Мемлекет басшысы бұл бағытта қала әкімдігі мен жауапты құрылымдар өз жұмысын тиімді атқармай отырғанын тілге тиек етті. Осыған орай қала әкімдігіне мұқтаж жандарды оңалту жабдықтарымен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, сондай-ақ, әлеуметтік және басқа да нысандарды тиісті стандартқа сәйкестендіруді тапсырды.
Президент әкімдікке мектептегі, балабақшадағы орын тапшылығын кезең-кезеңімен азайтудың жоспарын жасау туралы тапсырма берді. Бұл жобаларды іске асыруда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажеттігін еске салды.
«Былтыр екі-ақ жаңа мектеп бой көтерді. Бес мектептің жанынан қосымша ғимарат салынды. Орын саны бар-жоғы төрт мыңға көбейді. Сонымен бірге небәрі 670 орындық төрт балабақша ашылды. Екі миллион тұрғыны бар қала үшін мұның қай-қайсысы да жеткіліксіз», деді Мемлекет басшысы.