Білім • 16 Наурыз, 2021

Білім мен ғылымның алдында жаңа міндеттер тұр

788 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұдан былай мұғалімдер жұмысқа конкурс арқылы қабылданады. Педагогтерге және педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттерге қашықтан білім берудің әдіс-тәсілдері оқытылады. Жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысын арттыру жұмыстары жалғасады. Президенттің тапсырмасы бойынша жыл сайын 500 жас ғалым шетелдердегі үздік ғылыми мекемелерде тағылымдамадан өтуге жіберіледі. Білім мен ғылым саласындағы осы және өзге де өзгерістер, атқарылған істер, алдағы міндеттер жөнінде жауапты министрліктің алқа отырысында айтылды.

Білім мен ғылымның алдында жаңа міндеттер тұр

Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен отырысты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында педагогтердің еңбек жағдайы жақсарып келе жатқанын жеткізуден бастады.

«Педагогтерді міндетіне жатпайтын жұмыстарға, есептілікке тартуға жол бермеу шаралары қабылданды. Барлық облыста Педагогтердің құқық­тарын қорғау жөніндегі кеңестер ашыла бас­тады. Биыл осы жұмысты соңына дейін жеткіземіз. 2024 жылға қарай Мемлекет басшысының берген тап­сырмасы шеңберінде педагогтердің жалақысы 2 есе көбейеді. Кешенді шаралар мектептерді кәсіби кадрлармен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Педагогтерді жұмысқа қа­былдау енді конкурс арқылы, нақты біліктілік көрсеткіштеріне сәйкес жүр­­гізіледі және біз оны электронды фор­матқа көшіреміз», деді А.Аймағам­­бетов.

Пандемияның кесірінен мектептердің басым бөлігі қашықтан білім беруге көшті. Мұғалімдер мұндай тосын жағ­дайға кәсіби тұрғыда толық да­йын болмады. Осыған орай министрлік педагогтерді қысқа мерзімді курстан өткізді.  Бұл курстар әлі жалғасын табады. Министрдің мәлімдеуінше, қашықтан оқытудың әдіс-тәсілдері бойынша педагогикалық университеттерде педагог мамандарын дайындағанда міндетті пән мен міндетті модуль енгізіледі және біліктілікті арттыру курстарында да осы мәселе бойынша тиісті модуль қосылады.

Ведомство басшысы А.Аймағамбетов сөз арасында балабақшаларға қатысты бір мәселені шешу міндетіне де тоқталып: «3 пен 6 жастағы балаларды оқу және тәр­биемен қамту көрсеткіші 98,8 пайызға жетті. Десек те 2-ден 6 жасқа дейінгі ба­лаларды қамту деңгейі әлі де 71%-ды құрайды. Сондықтан жекеменшік бала­бақшаларды дамытуды ынталандыру үшін біз ваучерлік тетікті дайындап жатырмыз. Оны биыл қанатқақты режімде бастап, келесі жылы толығымен барлық жүйеге енгіземіз», деді.

Елімізде «Тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы жалғасады. Кол­ледж­дерге де академиялық дербестік беріледі. 9 сыныптан кейін колледжге оқуға түскен студенттер үшін оқу мерзімі бұрынғыдай 3,5 жыл емес, 2 жылға дейін қысқарады. 11 сыныптан кейін колледж­ге түскендер үшін оқу мерзімі 2,5 жыл емес, 1,5 жылды құрайды.

Ал жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде биыл атқарылған ең негізгі жұмыс – грант құнының 340-420 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін ұлғайтылуы болды.

«Бұл өз кезегінде университеттерге материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға және оқытушылардың жала­қысын көтеруге мүмкіндік берді. 2019 жылы қыркүйекте министрлікке қарасты ЖОО-да педагогтердің жалақысы 20%-ға көтерілсе, 2020 жылы қыркүйек айында тағы 20%-ға көтерілді. Әлі де біз бұл жұмысты жалғастыруымыз қажет», деді А.Аймағамбетов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағы­лым­дамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1 мың грант бөлуді тапсырған еді. Министр А.Аймағамбетов алқа отырысында бұл тапсырма туралы: «Тағылымдама бойынша «Болашақ» халықаралық орталығы айналысады. Сонымен қатар «Жас ғалым» жобасымен 1 мың грант бөлуді жүзеге асыру үшін тиісті қаржы бөлінді, бұл жұмыс ұйымдастырылады», деді.