Білім • 15 Наурыз, 2021

Жоғары оқу орындары неліктен жабылады?

1110 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен сапасыз білім беріп жатқан жоғары оқу орындары жабылып жатыр. Бірақ соңғы уақытта аталған мәселеге қатысты қоғамда даулы пікірлер көбейіп кетті. Осыдан келіп көкейге күмән ұялатқан сұрақтар туады. Қысқартудың кесірін көріп қалмаймыз ба? Жалпы, университеттерді жабу қалай жүргізіліп жатыр? Нақты қандай критерийлер ықпал етеді?

Жоғары оқу орындары неліктен жабылады?

Сұрақтан сұрақ туады

Білім және ғылым министрлігі жақында Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің (ҚазМҮББУ) бас лицензиясынан айырылғанын мәлімдеді. Әлемді пандемия жайлағанда медицина мамандарының тапшылығына көзіміз жетті. Індетке қарсы күреске кейбір медициналық оқу орындарының студенттері де атсалысты. Осындай шырғалаң шақта дәрігерлерді даярлайтын университетті жабу қаншалықты тиімді?

Медицина мамандарын даярлаған ҚазМҮББУ сонау 1963 жылы КСРО
Министрлер Кеңесінің шешімімен ашылған екен. Кейін 2014 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен институт ҚазМҮББУ болып қайта құрылыпты. Үкіметтің қаулысымен құрылған оқу орны неге жабылды?

Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті былтыр ҚазМҮББУ білім беру қызметіне тексеру жүргізіп, нәтижесінде өрескел бұзушылықтарды анықтады. Жоғары оқу орнындағы бакалавриат, магистратура, докторантура, резидентура бағдарламасы бойынша оқу үрдісі қажетті профессорлық-оқытушылық құраммен және тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілмеген. Сонымен қатар университеттегі өзге де маңызды көрсеткіштер белгіленген ең төменгі нормаларға сәйкес келмейтін көрінеді. 2020 жылғы шілде айындағы тексеріс нәтижелері бойынша аталған университет лицензиясының күші тоқтатылып, анықталған заң бұзушылықтарды жоюға уақыт берілген. Алайда қайта тексеріс жүргізу кезінде ҚазМҮББУ комитеттің нұсқамаларын орындамағаны және заңнаманы өрескел бұза отырып, жұмысын жалғастырғаны белгілі болды. Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова бұл туралы: «Болашақ дәрігерлерге сапалы білім беру – адамдардың өмірі мен денсаулығының кепілі. Осы орайда біз сотқа жүгінуге мәжбүр болдық. ҚазМҮББУ-ді жабу мәселесін сот та, Білім және ғылым министрлігінің Комитеті де қарады. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысына сәйкес ҚазМҮББУ әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, ЖОО-ға айыппұл салынып, бас лицензиядан айыру туралы шешім шығарылды», деді.

Осы ретте оқытушылар мен студенттердің жайы алаңдататыны анық. Қызметкерлердің бәріне бірдей жұмыс табыла ма? Студенттердің ішінде грантпен оқитындар болса, қайтпек? Ал ақылы бөлімде оқитындардың оқу құны басқа университеттерге ауысқанда қымбаттап кетпей ме?

Міне, осыншама сұрақ туатыны заңды. Комитет басшысы Г.Көбенованың жауабына сүйенсек, еліміз бойынша 14 жоғары оқу орны болашақ дәрігерлерді даярлайды, оның бесеуі Алматы қаласында орналасқан. ҚазМҮББУ-де оқыған студенттердің гранттары сақталады және олар басқа ЖОО-ға ауыстырылады. Оқу құны өзгермейді. Сондай-ақ оқытушыларды жұмысқа орналастыру мәселесі жеке қарастырылып жатыр.

 

«Бас лицензияны алу туралы шешімі заңсыз»

Алайда ҚазМҮББУ бас заңгері Зәуре Ержанова оқу орнының жабылғаны туралы таратылған ақпаратты жалған және заңды күшіне енген соттың актісі болмай жатып жарияланған мәлімет деп отыр. Ал оқытушылар жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базамен де, ғылыми-оқытушылық құраммен де қамтамасыз етілгенін айтып, ел Президентіне тәуелсіз сараптама жүргізуді сұрап, үндеу жасады және олар министрліктің жұмыс тауып беретініне сенбейтін секілді.

ҚазМҮББУ профессоры Марат Рахманов журналистерге берген сұхбатында: «Лицензиясын алғаны мүлде дұрыс емес, қателік. Неге десеңіздер, 60 жылдық тарихы бар оқу орны институт болған, бүгінде – университет. Қазір мұнда 3,5 мың студент білім алады. Ал 500 адамдай оқытушылардың бәрі жұмыссыз қалғалы тұр», деді.

М.Рахмановтың әріптесі, профессор Раушан Бердалина: «Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтан университетке тәуелсіз сараптама жүргізуді қамтамасыз етуін сұраймыз. Осындағы мамандардың дәрежесі шынымен жете ме, жоқ па? Анықталсын. Біз институционалдық және мамандандырылған аккредитацияны 59 мамандық бойынша алдық. Яғни 2015 жылы ҚазМҮББУ Алматыдағы дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру ұйымының базасында қайта құрған кезде магистратура, докторантура, медицина, қоғамдық денсаулық сақтау саласы бойынша барлық аккредитацияны біздің ұжым Білім және ғылым министрлігінен өз күшімен қорғап алды. Министрліктің ісі мен шешіміне күмәніміз бар. Бұл – отандық медицинаға жасалған қиянат», деді.

Аталған университеттің бас заңгері З.Ержанова: «Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің лауазымды тұлғалары процессуалдық нормалар бойынша заң бұзушылықтарға жол беріп отыр. Тексеру алдын ала ескертусіз жасалды, тексеру қорытындысымен танысуға мүмкіндік бермеді. Қазіргі уақытта барлық арыз-шағым сот талқылауында жатыр. Бұл бойынша әлі ешқандай сот шешімі шыққан жоқ, тиісінше заңды күшіне енбеді. Министрліктің білім беру саласында рұқсат беретін бас лицензияны алу туралы шешімі заңсыз деп санаймыз. Осы күнге дейін анықталды делінген заң бұзушылықтардың барлығы түзетілген, ал комиссия мүшелеріне барлық тиісті құжаттар берілген болатын. Алайда бізге түсініксіз себептермен комиссия оның ешқайсысын назарға алмай жатыр», деді. Алдағы уақытта аппеляцияға, кассациялық шағым беруге құқығы барын және университеттің заңды жұмыс істеп жатқанын Жоғарғы сотқа дейін барып дәлелдеуге дайын екенін мәлімдеді.

Жабылса да жұмысын жалғастырып жатыр

Былтырғы қазан айында Білім және ғылым министрлігі М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын бас лицензиясынан айырған болатын. Аталған академия басшысына хабарластық, ректоры министрлікке іссапармен кетіпті. Ал проректоры Сейдулла Сейдіметұлы студенттердің жайы мен оқытушылардың жұмыссыз қалған-қалмағаны жөнінде ректордың рұқсатынсыз ешқандай ақпарат таратпайтынын айтты, бірақ өзі басшысының нөмірін бере алмады. Осыдан-ақ ақпараттық ашықтықтың жоқ екені анық байқалды. Дегенмен, проректор сөз арасында жұмыстың бұрынғыдай жалғасып жатқанын жеткізді. Бұл қалай? Осы сұрақты жауапты ведомствоға Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жоғары білімге қатысты брифингте қойып көрдік. Алайда Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова сауалымызға нақты жауап бере алмады. Десек те ондағы оқытушылардың тиісті оқу сағаттарымен қамтамасыз етілгенін, студенттердің оқу ақысы мөлшерін өзгертпей, грантын сақтап, өзге университеттерге ауысқанын айтты.

Осыған дейін министрлік академияда жыл бойы тексеріс жүргізгенін, білім беру саласындағы өрескел бұзушылықтар анықталғанын хабарлаған-ды. Аталған бұзушылықтар жөнінде комитет басшысы Г.Көбенова: «Оқу процесі профессорлық-оқытушылық құраммен, өндірістік практика базаларымен, оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етілмеген. Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің сұранысына толық сәйкес келмеді, бұл түлектердің жұмысқа орналасуына да әсер етті. Сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген рейтинг бойынша академияның білім беру бағдарламаларының шамамен 60%-ы жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмейді», деген еді.

Оған қатысты университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Андрей Иванов: «Барлық көрсеткіш талапқа толық сәйкес келеді. Оған бірталай рейтингте көш бастап тұрғанымыз дәлел», деп жауап берген болатын. «Қазақстан темір жолы», «Қазақтелеком» сынды ірі компанияларға маман даярлап келген академияның сайтына Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігінің (БСТҚА) куәлігінің түпнұсқасы салыныпты. Онда «2018-2019 оқу жылында «М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы» АҚ бакалавриат, магистратура және докторантура білім беру деңгейлері бойынша 5 жыл мезгілге БСТҚА қайта институционалдық аккредитациялаудан өтті», делінген. Ал сол «Аккредиттеу және рейтинг» айдарындағы ақпаратта 2019-2020 оқу жылында академияның 43 білім беру бағдарламасы бойынша бакалавриаттың – 16, магистратураның –
22, докторантураның 5 мамандандырылған аккредитациядан өткені көрсетіліпті. Сонда қалай болғаны?

 

«Білім сапасын оқу орнын жауып арттыруға болмайды»

Білім және ғылым министрінің жоғары білім беру бойынша орынбасары Мирас Дәуленов жуырда осы жағдайға байланысты: «Білім сапасын жоғары оқу орындарын жауып қана арттыруға болмайды. Бұл – басты мақсат емес. Өкінішке қарай, біз осындай түбегейлі шаралар қабылдауға мәжбүрміз», деді. Неге? Мұның бір себебін вице-министр: «Бұған дейін ЖОО тарапынан жіберілген ең өрескел бұзушылықтардың ғана бетін ашқан болатынмын. Енді кейбір ЖОО-ның тексеруден өтуі үшін қандай амалдарға баратынын көрсеткім келеді. Бірінші, тексеру алдында студенттерді, оның ішінде шетелдік студенттерді жаппай оқудан шығару. Ал тексеруден кейін барлық студенттер аман-есен оқуға қайта қабылданады, тек олар оқудан шығарылғанын білмейді. Жоғары оқу орнының 1 күнде 800-1000 студентті бірден оқудан шығарғаны туралы мысалдар бар. Бұл оқытушылар саны аз болса да студенттердің шағын контингентін оқытуға жеткілікті екенін немесе әдебиеттер, жабдықтар санының аздығы сол студенттер санына жететінін көрсету үшін жасалады. Мұндай ЖОО-да студенттердің жаппай көші-қоны шарықтау шегіне жеткен. Бірінші курсқа 200 студент қабылданады, ал 900-і бітіреді», деп түсіндірген.

Министрлік өкілінің айтуынша, тексеру кезінде жұмысқа орналасу деңгейінің жоғары екенін көрсету үшін ЖОО БЖЗҚ-ға түлектер үшін ең төменгі төлем жасайтын жағдайлар жиі кездеседі. Басқа университетте штатта істейтін оқытушылардың құжаттары ұсынылған. Оқытушылардың арасында тіпті өздерін өзге университетке тіркегенін білмейтіндер бар. Яғни тексеруден бұрын ұйым басшысы жұмысқа қабылдау туралы, ал тексеруден кейін жұмыстан босату туралы бұйрық шығарады. Бұдан бөлек кейбір ЖОО кітапханасы тек тексеру алдында ғана толықтырылады екен. Басқа ЖОО-ның мөрі тұрғанынан-ақ оның уақытша «қарызға» алынғаны белгілі.

Сөзінің соңында М.Дәуленов: «Сөзіме тұздық болу үшін мынадай мысал келтірейін: ұсынылған әдебиеттер, мәселен, құқықтық пәндер тізімінде 10 жыл бұрын күшін жойған нормативтік-құқықтық актілер көрсетіледі, оқу нәтижелерінде «Банктер мен банк қызметі туралы федералды заңды білу» деген де жазулар бар. Енді осы ЖОО қандай заңгерлерді шығаратыны туралы ойланып көріңіз және сіз өз тағдырыңызды шетелдік заңнаманы біліп (бұл да күмәнді) өзіміздің заңнамадан хабарсыз заңгерлерге сеніп тапсыра аласыз ба?!», депті. Салмақты сауал.

Осыдан соң қанша жерден аты дардай, тамыры тереңде жатқан ЖОО болса да Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Мен дипломды оңды-солды үлестірумен айналысатын білім мекемелерін жабуды тапсырған болатынмын. Білім беруді табысты бизнеске айналдырған ықпалды адамдардың қарсылығынан бұл жұмыс баяу жүруде», дегеніне сенбеске шара жоқ. Бірақ дипломды жекеменшік ЖОО ғана үлестіре ме? Жақында ғана Алматы қаласындағы ұлттық университеттің бірінде алынған дипломның жалғандығы жөнінде ақпарат алдық. Алайда диплом иесінің әлі өз ісін толық шешпегендіктен, әзірге ашып айта алмаймыз. Соған қарағанда, оқу орындарын деңгейіне қарамастан тексеру керек секілді.

Иә, жабылған ЖОО жанайқайына министрліктің өз уәжі бар. Сонда ақиқат кімнің жағында? Мұның жауабын әділ сот қана білер, содан соң уақыт берер. Ал әзірше қандай да бір шешім шығаруды оқырманның өз «сотына» қалдырдық.