Премьер-лигаға қайта оралған «Ақтөбе» Ақтауда «Каспийге» қарсы ойнады. Бірінші таймда есеп ашылмағанымен, үзілістен соң алаңға енді ғана шыққан франциялық легионер Уаджди Сали 52-минутта айып добын керемет орындап, жергілікті жанкүйерлерді қуантты. Алайда көп ұзамай Максим Федин 11 метрлік нүктеден нысананы дәл көздеп, таразы басын теңестірді. Есеп – 2:2.
Қостанайда «Тобылы» Оралдың «Ақжайығын» қабылдап, қонақтар қақпасына жауапсыз екі доп салды – 2:0. Бұл голдардың авторлары – Азат Нұрғалиев (30-минут) пен Асхат Тағыберген (75-минут).
Ал Қызылорда «Қайсар» мен «Тараз» арасындағы матчтың бірінші кезеңінде бес гол соғылды. Елдос Ахметов (5-минут) пен Мақсат Байжанов (22-минут) қатарынан екі мәрте нысананы дәл көздегеннен кейін көрермендер қонақтар енді ес жия алмайтын шығар деп ойлады. Бірақ олар тым ерте қуанған екен. Үзіліске шыққанға дейін Абзал Таубай (25-минут), Абылайхан Жұмабек (36-минут) және Бауыржан Байтана (45-минут) мергендік танытып, «Таразды» алға шығарды – 2:3. Кездесудің соңына дейін бұл есеп өзгерген жоқ.