Аймақтар • 17 Наурыз, 2021

Мұз жару жұмыстарын жүргізу үшін келісім шарт жасалды

309 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сырдария өзенінде мұз жару жұмыстарын жүргізу үшін арнайы мекемемен 10 млн теңгеге келісім шарт жасалды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бөлімінің басшысы Ағайша Сматова мәлімдеді.

Мұз жару жұмыстарын жүргізу үшін келісім шарт жасалды

«Бүгінде облыс бойынша Сырдария өзенінің бойында 56 қауіпті учаске бар. Ол жерлерге құрамында 402 арнайы техника, 1178 адам қамтылған 130 мекеме бекітілді. Күн сайын қала мен аудан бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Су тасқыны бола қалған жағдайда алдын алуға қажетті заттар қоры дайын», деді А.Қожантайқызы.

Қазір Шардара су қоймасынан Сырдария өзеніне түсіп жатқан су көлемі азайып, небәрі 100 текше метрді құрап отыр. Ал өзендегі мұз қалыңдығы орташа 5-15 см. солтүстік аудандарда 20-55 см.

«Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров қазір мұз Сырдария ауданы Керкелмес учаскесінен төменгі аумақта тұрғанын айтады. Күн қабағы салқын болғандықтан мұздың жылжуы тежеліп тұр. Қала төңірегіне наурыз айының 20-25 аралығында келеді деп болжанып отыр.

Облыстық ТЖД мамандары дария бойындағы қауіпті учаскелерге тікұшақпен және автокөліктермен бақылау жүргізіп отыр. Сақтық шараларына құрамында 361 техника, 75 мотопомпа бар азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары дайын тұр. Бұдан бөлек, өзен бойында орналасқан шаруа қожалықтары мен тұрғындарға қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіліп келеді.