Қалада ауылдың сүтіне деген сұраныс зор. Сарымайдың бір килограмын 2500 теңгеден сатып алып жүрген біз ауылдағы пысық әйелдердің тұрақты тұтынушысы екенімізді жасырып қайтейік. Ала сиырдың ақ сүтімен отбасын асырап отырған нәзік жандар баршылық. «Аққа береке берсін!» деген тілек осындайда айтылатын шығар.
Ал ауылда отырып аузы аққа жарымайтындарды қайтерсің. Түліктің жоқтығынан емес, жалқаулығынан өсірмей, көрші әйелден май сатып алып отырғандар да бар екен. Бұл жайлы жиі естісем де, аса сене қоймаушы едім. Іссапармен ауыл-аймақта аралағанда көзім жетті. Әр ауданда ауылдық округтің әкімдері жергілікті халықтың әл-ауқатымен таныстырып отырып, сиыр ұстамайтындардың және саумай, бұзауына емізетіндердің қарасы қалыңдағанын айтып жүр. «Сауып ішсең – мың күндік, сойып жесең бір күндік болатын сиырды неге ұстамайды?» – деп сұрасам: «Еріншектіктің салдары ғой. Сүтті де, нанды да дүкеннен сатып алады. Малды тек етке өткізу үшін ұстайтындар көбейді», дейді. Бір жылдары Жамбыл ауданындағы ауылдардың бірінің жолын қар алып қалғанда тұрғындар нанға зарыққан екен. Себебі көрші ауылға барып, нан сатып алып жүрген олардың үйлерінде ұн да болмаған.
Бастауыш сыныпқа сабақ беретін әпкем: «Нанды қайдан аламыз?» – деген сұрағына оқушылары: «Наубайханадан сатып аламыз», деп жауап бергеннен кейін құмыраға бидай өсіріп еді. Ондағы мақсаты – оқушыларға нан пісіру үшін алдымен бидай егу керек екенін көрсету-тұғын. Барлық тамақ үйге дайын күйінде келгендіктен, бала сүт сиырдың, нан бидайдың өнімі екенін қайдан білсін. Көргені – дүкеннің сүті, наубайхана наны.
Өткен жолы сол әпкем айтады: «Қазіргі балаларға ара, балта, балға сияқты құралдарды айтудың қажеті жоқ сияқты. Сабақта үстіне отын қойып кесетін құрылғыны көрсетіп: «Бұл не?» десем ешкім білмейді. «Отынды осының үстіне салып, арамен кеседі», десем: «Оның қажеті қанша, дайын отынды сатып аламыз ғой», деп жауап берді», дейді. Ойлап отырсам, адамды еңбекке баулитын қарапайым үйдегі жұмысты да атқармайды екенбіз.
Көктемде құсқа жұмыртқа бастыратындар қатары да сиреген. Өйткені инкубатордан шыққан балапандарды сатып алатын болдық. Жаздың ортасында ақшасын төлеп, шөп, отын түсіреміз. Пысық әйелдер май-қаймақ, жидек сатып табыс тапса, жалқаулары сатып алып, шығынданып жатыр.
Ерлан есімді үйленбей жүрген досым бар. Оған туыс-туғаны, дос-жарандары: «Неге үйленбейсің?» десе: «Сиыр сауу білетін қыз іздеп жүрмін», деп әзілдейді. Бұл әзілдің де астарында шындық жатыр. Бүгін де әкесіне қарап – ұл, анасына қарап қыз өсіп келеді. Ал талай ата-ананың баласына көрсетіп жатқан «өнегесі» – ақсаусақтық.
Базарда бір түріктен тон сатып алып тұрғанымда ол: «Кезінде тері илеуді қазақ бауырларымыздан үйреніп едік. Енді сіздерге соны қайта үйретіп жатырмыз», деп қалжыңдап еді. Қалжың болса да астарында ащы шындық жатыр, мойындамасқа амал жоқ. Ендеше, білгенімізді ұмытқаннан гөрі, білмегенімізді үйреніп, ырысымызды еселемейміз бе?
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы