Қазақстан • 18 Наурыз, 2021

Батыс Қазақстанда медицина қызметкерлеріне 3,6 млрд теңге үстемеақы төленді

173 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында 2020 жылы коронавирусқа қарсы күрес шараларына тартылған 15542 медицина қызметкеріне 3,6 млрд теңге үстемеақы төленді, деп хабарлайды Egemen.kz

Батыс Қазақстанда медицина қызметкерлеріне 3,6 млрд теңге үстемеақы төленді

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ БҚО бойынша филиалының директоры Нұржамал Жұмағұлованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, ковидтен емдеу үшін амбулаториялық-дәрілік қамтамасыз етуге 5 препарат енгізілді.

Аталған дәрі-дәрмекпен өткен жылы 47,7 млн теңгеге 19768 пациент қамтылды.

Нұржамал Шамғонқызының сөзіне қарағанда, коронавирусқа шалдыққан 17328 науқас 2,1 млрд теңгеге ем алды.

Барлығы 50087 ПТР-диагностикаға 489 млн теңге төленді. 19054 мобильді бригаданың шыққаны үшін 116 млн теңге жұмсалды.

Барлық қаржы негізінен індетпен күреске бағытталғанымен, медициналық қызмет көрсету, оңалту жұмыстары да жалғасын тапты.

Мысалы, 2965 емделуші міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тәулік бойы стационарларда 608,9 млн теңгенің медициналық оңалту қызметін алды.

Жоспарлы түрде стационарларда 70631 пациент 7,49 млрд теңгеге емделді, 11,8 мың адам босанса (1,22 млрд теңге), 3,4 млрд теңгеге 15,4 мың ота жасалды.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін іске қосудағы өзекті мәселенің бірі – азаматтарды сақтандыру. «Сақтандыру» базасының деректері бойынша биылғы 1 наурызда облыста сақтандырылған халықтың саны 84,2 пайыз болса, сақтандырылмағандардың үлес саны 15,8 пайыз немесе 108491 адамды құрап отыр. Өткен жылдың шілде айында сақтандырылмағандардың үлес саны 22,4 пайыз болған еді. Бұл жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жүргізіліп жатқан жұмыстардың оң нәтиже беріп отырғанын көрсетеді», деді Н.Жұмағұлова.