Аймақтар • 18 Наурыз, 2021

Жамбылдық жұртшылықтың көкейкесті мәселелері бақылауға алынады

140 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өткен жылы республика көлемінде алғаш рет Жамбыл облысында «Бейбітшілік пен келісім» жобасы қолға алынған болатын. Аталған жоба өңірде наурыз айынан қайтадан бастау алып, «Этнос және конфессияаралық келісім», «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту» мен «Құқық қорғау саласы» тобы құрылды.

Жамбылдық жұртшылықтың көкейкесті мәселелері бақылауға алынады

Жобаның жұмысшы топтарының негізгі мақсаты – облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, білім беру мен медициналық қызметтер сапасын жақсарту, облыс жұртшылығының діни білім деңгейін көтеру, азаматтарға арналған жылжымалы қабылдау өткізу, әлеуметтік мәселелерін шешу болып отыр. Сондай-ақ, бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін ұйымдастыру, халыққа несие беру бойынша кеңес беру, халықтың әлеуметтік осал топтарының мәселелерін шешу, заң аясында көмектесу, бизнесті қолдау және дамыту бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу сияқты жұмыстар да бар. «Бейбітшілік пен келісім» жобасы өткен жылы нәтижелі аяқталды. Ал, ағымдағы жылы аталған жоба өңірдің Меркі, Шу, Байзақ және Жамбыл аудандарында жемісті басталып, облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен барлығы 430 іс-шара ұйымдастырылды. Жобаға 10 мың 400 адам тартылды. Аудандарда 72 қоғамдық қабылдау мен 110 кездесу өтіп, 600-ге жуық азаматтың мәселесін шешуге көмек берілді. Сонымен қатар, 250-ден астам азаматқа медициналық көмек көрсетіліп, 150-ге жуық тұрғынның қайтарымсыз грант алу мәселесі шешілді. 241 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 29 жас жастар тәжірибесіне жолдама алды.

Құқық қорғау саласы тобының мүшелері 367 адам қамту арқылы 18 іс-шара өткізіп, 89 адамға заңнамалық кеңес берген. Жобаның жұмыс тобы құрамына облыс аумағындағы барлық құқық қорғау және мемлекеттік органдармен қатар басқармалардың мамандары енгізілген. Осы мақсаттағы жұмыстар енді наурыз айының соңына дейін Талас, Сарысу және Қордай аудандарында өтетін болады. Аталған аудандардың тұрғындары түйінді мәселелері мен көкейде жүрген сұрақтарын ұйымдастырылатын жобаның жұмысшы тобымен кездесіп, назарларына жеткізуге мүмкіндіктері бар. Жоба жұмысын аяқтаған соң тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша жол картасы жасақталып, орындалуы бақылауға алынады.