Оқиға • 16 Наурыз, 2021

Қазақ баласы Grammy сыйлығын алды

625 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бірнеше ай бұрын қазақстандық музыкант Иманбек Зейкеновтің (Imanbek) Saint JHN орындайтын «Roses» әніне жасаған ремиксі америкалық дыбыс жазу өнері және ғылым академиясы ұйымдастыратын «Грэмми» сыйлығына ұсынылған еді. «Roses (Imanbek Remix)» трегі «Best Remixed Recording» номинациясы бойынша «Грэмми» премиясын жеңіп алды. Айта кетейік, Иманбек – «Грэмми» алған алғашқы отандасымыз.

Қазақ баласы Grammy сыйлығын алды

Осыған орай Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық Иманбек Зейке­новке аса беделді Grammy музы­калық сыйлығының табыс етілуі жөніндегі жаңалықты зор қуа­нышпен қабылдады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хат­шысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында жазды. «Өзінің таланты мен мақсат қоя білуінің арқасында диджей Imanbek әлемдік шоу-бизнестің басты сыйлықтарының бірін иеленді. Оның шығармашылығы қазақстандық жастардың да ең биік шыңдарды бағындыра алатынын дәлелдеді. Президенттің атынан Иманбекті осы жарқын жеңісімен құттықтаймын және жаңа шығармашылық табыстар тілеймін!», делінген жазбада.

Еске сала кетейік, «Egemen Qazaqstan» газеті алғашқылардың бірі болып жас өнерпаздың дарынына ерекше қызығушылық білдіріп, үн қосқаны, 2020 жылдың 18 қыркүйектегі санында «Иманбектің иірімдері» атты мақала жарық көргені оқыр­мандардың есінде болар.

Кешегі сүйінші жаңалық атал­ған сыйлықтың Twitter парақ­шасында хабарланды. 21 жас­тағы танымал рэпер 63-рет ұйым­дастырылған Grammy жүлдесі үшін бақ сынасқан төрт үміткердің ішінен қара үзіп шыққан. Сыйлықты алған сәтінде ол ең алдымен ата-анасына, командасына, менеджеріне және Grammy қазыларына алғысын жеткізеді. Өз жазбасында: «Әр музыканттың шығармашылық жолындағы ең керемет сәт – Grammy сыйлығын иелену. Біз осы жетістікке қол жеткіздік», деді музыкант.

Жуырда көпшілікке диджей ретінде танылған жерлесіміз Imanbek Rita Ora және David Guetta сияқты әлемге әйгілі му­зыканттармен бірге ән жазған болатын. Өзінің айтуынша, ол ән әрлеуді жергілікті диджейлер мен продюсерлерден және Youtube желісіндегі видеосабақтардан үйренген.

2019 жылы Иманбек рэпер Saint Jhn-ның Roses деген әнін байқап, оны билеуге ықшамдап ремикс жасаған. Ремикс өте жылдам қарқынмен танымал бола бастады. Дүние жүзіндегі біршама чарттарда болды. Ремикс YouTube-те 145 миллионнан аса қаралым жинаған.

The New York Times басылымына сұхбат берген Иманбек ата-анасымен бірге Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласында тұрады.

Кейінгі жылдары ән өнері мен кино саласындағы ел та­лант­тары әлемдік аренада жиі топ жарып жүр. Асқақ үні­мен жер-жаһанды тамсан­дыр­ған әлемдегі ең таны­мал қазақ­стандық Димаш­тың өзі бір төбе. Канн кинофес­ти­валін­де ең үздік әйел рөлі үшін мара­патталған Самал Есля­мованың жұлдызды жеңісін де ұмыта қойған жоқпыз. Қа­зақ өнерінің деңгейін көте­ріп, мәртебесін асыратын өнер­паздар көп болсын дейміз.