Бәсеке Шымкент қаласында 9-15 наурыз күндері өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен үздік гимнастшылар қатысты.
Нұр-Сұлтан қаласының командасы жалпы есепте бірінші орын иеленді.
Топтық жарыстарда 1 разряд, спорт шеберлігіне кандидаттар және спорт шеберлері арасындағы көпсайыс, 5 доп, 5 таспа сайыстары бойынша елордалық бұрымдыларға шақ келер ешкім болмады. Меруерт Балғынбаеваның шәкірттері тұғырдан көрініп, алтын жүлделерді жеңіп алды. Спортшыларымыз топтық жаттығуларда жоғарыда аталған бағдарламалардың қорытындысы бойынша тоғыз алтынмен жарыстың абсолютті чемпионы атанды.
Ал жекелей сында Ақмарал Ерекешева бес бағдарламада топ жарып, бес бірдей алтын жүлдені иеленді. Сабина Бақатова көпсайыста үздіктер қатарынан көрініп, елорда қоржынын тағы үш алтынмен толтырды. Амина Рахат екі күміс, екі қола жүлдені иеленсе, Эрика Жайлауова бір алтын, екі күміс, бір қола жүлдеге қол жеткізді.
Жекелей сында қыздарымыздың нәтижелері мынадай:
Айым Мейіржанова – бір алтын, бір күміс, екі қола;
Аружан Укошева – күміс;
Адиля Тілекенова – екі күміс.
Нұр-Сұлтан қаласының № 1 БЖМОРСМ-нің көркем гимнастикадан аға жаттықтырушысы Меруерт Балғынбаева шәкірттерінің өнеріне жоғары баға берді.
«ҚР V жастар ойындары жоғары кәсіби деңгейде ұйымдастырылды. Біздің спортшылар спорт басқармасының жүктеген міндеттерін ойдағыдай орындап шықты. Нұр-Сұлтан қаласының командасы үлкен ұпаймен 15 команда арасында 1 орынға ие болды. Гимнастарды жарыстарға дайындауға көмектескені үшін жаттықтырушылар мен төрешілерге, сондай-ақ бірыңғай спорттық киіммен қамтамасыз еткені үшін Спортты дамыту дирекциясына алғыс айтқым келеді», деп атап өтті Меруерт Балғынбаева.
Естеріңізге сала кетейік, V Жастар ойындары тамыз айына дейін жалғасады. Еліміздің барлық өңірнен жиналған спортшылар 36 спорт түрі бойынша сынға түседі.