Руханият • 15 Наурыз, 2021

«Дәстүрім – асыл қазынам» қайырымдылық жобасы

554 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай және Қазақстанның ұлттық дәстүрлері мен мәдениеті айы аясында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Дәстүрім – асыл қазынам» атты қайырымдылық жобасын өткізді.

«Дәстүрім – асыл қазынам» қайырымдылық жобасы

Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің бастамасымен жүзеге асқан әлеуметтік маңы­зы зор қайырымдылық жобасы аясындағы іс-шараларды тамашалауға көп балалы отба­сылардың балдырғандары ша­қырылды. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдегендей, жаңа жоба Көрісу күнінің тәлім-тәрбиелік сипатын көрсетіп, өскелең ұрпаққа өнегесі мол туындыларды ұсынады. «Барша қазақстандықтарды ата-бабамыздың ежелден келе жат­қан мерекесі – Көрісу күні­мен құттықтаймын. Бұл мереке – барша жұрт бір-бірімен қа­уы­шып, жастар үлкендердің батасын алып, қыстан аман-есен шыққанын мерекелейтін күн. Біз де бүгін өсіп келе жат­қан жас балдырғандарға осы дәстү­рімізді көрсетудеміз. Барша қа­зақ­стандықтарға дүние жүзінде өр­шіп тұрған індеттен аман-есен өтейік деп тілегім келеді. Көрісу күні – достықтың, қайырымдылық пен жақсылықтың мерекесі. Сондықтан бүгінгі «Дәстүрім – асыл қазынам» атты жобаны біз көп балалы отбасылар­дан шық­қан кішкентай балдырғандарға арнадық», деді министр.

Жоба халқымыздың бұрыннан келе жатқан «Көрісу» дәстүрінен бастау алды. Көрісу дәстүрінің ерекшелігі мен тәрбиелік мәнін іс-шараға жиналған зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері түсіндіріп, жас балдырғандарға үлгі көрсетті. Бұл мерекені бала­лардың көзқуанышына айналдыру мақсатында шараға келген қонақтар барша балдырғандарға кәмпит, жент, құрт, ірімшік сынды ұлттық тағам­дардан тұ­ратын тәтті сыйлықтар жина­ғын табыстады. Қонақтар қа­тарында Сенат депутаты Нұр­төре Жүсіп, Мәжіліс депутаттары Бекболат Тілеухан, Азат Перуашев, Парламент Мә­жілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Дар­хан Мыңбай және Айгүл Мүкей, Мақсат Толықбай сынды белгілі тележүргізушілер мен танымал блогерлер болды.

«Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдоллаұлының айтуынша, Ұлыстың ұлы күні балалардың асыға күтетін мерекесі болып қалып­тасу керек. «Халқымыз бұ­рын­нан-ақ Көрісу күнін мейі­рімділік пен қамқорлық, бірлік пен келісім сынды мәңгілік құндылықтарды дәріптейтін мейрам ретінде тойлаған. Осыған орай, Наурыздың бастауы – Амал мерекесінде біз мейірімділік шуағы мен жүрек жылуын сыйлау дәстүрін бастадық. Бү­гінгі жоба соның дәлелі. Бұл жоба арнайы жас балдырғандар үшін ұйымдастырылып отыр. Балалар – еліміздің болашағы. Наурыз мерекесінің бастауы осындай дәс­түрге сай тойланып, балалар­дың санасына кіріксе, нағыз ха­лық­тық мейрамға айналады», деді ол.

Концертте «Астана сазы» мем­лекеттік фольклорлық ансамблі мен Құрмаш Махан, Ардақ Балажанова, Құмарбек Қалқатай, Дінисламбек Жайлау­бай, Гүлнәр Көшенова, Біржан Айтахметов, Айдана Қаржаубаева сынды бел­гілі әншілер өнер көрсетті. Кон­церттік бағдарламаға көрер­мен сүйіп тыңдайтын халық ән­дері мен заманауи танымал туындылар енген. Мерекелік ән мен күй ша­шудан кейін балдырғандар Нау­рыз көжеден дәм татып, «Астана мюзикл» мемлекеттік театры дайындаған «Наурызбектің оқиғасы» ин­терактивтік ертегі­сін тамаша­лады. Заманауи фор­маттағы қойылым жас балдырғандардың  ұлттық құнды­лық­тар мен фоль­клорлық мұраға қызы­­ғушы­лы­ғын арттыруға бағыт­талған.

Жоба отандық анимациялық фильмдердің көрсетілуімен аяқталды. Балалар «QAZAQSTAN»­ ОКЗ үлкен залында «Қазақфильм» АҚ ұсынған «Күл­­тегін» мультфильмін тама­шалап, көңілді уақыт өткізді. Іс-шара соңында балалар мен ата-аналар ұйымдас­тырушыларға өз алғыстарын жеткізді.

 

Соңғы жаңалықтар

Көлікпен дәулет құраған

Қоғам • Бүгін, 10:40

Әлжанның алтын медалі

Таным • Бүгін, 10:20

Ақылды келіншек

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 10:00