Күн күлімдеген күнгейде сенбілікте қатысушылар төрт аудандағы саябақтар мен гүлзарларды, аула мен көшелерді және арық-атыздарды қоқыстан тазартты. Абай ауданының аумағына 20 мың түп қарағаш пен жыңғыл ағашы отырғызылды. Көшеттер Ақжар тұрғын алабына дейінгі көшенің бойына, мұсылман мазаратының маңына және Бадам өзенінің жағалауына егілді. Жалпы сенбілік барысында Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандары аумағында тазалық жұмыстары қызу жүргізілді.
Қаратау ауданы бойынша жалпы 8 секторға бөлініп, көпқабатты үй ауласымен ішкі орам көше бойларындағы жасыл аймақ, жаяу жүргіншілер жолы, сынған бұтақтар мен қоқыстан тазартылды. Сондай-ақ көпқабатты үй ауласы мен ішкі орам көшелерінің бойларына 2 мың түп ағаш көшеті отырғызылды. Ал Абай ауданы бойынша 10 мың түп қарағаш, 10 мың түп жыңғыл көшеті егілді. Сонымен қатар, 258 ауланың 72-не қаланың брендіне айналған 3 мың раушан гүлі (3 мың түп) егілді. Әл-Фараби ауданына қарасты Сәуле шағынауданы (№276 және №195 орам) жаңадан салынған жолдардың аумағында сенбілік ұйымдастырылып, жалпы 1300 ағаш отырғызылды. Еңбекші ауданында 1-ші автожол көшесінің бойына, 16 шағынауданда №39 орта мектеп аумағы мен «Фосфоршылар» мәдениет сарайы аумағында сенбілік өтіп, тұрғындар белсенділік танытты. Аталған аудан аумағында жалпы 2 мың түп ағаш отырғызылды. Бұл күні қала әкімдігінің құрылымдық оннан астам басқарма қызметкерлері Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябағына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Жақсылықтың жаршысына айналған көктемгі көшет егу науқанына дін өкілдері де өз үлестерін қосуда. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында ҚМДБ Шымкент қалалық өкілдігінің ұйытқы болуымен Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақта «Ағаш – ел дәулеті, жер сәулеті» атты игі шара өтті. Қаланың бас имамы Бақдәулет Абдрахманов бастаған сәлделілер саябақ аумағына жоғары сұрыпты 205 түп ағаш көшет отырғызды. Сондай-ақ, дендрологиялық саябақта «Шымкент қаласы имамдарының аллеясы» ашылды. «Бұл шара Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қолға алуымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өткізіліп отыр. Ағаш көшетін отырғызу шарасы мешіттер мен өзге де орындарда үш ай бойы жалғасады», деді қаланың бас имамы.
Еске салар болсақ, мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың бастамасымен 1979 жылы негізі қаланған Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағының жер көлемі бүгінде 117 гектарға жетті. Мұнда 500 мыңнан астам ағаш және 1 миллионнан астам шөптесін өсімдіктер бар.
Соңғы жылдары қалада жан санының күрт өсуіне орай шаһар экологиясын жақсарту мақсатында көгалдандыру мен орман қорларын толықтыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жасыл белдеу» КММ-не бекітілген жер учаскелерінің жалпы аумағы 1 483 гектарды құрайды. Оның 976 гектары шайынды су қоймасының маңында орналасқан «Қайнар-бұлақ» учаскесіне тиесілі. Көктемде мұнда 97,5 мың дана көшет егіледі. Қазіргі таңда 260 мың дана ағаш өсіп тұрған аймаққа қосымша қарағаш, шаған отырғызу жоспарлануда. Жайқалған табиғат өз кезегінде экологияны жақсартып қана қоймай, шаһарды желден қорғауға септігін тигізеді. Бір сөзбен жасыл белдеу Шымкенттің экосауытына айналмақ.
ШЫМКЕНТ