Парламент • 17 Наурыз, 2021

Мәжіліс квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заң жобасын мақұлдады

188 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Egemen.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжіліс квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заң жобасын мақұлдады

Нұрлан Нығматулин аталған заң жобасы еліміздің экономикасы үшін ерекше маңызды екенін алға тарта келіп: -Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз бастамасымен «Самұрық-Қазына» Ұлттық қорын құрған кезде, осындай квазимемлекеттік субьектілер жұмысының ашық және тиімді болуына бас назар аударған болатын. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та өзінің Жолдауында квазимемлекеттік сатып алулар мәселесіне көңіл бөліп, арнайы заң дайындау туралы тапсырма берді. Осыған орай, квазимемлекеттік сектордың ашық және бәсекеге қабілетін арттыратын жаңа заң жобасы әзірленді Бұл заң жобасына қатысты бірқатар отырыстар, бірқатар талқылаулар өтті. Көптеген ұсыныстар, түзетулер де енгізілді, - деді.

Мәжіліс Төрағасының пікірінше, енді осы саладағы барлық сатып алулар бойынша бақылау жасалады. Сонымен бірге, отандық өнімдерімізді қолдауға жол ашылады. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, заң қабылданғаннан кейін жағдай өзгеруі тиіс. Өйткені, оның нормалары "Самұрық-Қазына" қорының, "Бәйтерек", "ҚазАгро" холдингтерінің ғана емес, сондай-ақ сатып алудың жалпы сомасы жыл сайын шамамен 3,5 триллион теңгені құрайтын 253 ұлттық компания мен олардың еншілес ұйымдарының қызметін реттейтін болады. Бұл қазіргі еліміздің экономикалық белсенділігі қалпына келе бастаған уақытта ерекше маңызды.

Палата Спикері атап өткендей, квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың ашықтығы мен тиімділігін арттыратын заң жобасы сатып алулар үшін бәсекелік жағдайлар жасауға, сондай-ақ, отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған.

Сонымен қатар заң жобасы қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік қуатын барынша арттырып, жұмыс орындарын сақтап ғана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, заң жобасы квазимемлекеттік сектор, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сараптама ұйымдары және қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен жан-жақты талқыланып, қаралды.

Заң жобасы қолданыстағы заңнаманы «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» заң жобасына сәйкес келтіру мақсатында әзірленді және Кәсіпкерлік кодекске және «Акционерлік қоғамдар туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Жалпы отырыста Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Мемлекет Басшысының заң шығару бастамасы тәртібімен Парламентке енгізген заң жобасын жұмысқа алды.

Сондай-ақ отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген түзетулерді қарады. Осыған сәйкес, Мәжіліс комитеті Келісім комиссиясын құруды ұсынып, оның құрамына Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің депутаттары Снежанна Имашева, Арман Қожахметов және Артур Платоновты қосты.

Жиын соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Ф.Қаратаев, А.Рау, Д. Есбаева, А.Әбілдаев, Ж.Ахметбеков, Е.Саиров, К.Иса.