Парламент • 16 Наурыз, 2021

Мәжілісте техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға арналған кеңейтілген отырыс өтті

366 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелері: білім беру процесін жаңарту және колледждерді материалдық-техникалық жарақтандыру» атты бейнеконференция форматында кеңейтілген тақырыптық отырыс өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжілісте техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға арналған кеңейтілген отырыс өтті

Іс-шараны ашқан Мәжілісі Төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева қазіргі уақытта техникалық және кәсіптік білім беру кадрларын, NEET санатындағы жастарды, аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан балаларды және ауыл жастарын даярлауға 2020-2021 жылдарға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту жөніндегі Жол картасы іске асырылып жатқанын айта келіп: «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» 2025 жылға қарай барлық тілек білдірушілерді ақысыз техникалық және кәсіптік білім берумен қамту 100%-ға жету қарастырылған. Бұл үшін республикалық бюджеттен қосымша 50 мың орынға мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайтуға қаражат көзделіп отыр. Бұл шаралар негізгі мектептен кейін жұмысшы мамандықтарға ғана емес, орта буын мамандықтарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге, халықтың әлеуметтік осал санаттарындағы балалардың мамандық алуына мүмкіндік береді», деді вице-спикер.

Отырысқа Мәжіліс депутаттары, Білім және ғылым вице-министрі Б.Асылова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Е.Оспанов, Денсаулық сақтау вице-министрі А.Ғиният, облыстар және республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, колледждердің, үкіметтік емес ұйымдардың және БАҚ өкілдері қатысты.

Сонымен қатар кеңейтілген тақырыптық отырыста елдегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің ағымдағы жай-күйі, дамытудың өзекті мәселелері, сондай-ақ оларды одан әрі шешу жолдары жан-жақты талқыланды.

Айта кету керек, бүгінгі таңда елімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жан-жақты дамуына ерекше назар аударылуда. 2017 жалдан бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырылуда. Осы жоба аясында жыл сайын 21 мың жас жұмысшы мамандықтарын иегеруде.

Аталған жобамен «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен 2017 жылдан бастап 300 мыңнан астам адам қамтылды. Олардың 80%-ы халықтың әлеуметтік осал топтарынан, NEET санатындағы жастар үлесінің деңгейі 9,5%-дан (2016 ж.) 7%-ға дейін (2019 ж.) төмендеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында техникалық және кәсіптік білім беруде академиялық дербестікті енгізу, жан басына шаққандағы қаржыландыруды жетілдіру еңбек нарығының болашағын ескеру қажеттігіне назар аударды.

Осыған орай, «ТжКБ бар кадрларды, оның ішінде NEET санатындағы жастарды, аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан балаларды және ауыл жастарын даярлауға 2020-2021 жылдарға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту жөніндегі» Жол картасы іске асырылуда. Оның аясында мемлекеттік тапсырысты жергілікті бюджеттен жыл сайын 2% -ға ұлғайту жоспарланып отыр.

Биылдан бастап ТжКБ-ға колледждерге қабылдаудың жаңа форматы «Ақша студентпен» қағидаты бойынша енгізілуде. Осыған байланысты, колледждерге мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға қабылдау білім туралы (аттестат, куәлік) құжаттың міндетті және бейіндік пәндерінің бағалары бойынша жүзеге асырылады.

Отырысты қорытындылаған Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Ж. Нұрманбетова жиындай айтылған ұсыныс-пікірлер негізінде ұсынымдар әзірленіп, Үкіметке жолданатынын айтты.