Содан бері 122 жыл өткенімен, қазыналы аймақтан мұнай өндіру ісі әсте толастаған жоқ. Көмірсутекті шикізатының молдығымен әлемге әйгіленген «Теңіз», «Қашаған» секілді жаңа кен орындары игеріліп жатыр.
Тіпті бұл өңірге табан ізі тимеген жұртшылықтың арасында да, биік-биік мінберлерден жүрек тебірентер жалынды сөз айтатын шенеуніктердің ұғымында да «Атырау – мұнайлы астана» деген түсінік қалыптасқан. Алайда бұл өңірде әлеуметтік мәселелердің түйіні толығымен тарқатылды дегенді білдірмесе керек.
Өзге өңір тұрғындары үшін мұнайлы өңірде барлық әлеуметтік мәселе шешімін тапқандай көрінуі мүмкін. Десек те, Атырауда да бүгінгі өркениеттің игілігі – ауыз сумен, электрмен қамтамасыз етуде қордаланған қиындық әлі де бар. Көңілге қонымды жалақысы бар жұмыс іздеген ауылдағы ағайынның облыс орталығына қоныс аударуымен тұрғын үй кезегіне тұрғандар көбейді. «Көгілдір отын» қызығын көрмей, қидың қызуымен пеш жылытып, тамақ пісіріп отырған ауыл тұрғындарының жаны сірі ғой, шіркін! Ал апатты үйдің азабын тартқандар ше?
Мәселен, Атырау қаласында көп қабатты 67 үй апатты деп танылып отыр. Ал алғашқы мұнай тамшысы алынған Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласының орталығындағы апатты үйдің 30-ға жуық тұрғыны облыстық әкімдікке шағым айта келді. Олар 1988 жылы бой көтерген бес қабатты 60 пәтерлік үйде тұрады. Пайдалануға берілгеннен бері бірде-бір рет жөндеу жүргізілмеген, үйде тұру мүмкін емес.
– Біз тұратын үй 2018 жылы апатты деп танылды. Содан бері басқа баспанаға көше алмай отырмыз. Себебі, Құлсары қаласында бастапқы нарықтағы тұрғын үй жоқ. Ал, жергілікті әкімдік оны екінші нарықтан өзімізге табуды ұсынды. Келіссөздерден кейін әкімдік 1 бөлмелі пәтерге – 4 млн, екі бөлмелі пәтерге – 6 млн, үш бөлмелі пәтерге – 8 млн, 4 бөлмелі пәтерге 10 млн теңге бөлетін болып еді. Шындығында, Құлсарыда да тұрғын үй бағасы қымбаттады. Бірақ қолжетімді бағаға тұрғын үй іздей бастадық. Тұрғын үй сатушылармен саудаластық. Кейбірі жетпей қалған сомаға несие алды. Құжаттарымызды тапсыра бастадық. Алайда бәрі біз ойлағандай болмады, – дейді апатты үй тұрғындарының бірі Жадыра Арыстанғалиева.
Оның айтуынша, жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері ұсынылған тұрғын үйдің бағасына зерттеу жүргізіпті. Содан соң аудандық әкімдікке бюджет қаржысын үнемдеу туралы ұсыныспен хат жолдапты.
– Олар әр пәтерден 1 млн теңге үнемдеуді ұсынған. Ал 3 млн теңгеге бір бөлмелі пәтерді қайдан табамыз? Бұл – ақылға қонбайтын баға. Біз – Құлсары қаласындағы 60 пәтерлік №27 үйдің және вокзал маңындағы 16 пәтерлік үйдің тұрғындарымыз. Үйлеріміз апатты деп танылды. Бұрын шағымданған жоқ едік. Үйдің апатты деп танылуын сегіз жыл күттік. Пәтеріміз суық, қабырғалары құлайын деп тұр. Кішкентай балалары бар отбасылар амалсыздан басқа үйді жалдап тұрып жатыр, – дейді Ж.Арыстанғалиева. – Біз аспандағы айды сұрап тұрған жоқпыз ғой. Дұрыс жағдайда өмір сүргіміз келеді.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Жәнібек Қаражановтың мәлімдеуінше, ақпанда Жылыой аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жариялаған мемлекеттік сатып алуларға мониторинг жүргізілген. Алайда ашық конкурста сатып алынатын 50 пәтердің бағасы нарықтық құнынан жоғары болып шыққан. Соған орай әкімдікке тиісті хат жолданып, бағаларды қайта қарау ұсынылған.
Мұндай апатты үйдің азабын көріп отырған тұрғындар Мақат ауданында да бар. Мұнайшылар кенті атанған Доссорда жарты ғасыр бұрын салынған апатты үйдің іргетасы шөгіп, шатыры ұшып кеткен. Соның кесірінен үй ортасынан екіге бөлініп тұр. Осы үйде Асылтек есімді азаматтың отбасы үш жылдан бері тұрады. Бес баласы бар отбасы 25 шаршы метрді паналауға мәжбүр болып отыр. Өйткені бұдан басқа барар жердің ретін таба алар емес.
Тозығы жеткен үйдің қақ айырылған қабырғасын таспен қалап, пена құйып қойған. Балшықпен сылап, жөндеу жасағандай болғанымен, қаупі сейілер емес. Себебі шатыры тесіліп, электр желісі әбден тозған. Жиі тұйықталған электр желісіндегі өрттің кесірінен теледидары мен тоңазытқышы істен шығыпты. Арнайы жуынатын бөлмесі жоқ.
– Жаз кезінде қорлықты жарқанаттан көретін болдық. Өйткені қабырғаның жарығынан түнде жарқанат кіреді. Таң атқанға дейін балаларымызды қорғау үшін жарқанатпен алысамыз, – дейді Асылтектің жары Жаңыл Аяпбергенова.
Ал Мақат ауданының орталығы – Мақат кентіндегі апатты үйдің бірінің бой көтергеніне 94 жыл болыпты. Оны ХХ ғасырдың екінші онжылдығында мұнай іздеуге келген ағылшындар тұрғызған. Тұрғын үйдің жартысы құлап қалған. Қазір мұнда қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады.
– Бұл үй 1927 жылы салынған ғой. Бұған 1981 жылы көшіп келдім. Үйге қосымша бөлме салып алдық. Екі бөлмесі құлап жатыр. Әкімдік «тұрғын үйді келесі жылғы желтоқсанда береміз» дейді. Оған дейін тұра беруіміз керек екен. Апатты үйде қанша жыл тұрамыз? – дейді зейнеткер Нағима Сәкетова.
Өңірде апатты үйлер санының азаймауы әрине мұнайлы Атыраудың абыройына сын екені даусыз. Мәселен, Атырау қаласында осындай 67 үй тіркеліпті. Ал Мақат ауданында құлау қаупі төнген 102 үй бар. Апатты үйлерде әр күнін, әсіресе әр түнін қауіппен өткізетін тұрғындардың бұл азаптан қашан құтылары белгісіз болып отыр.