытаймен ынтымақтастық орнату мүмкін бе деген сауалдың зерттелетінін айтты.

Ақ үйдің өкілі Джен Псаки өткен аптада журналистерге алғашқы кездесудің Америка жерінде өтуі аса маңызды екенін айтты. Сондай-ақ АҚШ бұл кездесуге сақадай сай келетінін айта кеткен жөн. Мәлімдемеде Д.Псаки бұл кездесудің Қытай мәселесіне қатысты Еуропа мен Азиядағы серіктестерімен кеңескеннен кейін өтуін де баса айтты. АҚШ-тың бұл мәселеде серіктестері кім десек, Қытайға көз алартқан мемлекеттің аз емес екені еске түседі.

Жұма күні Қытаймен қарым-қатынасы күрделі Аустралия, Үндістан, Жапония мен АҚШ бірлесіп ортақ саммит өткізді. «Қауіпсіздік мәселелері бойынша төрт жақты диалог» деп аталатын бейресми топтың басты мақсаты Қытайдың әскери және сауда экспансиясына қарсы тұрып, аймақтағы ықпалын азайтуға бағытталған. Қысқаша Quad («төрттік») деп аталып кеткен бұл бірлестікті құру туралы бастаманы 2007 жылы Қытайдың Азиядағы өсіп келе жатқан ықпалына алаңдаған Жапонияның сол кездегі премьер-министрі Синдзо Абэ көтерген. Қытай дипломаттары бұл бейресми бірлестікті «НАТО-ның азиялық үлгісі» деп атап кеткен. Дегенмен, серіктес елдердің басшылығы қатысқан алғашқы саммитке АҚШ тарабы бастамашы болып отыр. Және бұл Байденннің президент болғалы өткізген алғашқы саммиттерінің бірі болып есте қалды. Ақ үй де, халықаралық сарапшылар да бұл қадамның АҚШ пен Байден әкімшілігі үшін Қытай мәселесінің қаншалықты өзекті екенін анық көрсеткенін айтады. Мемлекет басшылары қатысқан жоғары дәрежелі кездесудің Қытайдың шамына тиері сөзсіз. Бұл келіссөз төрттіктің ортақ ісі мен анық мақсаты бар екеніне мөр басқанмен тең. Сондай-ақ бұл кездесу арқылы төрт ел Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы дипломатияның жаңа тарауын әлемге таныстырды десек те болады. Бұған Аустралия премьер-министрі Скотт Моррисонның кездесуді тарихи сәт деп атап, «Тәуелсіз, азат Үнді-Тынық мұхиты аймағын қолдайтынымызды көрсетеді» деген сөзі дәйек бола алады. Бірлестік құрылған алғашқы жылдары Аустралия билігі Қытай қаупіне аса алаңдаушылық білдірмей, Қытаймен дипломатиялық байланысын ушықтырмау үшін белсенділік танытпаған-ды. Алайда жылдар өте Қытайдың «төрттіктегі» елдермен байланысы шиеленісе түскені мәлім.

Онлайн жиында Үндістан, Жапония, АҚШ және Аустралия басшылары 2022 жылға қарай бір миллиард доза вакцина өндіруге келісті. Үндістанның өндірістік мүмкіндігін арттыру үшін АҚШ пен Жапония қаржылай көмек көрсетсе, Аустралия жеткізу бойынша логистикалық жәрдем беруге уағдаласты. Бұл жаһандық пандемиямен күреске бағытталған қадам ғана емес, Қытай вакцинасының аймақтағы ықпалын азайту екені сөзсіз. Сондай-ақ жиында үш түрлі жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Бірінші топ вакцина өндірісін жүзеге асыруды қараса, өзге екі топ климаттың өзгеруі мен жаңа технологияларды зерттеумен айналыспақ. Төрттіктің көшбасшылары жыл соңына дейін тағы бір бетпе-бет кездесу ұйымдастыруды ұйғарды.

Енді бұл кездесуге Қытайдың жауабы қандай болмақ? Сарапшылар Бейжің төрттіктің біреуіне қыр көрсетуі мүмкін екенін айтады. Дипломатиялық келіссөздің алдында АҚШ-тың бұл әрекетіне Қытай қалай қарайтыны белгісіз. Осыған дейін төрт елдің Үнді мұхитында өткізген әскери-теңіз флотының оқу-жаттығуына қатысты ресми мәлімдеме жасалмаса да, қытайлық БАҚ мұны ел қауіпсіздігіне төнген қауіп деп бағалаған. Қытай билігінің көзқарасы да бұл пікірге сай болуы әбден мүмкін.

Осы аптада Аляскада өтетін келіссөздің нәтижесін болжау қиын. Кездесуге АҚШ тарабын президент Байденмен бірге «төрттіктің» саммитіне қатысқан мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен мен Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан бастап баратыны белгілі. Қос державаның геосаяси бәсекелестігі соңғы жылдары ушыға түскенін тараптар жақсы біледі. Пандемиядан кейінгі дағдарыста арадағы жағдайды одан сайын шиеленістіру екі жаққа да тиімсіз. Сыртқы саясаттан бөлек, қос көшбасшының алдында қазір елдегі жағдайды, экономиканы тұрақтандыру міндеті тұр. Оған қоса, екі ел арасындағы сауда көлемі де ауқымды. АҚШ-тың халық санағы бюросының мәліметіне сәйкес, Қытай қаңтар айында 10-шы ай қатарынан АҚШ-тың басты сауда серіктесі болып келген және 2020 жылдың нәтижесі бойынша бірінші орынға тұрақтаған.

Одақтас елдер туралы айтар болсақ, Қытай да құр қарап отырған жоқ. Көршілеріміз Қытай мен Ресейдің серіктестігі нығайып, ынтымақтастығы одан сайын арта түскен секілді. Вашингтоннан қысым көрген қос ел күш біріктіріп, ортақ жобаларды жүзеге асыра бастады. Бүкілқытайлық құрылтайда Қытайдың СІМ басшысы Уаң И биыл Қытай мен Ресей арасындағы тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы келісімге 20 жыл толатынын айтып, келісім қазіргі жағдайға негізделіп жаңартылатынын жеткізді. Министр мұны екі ел қарым-қатынасындағы айтулы кезең деп атап, «біз үшін жаңа бастама» деді.

Сондай-ақ Ресей мен Қытай Ай орбитасында халықаралық ғылыми станциясын тұрғызу туралы келісімге келді. Бұл да АҚШ-тың NASA агенттігінің жобасына бәсекелес бастама деуге болады. «Роскосмос» АҚШ ғарыш агенттігінің ұсынысынан бас тартып, Қытайдың жобасына бет бұрып отыр.

Қытайдың сыртқы істер министрінің «екі ел коронавируспен, саяси вируспен де иық тірестіре күресті» деуі Қытай мен Ресей ынтымақтастығының шын мәнін аңғартса керек. Министр Уаң «Қытай мен Ресей бір-біріне стратегиялық қолдау, даму мүмкіндігі және жаһандық серіктес болуы керек. Бұл бір жағынан тарихи тәжірибе болса, екінші жағынан қазіргі жағдайдағы қажеттілік» деп атап өтті. Әлемдегі шекарасы ең үлкен және экономикасы ықпалды қос елдің серіктестігін өзгелер қалай қабылдар екен? Қытай мен Ресей басшылығының әрекеттерінен қалыптасқан пікір бойынша бұл «достықты» өркениетті елдер қауіпсіздікке қатер деп бағалауы да ғажап емес. Ал Орталық Азия үшін бұл нені білдіреді? Уаң мырза өз сөзінде ынтымақтастық «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен Еуразиялық экономикалық одақ аясында нығая түсетінін айтып кетті. Бұл байланыстың Қазақстанға да әсері болуы әбден мүмкін.

Сонымен, алдағы Аляска кездесуіне дейінгі жағдай осындай. Өз жақтастарын жинай бастаған АҚШ пен Қытай қордаланған мәселелерді қалай шешетінін, қандай келісімге келетіні таяу арада белгілі болады.