Қазақстан • 16 Наурыз, 2021

Аида Балаева Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссия сессиясында баяндама жасады

32 рет көрсетілді

2021 жылғы 15-26 наурыз аралығында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ Штаб-пәтерінде «гибридті форматта» Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссияның (ӘЖК) 65-ші сессиясы өтуде. 

Сессия тақырыбы – «Әйелдердің қоғамдық өмірге және шешімдер қабылдауға жан-жақты және тиімді қатысуы, сондай-ақ гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін зорлық-зомбылықты жою және әйелдер мен қыздардың рөлін күшейту».

Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссияның (ӘЖК) 65-ші сессиясы шеңберінде Министрлік дөңгелек үстелінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бейнебаяндама жасады. Өз сөзінде А. Балаева қазақстандық әйелдердің қоғамның экономикалық және саяси өміріндегі рөлі және олардың жан-жақты дамуы үшін жасалып жатқан жағдайлар туралы айтып берді. Министр ерлер мен әйелдерді тең жұмыспен қамтуға қол жеткізу, гендерлік ағартуды ілгерілету, ауылдағы әйелдерді қолдау, балалар мен әйелдерге қатысты отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін үнемі мемлекет шаралар қабылдап отырғандығын жеткізді.

«2023 жылға дейін Министрлік өңірлер, қалалар мен аудандар бөлінісінде жұмыспен қамту, барлық әйелдердің базалық әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігі, мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары бөлігінде гендерлік қажеттіліктер картасын әзірлеп, қолданысқа енгізетін болады», деп атап өтті Аида Балаева.

Мәселен, 2020 жылы Қазақстанда заңға түзетулер енгізілді, онда партиялық тізімдер кемінде 30%-ға әйелдер мен жастардан тұруы тиіс деп жазылған.

«Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарды атқаратын әйелдердің үлесі шамамен 40%-ды, сот органдарында – 53%-ды, қоғамдық кеңестердің қызметінде – 27,2%-ды құрайды», деді А.Балаева.

Сондай-ақ ӘЖК 65-ші сессиясының жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Л.Рамазанова, ҚР Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев қатысуда.

Жалпы, дөңгелек үстел жұмысына әлемнің 20 елінің өкілдері қатысты. Олардың ішінде: Колумбияның вице-президенті Марта Лусия Рамирез, Италияның Тең мүмкіндіктер және отбасы министрі Элена Бонетти, Кенияның Мемлекеттік қызмет және гендер министрі Маргарет Кобия, БАӘ Қоғамдық даму министрі Гесса Бинт Эсса Бухумайд және басқалар.

Естеріңізге сала кетейік, Әйелдердің жағдайы жөніндегі Комиссия — БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік Кеңесі жанындағы қосалқы құрылымдардың бірі. Комиссия 1995 жылы Әйелдердің жағдайы жөніндегі дүниежүзілік конференцияда қабылданған Бейжің іс-қимыл тұғырнамасында айқындалған проблемалардың прогресін қадағалайды. 

Соңғы жаңалықтар

6 өңір «жасыл» аймақта тұр

Коронавирус • Кеше

Депутатты пышақтап кетті

Әлем • 15 Қазан, 2021

Шетелдік вакциналар ақылы болады

Коронавирус • 15 Қазан, 2021

Қазақстанда ревакцинация қалай өтеді?

Коронавирус • 15 Қазан, 2021

Ұқсас жаңалықтар