Өнер • 16 Наурыз, 2021

Дәуір дауысы

732 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алшаңдап басқан, аршындап шапқан Алаш баласының басынан талай ғасыр аунаса да көмейінен шыққан күмбір уақыт құлағында мәңгі қалды. Құзғын жылдар тұяққа басқанымен қазақтың қоңырау үні құмығып шыққан емес. Ұлы даланың уысында еркін көсілді, еркіндікті еншіледі. Тарих тақтасына жазылған жақұт жазбалар баба рухының асқақтығын айғақтады. Ұлысты ұрпақ соған қарап ұрдажық дәуірді кескіндеді. Болашақ қолындағы қалам тербелді, қылқалам сөйледі. Бұл сурет – соның бірі.

Дәуір дауысы

Тәуелсіздікті мойнына тұ­мар қылып таққан қазақ ба­ласының қиялына қанат бі­тірген, қадамына құт да­рытқан бір құдірет болса, ол – баһадүр ба­баларымыздың даңқ­ты жолы. Сол жолмен қайта жүру мүмкін болмаса да, дәуір бет-бейнесін заман ыңғайына сүйеніп, әр­кім әртүрлі ой ке­ңіс­тігінде бей­­нелейді. Мұн­дағы «Ға­сыр­лар үні» картинасы біздің сол пікірімізді үстеп тұрғандай. Ав­­торы – Суретшілер ода­ғы­ның мү­шесі, Қазақ КСР-інің Ш.Уә­лиханов атындағы Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты Бәтима Зәуірбекова. Суретші оқырманға дәуір дауысын жет­кізуге оқталған.

Оның қолынан қазақ­стан­­дық, шетелдік музейлер мен жеке коллекцияларда сақтаулы тұрған гобелен, кескіндеме жә­не графикалық (портрет, пей­заж, натюрморт, абстрактілі ком­­позиция­лар) жанрдағы 300-ден астам туынды шықты. Бұлардың бәрі ұлтымыздың ру­хания­тына құйылған жауһар жәдігерлер. Біз осы ретте оқыр­ман назарына тарихқа астар болған тамаша туындысын ұсы­нып отырмыз.

Қылқалам шебері «Ғасыр­лар үні» шығармасында қо­ла дәуіріндегі атақты там­ға­­лы петроглифтеріндегі кө­не бейнелер символын ұтым­­ды пайдаланған. Мұнда Қа­зақ­стан аумағын мекен ет­кен ха­лықтармен байланыс анық байқалады. Біз кенеп бетінде түс­тер мен пі­шіндердің ойнатылуынан туған әйел, Күнбасты құ­дай, балбалдардың пішіндері ар­­қылы ежелгі дәуірдің дауысын естиміз.

Туынды ара-арасында ыр­ғақты әшекейге ауысатын жо­ғарыдан төмен түскен сәу­ледей сызықтардың майлы бояу гаммасымен орындалған. Кар­тинаның кеңістігі түстік нәзік градациялармен ауыстыры­ла­ды. Фондық тік сызық­тар ком­позициядағы басты бей­не­лердің нобайын жасауда ерек­ше рөл атқарып тұр.

Картина символизм сти­лінде жазылған. Суретші жасырын үндеуді, аллегорияны, тіпті терең философиялық не­месе мистикалық мәнді шифр­­ларды қолданған. Олар көрерменді терең ойлануға, сюжетті жеңіл қабылдаудан бас тартып және автор ойы­ның нағыз түйінін табуға итермелейді.

Қазақ халқының мәдени бұлақтарынан сусында­ған Б.Зә­уір­бекованың шығар­ма­шы­лығы біздің халқымыздың әсем дүниетанымымен таныстырып, ұлттық сана-сезімді сақтауға көмектеседі.