Руханият • 17 Наурыз, 2021

«Жеті ата» дәстүрі – қоғам саулығы

2550 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ертеде қазақ ханы әз Жәнібек елге аты шыққан емші Өтейбойдақ Тілеуқабыл­ұлын шақырып: «Қандай дертке дауа жоқ?» деп сұраған екен. Сонда емші: «Тұқым қуалаған ауруға дауа жоқ» депті. «Оның алдын алуға бола ма?» дегенде, емші: «Жеті атаға дейін қыз алыспау», депті. Бұл пікірін әйгілі шипагер кейінгі ұрпақ білсін деп хаттап-шоттап жазып кеткен екен. «Жеті атадан асқаннан кейінгі аталардан қыз алыспақ керек. Жиенін алмақ – жиеніне бермек, емшек сүті араласпаса болды дейтіндерге: қандық, аңғақтық, уылымдық бейім көп болмақ. Алалық, шалажаралымдық, туылымдық, жаралыстық бітіс, милаулық туылғылар көз көргілігі бұтан дәлелімдік саналығы таппақ» дейді әйгілі дуагер.

«Жеті ата» дәстүрі – қоғам саулығы

Шипагердің жоғарыдағы жазбасын қазіргі түсінікке жатқызып тәпсірлесек: жеті атаға тол­май қыз алуға, қыз беруге болмайды, ал емшек сүті араласпаса, ала берсін дейтіндерге ескер­ту: жеті атаға толмай үйленсе, қан жақын­дасады да, одан – кемтар (қандық), ақыл-есі аз (аңғақтық), дене қуаты әлсіз (уылым­дық) бала көп туады. Сөйтіп, шалажансар, жара­тылысы жаман, ақымақ қауым пайда болады дейді. 

Бұндай кесірден сақтану үшін қазақ билеушілері – Қасым, әз Жәнібек, әз Тәукелер жарғыларында: «Жеті атаға толмай қыз алысқандарды қатаң жазалау туралы» үкім қабылдап, жеті атаға толмай қыз алып, қыз бергендерді елден аластап, қуып жіберген. Яғни аталарымыз ұрпақтың амандығы үшін осылай жасаған.

Жалпы, «жеті ата» жүйесі – көне дәуірде қалыптасқан, дені сау, ақыл-есі бүтін ұрпақ өсіруге бағытталған қоғам тұтастығы. Бүгінгі тілмен айтсақ, ұлт саулығын қалыптастыруда қыз алысып, қыз беріспейтін, екі ұлдан кем емес, әрқайсысының есептелу реті өзінен бас­талатын, жеті ата буыны мен жеті ұрпақ алмасу құбылысы.

Осы орайда, байырғы көшпенділердің ата-салтынан терең хабардар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «...Күні бүгінге дейін сахараның жазылмаған заңы бойынша жеті атаға дейін бір-бірімен үйленуге рұқсат етпейтін қазақтан басқа жер бетінде бірде-бір ел жоқ. Міне, қазақ халқының даналығы тудырған қуатты генетикалық тамыр қайда жатыр!» («Тарих толқынында», «Атамұра» баспасы, 1999 жыл, 42-бет) деп тамсанған екен.

Шындығында, тек дегеніміз жоғарыда Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, жеті ата жүйесі – әлеуметтік-экономикалық құндылық және аталарымыз қалыптастырып кеткен мызғымас заң.

«Заман өзгеріп, қоғамдық сана жаһан­дан­ған тұста ұлтты сақтап қалудың ежелгі үлгісі «жеті ата» дәстүрі бұзылып жатыр», деп дабыл қағуда медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков. «Жалпы, жеті атаға жетпей үйленудің салдарынан балалары кембағал болып туып, әртүрлі генетикалық ауруларға (ақыл-ойды таяздайтын олигофрения ауруы, сан түрлі неврологиялық-жүйке аурулары, аяқ-қол кемістігі) тап болады. Одан да жаманы – уақыт өткен сайын бұл ұрпақ арасында сан түрлі тұқым қуалайтын аурулар көбейіп, қандарын бұзып, өмірлерін қысқартып, көпшілігін бақытсыз етеді», дейді дәрігер-хирург.

Расында, бұл дәстүр біздің гендік қоры­мыздың мол әрі мықты болуына әсер етеді. Сон­дықтан оны көзі­міз­дің қара­шығындай сақтауымыз қажет. Осы күндері әлемнің генетик ғалымдарын таңғалдырып отырғаны – қазақтың ұлттық генетикаға байланысты тарихи ұғымы.

Атамыз қазақ «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп бекер айтпаған. Сол сияқты «Жеті атасын білген ер – жеті жұрттың қамын жер» деген сөз де бар. Бұл тәмсілдерді сәл-пәл тәпсірлесек, жеті атасын біліп, қан жақын­даспай туған ер – генетикалық тұрғыдан ақыл-есі толық, одан қалды атаның ақылын, ана­ның өсиетін тұлабойына сіңірген, туған топы­рағының қадір-қасиетін білетін, елшіл тұлға болып ержетеді де, жеті жұрттың қамын жейді.

Соңғы жылдары статистикалық есепке жүгінсек, еліміз көлемінде ақыл-есі кеміс немесе физикалық тұрғыдан жетілмеген әлжуаз сәбилер дүниеге көп келіп жатыр. Дәрігерлер бұл құбылыс экологиялық әсерден болуы ықтимал деген пайым айтуда. Бұл жеті ата дәстүрінің бұзылуынан болуы да әбден мүмкін. Өйткені кейінгі жастар үшін рулық, аталық, туыстық құндылық маңызын жоғалтып барады. Тіпті бұған діни-шариғи ұстанымның да әсері бары анық. Оның сыртында қала мен далада қаптаған жетімдер үйі. Онда өскен баладан жеті атасын сұрау шөптен ине іздегенмен бірдей. Осында тәрбиелеген бір қыз ертең өз әулетіне келін болып түспесіне кім кепіл?!.