ЕАЭО интеграциялық процестері шеңберінде бірқатар бұйымдар мен өнімдерді міндетті таңбалау басталғаны белгілі. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, тауар таңбалау – тауарлардың еркін және заңды айналымын қамтамасыз етіп, тең сауда мен адал бәсекеге жол ашады. Қазірдің өзінде тері бұйымдарын таңбалау салық заңнамасын бұзушыларды анықтауға көмектесіп, патент негізінде қызметті жүзеге асыратын субъектілер саны 13 есе қысқарған. Жалпы, тауар таңбалау енгізілгелі отырған 6 саладағы көлеңкелі бизнестің қазіргі үлесі 63 пайызға жетеді екен. Код атаулы түгел жапсырылған соң заңды тауар айналымының көлемі 337 млрд теңгеге, ал бюджет кірістері 58 млрд теңгеге артуы мүмкін.
Тауар таңбалау бойынша бірыңғай оператор болып бекітілген «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, темекі өнімдерін таңбалау 2020 жылы 1 қазаннан басталып, 283 млн код шығарылған. Таңбаланбаған темекі өнімдерінің қалдықтарын 2021 жылғы 1 қазанға дейін өткізу көзделген. Қазір төрт тауар тобы бойынша қанатқақты жобалар жүзеге асырып жатыр: пилоттық мерзім біткен соң алкоголь өнімдерін міндетті таңбалау 2021 жылдың 1 сәуірінде, аяқ киім тауарларын таңбалау 2021 жылы 1 шілдеде, дәрі-дәрмектер мен сүт өнімдерін таңбалау 2022 жылы 1 қаңтарда басталмақ.
– Тауарларды таңбалау жүйесін енгізу мемлекет экономикасына да, бизнеске де, қоғамға да пайда әкеледі. Соның нәтижесінде көлеңкелі нарық көлемі 2025 жылға дейін 50 пайызға төмендейді. Біздің есептеуіміз бойынша, 2025 жылға дейін бюджетке 58,4 млрд теңге сомасында қосымша түсімдер түседі, – деді Қ.Есекеев. Бастама табыс әкеліп қана қоймай, IT нарығы үшін экожүйе құру, қаптама өндірушілері үшін сервисті дамыту сияқты маңызды істердің кедергісіз басталуына әсер етпек.
IT дегеннен шығады, «Қазақтелеком» тауарға жапсырылған Data Matrix коды арқылы тауар қозғалысын толық бақылап отыра алады. Өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықта. Код жалған нұсқалардан жақсы қорғалған және темекінің әрбір партиясының өндірушісі, олардың көтерме саудагерлері мен сатушылары туралы ақпаратты қамтиды және арнайы сканердің көмегімен тауарларға арналған әрбір келесі бағаны тіркей алады. Дәл осындай жүйе отандық нарықты контрафактілік және контрабандалық тауарлардан қорғамақ. Қазірдің өзінде тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде 17 мыңнан астам кәсіпорын тіркелген. Оларды да осынау жүйе аясында даярлықтан өткізеді.
Мәселен, ақпан айында киім және текстильді таңбалау бойынша қанатқақты жоба басталып, оған 15 компания қатысатын болды. Цифрлы экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиеваның сөзінше, өндірушілер мен импорттаушылар өнімдерді Data Matrix кодымен таңбалау бойынша арнайы құрылғылар алады. Әрбір тауар бірлігі туралы дерек ортақ ақпараттық жүйеге енгізіледі. Криптоқорғау арқылы Data Matrix кодын қайталап жасау мүмкін емес.
– Кейіннен өнімдер сауда нүктелеріне жеткізіледі, содан кейін олар 2D сканер немесе Naqty Sauda мобильді қосымшасы арқылы айналымнан шығарылады. Әрбір пилоттық қатысушы үшін таңбалау процестерін жүзеге асырудың жеке жол картасы жасалады. Қанатқақты жобаға қатысу – таңбалау ерекшеліктерін меңгеріп алу үшін тамаша мүмкіндік. Алдын ала білу арқылы компаниялар өндіріс жұмыстарын өзгертеді, кәсіпорынды жаңашылдыққа бейімдейді. Біз диалогқа әзірміз. Сондықтан әлі тізімге енбеген нарық операторларын жобаға шақырамыз, – деді орталық басшысы.
Эксперттердің бағалауынша, дәл қазір отандық киім нарығының 58 пайызы көлеңкелі бизнестен құралған. Нарықтың құны шамамен 977,5 млн теңге шамасында. Егер таңбалау рәсімі сәтті өткерілсе, 2025 жылға таман бұл нарықтың құны 33-82 млрд теңге аралығына дейін өспек.
Мақаланың басында айтқан қарапайым дүкендер мұндай ірі талаптарды орындауға тым қауқарсыз. Олар заңды айналымға қосылу үшін ресми түрде тіркеліп, темекі өнімдері үшін 2D-сканерлер орнатуы тиіс. Ал олар мұны қиын, түсініксіз және қымбат дейді. Жобаны ұсынушылар былай тәпсірлейді: ақшаңыз жетпесе сканер алып та қажет емес. Әуелі ismet.kz сайтының «тауарларды таңбалау» жүйесіне тіркеліңіз. Сосын NaqtySauda.Kassa мобильді қосымшасын жүктеңіз. Яғни тауарды сол мобильді қосымша арқылы-ақ сканерлеп сата бересіз.
– Кәсіпкерлер сканер бағасы 50 мың теңге деп қымбатсынып жатыр. Бұл жалған ақпарат. Ондай құрылғыларды 25 мыңға да алуға болады. Алмайтындар үшін мобильді қосымша шығарып қойдық. Сол жүйемен тауарды анықтап, есептен шығаруға болады, – деген еді мемлекеттік кірістер департаменті әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Нұрдәулет Орынтай.
Әлдебір заң, әлдебір тәртіп енгізілер сәтте мемлекет пен бизнес, мемлекет пен қоғам арасындағы осындай түсініспеушілік туындауы біз үшін таңсық емес. Әрі мұндай дау-дамай сәтінде қоғам мен бизнес өкілдерінің уәжі орынды, сөзі салмақты шығып жататыны да бар. Бұл жолы да солай. Кәсіпкерлердің айтқанынан түйгеніміз – жүктеп ал да істей бер деген мобильді қосымша тым ұзақ ойланады, ал бұл сауданы баяулатады, клиентті қашырады... 2D сканер алдым деген күннің өзінде оны негізгі кассамен, терминалмен жалғау, параметрлерін реттеу керек. Оның бәрін үйлестіріп бергенге маман аз ақы сұрамайды. Электронды жүйе кірпік қақпай жұмыс істеу үшін жарық ұдайы жанып, интернет жылдамдығы жүйткіп тұруы тиіс. Ал бізде интернеттің қаншалықты жайбасар екенін көшедегі кез келген азамат айтып бере алады. Қысқасы, бастама тәуір, тек соны іліп әкетуге тиіс факторлар солқылдап тұр. Оның тұғырын бекітіп беруге мемлекет қаншалықты ықыласты? Ертең осыншама қиындығы бар шаруадан айналып өту үшін кәсіпкер мен атқарушы билік тағы «келісімге» барып жүрмей ме? Сауал көп. Көлеңкелі бизнестің алдын аламыз деп басталған жоба басқа бір көлеңкелі бизнеске жол ашып беріп жүрмесе игі.