Қоғам • 18 Наурыз, 2021

Ауылда тұрса да – ақсаусақ

649 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көршіммен күнара таңертең далада кездесіп қаламыз. Мен жұмысқа, ол әдеттегідей сүт дүкеніне асығып бара жатады. Біздің жақтағы жалғыз сүт дүкеніне Тайынша ауданынан ақтың төресі жеткізіледі. Дүкен ашылғанша, есігінің алдында теңселіп біраз жүреді. Сатушыны күтіп алып, керегін ала сала үйіне қарай асығады. «Сүтті ішесіз бе?» десем: «Кемпірім сүт ұйытады, ірімшік пісіреді. Ауылдан қалған әдет қой», дейді. Балалары үшін облыс орталығына көшіп келген бұл қария ауылдың ағын аңсайды.

Ауылда тұрса да – ақсаусақ

Қалада ауылдың сүтіне деген сұраныс зор. Сарымайдың бір килограмын 2500 теңгеден сатып алып жүрген біз ауылдағы пысық әйел­дердің тұрақты тұтынушысы еке­ні­міз­ді жасырып қайтейік. Ала сиырдың ақ сүтімен отбасын асырап отырған нәзік жандар баршылық. «Аққа береке берсін!» деген тілек осындайда айтылатын шығар.

Ал ауылда отырып аузы аққа жарымайтындарды қайтерсің. Түліктің жоқтығынан емес, жалқаулығынан өсірмей, көрші әйелден май сатып алып отырғандар да бар екен. Бұл жайлы жиі естісем де, аса сене қоймаушы едім. Іссапармен ауыл-аймақта ара­ла­ғанда көзім жетті. Әр ауданда ауылдық округтің әкімдері жергілікті халықтың әл-ауқатымен таныстырып отырып, сиыр ұстамайтындардың және саумай, бұзауына емізетіндердің қарасы қалыңдағанын айтып жүр. «Сауып ішсең – мың күндік, со­­йып жесең бір күндік болатын сиырды неге ұстамайды?» – деп сұрасам: «Еріншектіктің салдары ғой. Сүтті де, нанды да дүкеннен сатып алады. Малды тек етке өткізу үшін ұстай­тындар көбейді», дейді. Бір жылдары Жамбыл ауданындағы ауылдардың бірінің жолын қар алып қалғанда тұр­ғын­дар нанға зарыққан екен. Себебі көрші ауылға барып, нан сатып алып жүрген олардың үйлерінде ұн да болмаған.

Бастауыш сыныпқа сабақ беретін әпкем: «Нанды қайдан аламыз?» – деген сұрағына оқушылары: «Нау­бай­ханадан сатып аламыз», деп жауап бергеннен кейін құмыраға бидай өсіріп еді. Ондағы мақсаты – оқушыларға нан пісіру үшін алдымен бидай егу керек екенін көрсету-тұғын. Барлық тамақ үйге да­йын күйінде келгендіктен, бала сүт сиыр­дың, нан бидайдың өнімі екенін қай­дан білсін. Көргені – дүкеннің сүті, нау­байхана наны.

Өткен жолы сол әпкем айтады: «Қазіргі балаларға ара, балта, балға сияқты құралдарды айтудың қажеті жоқ сияқты. Сабақта үстіне отын қойып кесетін құрылғыны көрсетіп: «Бұл не?» десем ешкім білмейді. «Отынды осының үстіне салып, арамен кеседі», десем: «Оның қажеті қан­ша, дайын отынды сатып аламыз ғой», деп жауап берді», дейді. Ойлап отырсам, адамды еңбекке баулитын қарапайым үйдегі жұмысты да атқармайды екенбіз.

Көктемде құсқа жұмыртқа бастыратындар қатары да сиреген. Өйткені инкубатордан шыққан балапандарды сатып алатын болдық. Жаздың ортасында ақшасын төлеп, шөп, отын түсіреміз. Пысық әйелдер май-қаймақ, жидек сатып табыс тапса, жалқаулары сатып алып, шығынданып жатыр.

Ерлан есімді үйленбей жүрген досым бар. Оған туыс-туғаны, дос-жарандары: «Неге үйленбейсің?» десе: «Сиыр сауу білетін қыз іздеп жүрмін», деп әзілдейді. Бұл әзілдің де астарында шындық жатыр. Бүгін де әкесіне қарап – ұл, анасына қарап қыз өсіп келеді. Ал талай ата-ананың баласына көрсетіп жатқан «өнегесі» – ақсаусақтық.

Базарда бір түріктен тон сатып алып тұрғанымда ол: «Кезінде тері илеуді қазақ бауырларымыздан үйре­ніп едік. Енді сіздерге соны қайта үй­­ре­тіп жатырмыз», деп қалжыңдап еді. Қалжың болса да астарында ащы шындық жатыр, мойындамасқа амал жоқ. Ендеше, білгенімізді ұмытқаннан гөрі, білмегенімізді үйреніп, ырысымызды еселемейміз бе?

 

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

журналист

 

Солтүстік Қазақстан облысы