Қоғам • 18 Наурыз, 2021

Ұлыс ұстыны – ұрпақ тәрбиесі

230 рет көрсетілді

Кеше Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен онлайн форматта «Рухани даму және ұлттық дәстүрлерді сақтау» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, оған Парламент Мәжілісінің депутаттары, ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік орган қызметкерлері және үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен сарапшылары қатысты.

Мәртебелі жиынды басқарып, басқосудың модераторлық міндетін атқарған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жиынға қатысушыларды алдымен келе жатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтап, аталған мейрамның мән-маңызына тоқталды.

«Наурыз мейрамы – халқымыз үшін қашанда ынтымағы жарасқан бірлік пен татулықтың мерекесі. Халқымыз үшін Жыл басы. Жаңа ойлар мен тың жоспарларды қолға алатын уақыт. Әсіресе ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясындағы биылғы жылдың – жаңа реформалар жылы деп жариялануы – бұл мерекенің маңызын арттыра түседі. Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көктем мерекесінің мазмұнын байыту туралы тапсырма берген болатын. Осыған сәйкес, жаңа тұжырымдама әзірленіп, оның негізінде қоғамды игі істерге жұмылдырып, рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған іс-шаралар кешені жоспарланып отыр», деді министр.

Әрі қарай дөңгелек үстел күн тәртібіндегі тақырыпқа ойысты. «Руханият мәселесіне тек ескі салт-дәстүрлердің жиынтығы деп қарау дұрыс емес. Ескінің тозығын тастап, жаңаның озығын дамыту, оны ұрпақ бойына дарыту да рухани тәрбиенің өзегі болуы тиіс. Жас ұрпақты бүгінгі заманның теріс қылықтарынан қорғап, дұрыс құндылықтарына тәрбиелеу – өзекті мәселе.

Бұл орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында ұлттық болмысты, ұлттық сананы қайта жаңғырту туралы айтқан болатын. Яғни жас буынды заман көшінен қалмауға, әлемдік озық үлгілерді үйренуге үндеді.

Бұл тек ата-аналарға немесе білім беру мекемелеріне ғана бағытталған міндет емес. Бұл – тұтас қоғамға артылған жауапкершілік. Себебі, қоғамда орын алып жатқан әрбір жетістік те, кемшілік те – бүкіл қоғамның ортақ көрсеткіші. Бұл тұрғыдан алғанда, ұлы Абай атамыздың «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі кінәлі» деген сөзі бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылында рухани дамудың сан түрлі белестерін өткердік. Халқымыздың рухани-құндылық әлемі, ұлттық санасы мен дүниетанымы жаңарды. Өзін тану, өзін әлемге таныту, рухани және мәдени қазынасын әлемдік өркениетпен ұштастыру бағытында қыруар шаруа атқарылды. Бұл тұрғыдан қарасақ, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазіргі заман жағдайында дамудың басты алғышарттарын айқындап берді. Бүгінгі отырыстың тақырыбына арқау болып отырған рухани даму мәселесі де біртіндеп өрлеу мен жоғары құндылықтарды ұғынуды көрсетеді. «Жалпақ əлемді аузыңа қарату үшін  рухани ерлік керек, жалпақ əлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін рухани байлық керек». Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың осы бір сөзі руханияттың қоғамдағы және адам өміріндегі рөлін анық көрсетіп тұрғаны рас.

Әрине ұрпақ тәрбиесінің өзегі, түп негізі ең алдымен отбасыдан бастау алатынын да жоққа шығара алмаймыз. Мемлекеттік отбасы-демографиялық саясаты – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі құзырындағы басты саланың бірі. Сондықтан, бұл бағыттағы сұрақтар да біздің үнемі назарымызда. Осы орайда қоғамдық талқылаудың, сарапшылар пікірінің маңызы қашанда зор. Сондықтан бүгінгі отырыста келелі ой-пікір, нақты ұсыныстар айтылады деп сенемін», деді Аида Ғалымқызы.

Одан кейін алғашқы болып сөз тізгіні тиген Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы күн тәртібіндегі тақырыптың бүгінгі күнде өте өзекті екеніне тоқталды. «Дара этносты сақтайтын жол оның ұлттық рухы, өткен қиын кезеңдерді қазақтың коды, яғни ұлттық рухы өзін сақтап қалу үшін әдебиетке көшті, ол әлсіреген жағдайда мәдениетке, өнер туындысы киноға барып жасырынды. Онымен қоймай ол рух – ұрпаққа «Абай жолы», «Көшпенділер», «Алтын Орда» тәрізді кітап болып оралды. Ал бүгін заман басқа, заң басқа. Жаһандану қарқын алуда, онымен қатар урбанизация жүріп жатыр. Осындай алмасулар кезінде халқымызды ұлттық құлдыраудан сақтап қалу міндеті еріксіз туындап отыр. Ол үшін қоғамдық өзгерістерге, соның ішінде жастар тәрбиесіне мән берген дұрыс. Өйткені, қазіргі ақпарат тасқыны олардың санасын жаулап барады. Осы кезде болашақ ұрпаққа өзіміздің ұлттық дәстүрлі ұғымды қалай сіңіреміз. Осының жолын табуды қарастырған жөн. Айталық, балаларды қазақы рухта тәрбиелейтін электронды өнімдер аса қажет бүгін. Мысалы, Алаш арыстары мемлекеттілікті қалыптастырудың жолы ретінде жапониялық үлгіні таңдаған жоқ. Өйткені, ол – әлемде ұлттық құндылықтарын сақтау арқылы дамыған бірден-бір мемлекет. Демек, біз бұдан этносты сақтау үшін ұлттық құндылықтың маңызы қандай екенін көреміз. Одан кейін Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – қазақ халқын жаңғыртуға арналған тұжырымдама. Мұнда тіл, мәдениет, ұлттық рух бәрі қамтылған», деді Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар депутат Берік Әбдіғалиұлы: «Қазіргі таңда қоғамда жүріп жатқан трансформацияны түсіне алмай жатырмыз. Бұл үрдісті дұрыс бағытқа айналдыра алмасақ, ұлттық мәдениет экзотикаға айналуы әбден мүмкін. Мысалы, бұрын барлық мәселе тілге тіреліп тұр деп ойлаушы едік. Қазір қоғамда қазақтілді орта қалыптасып келеді. Бірақ бұрынғы атаны сыйлау, үлкенді құрметтеу, кішіге жылылық сияқты дәстүрлі құндылықтар азайып барады. Демек, бір ғана тілмен шешілмейтін дүние бар екен. Ол үшін тіл мен қатар салт-дәстүр, ғұрыптық құндылықтарды да қоса сақтау керек екені анық болды», деді.

Қысқасы, Парламент мүшесінің ойынан түйгеніміз: қазіргі таңда, яғни қазіргі жаһандану кезінде, ұрпақтар арасында пайда болатын түсінік, ұғым қайшылықтарын қабыстыратын мемлекеттік бағдарлама керек екен. Бұл түйінсөз министрге ұсыныс ретінде айтылды.

Министрлікке қарата айтылған ұсынысты қабыл алған Аида Ғалымқызы бұл бағытта ведомство тарапынан бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған ұрпақ қалыптастыру үшін Ulttyq tárbıe және жастардың ғылыми жетістіктерін әйгілеу бағытында «Ақылды ұрпақ» жобалары жүзеге асып жатқанын, сонымен қатар қиын жағдайда жүрген балалары бар отбасыларды қолдау, жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайтуға арналған гранттық жобалар іске асырыла бастағанын айтып өтті.

Келесі кезекте баяндама жасаған Nur Otan партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиева, әуелі партия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, қазақ халқының ұлттық құндылықтары, соның ішінде бүгінгі ұлттық салт-дәстүрді сақтау үшін заманға сай модернизациялау үрдісі қажет екендігін ғылыми дәлел негізінде айтып өтті. Осы орайда, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты концептуалды жазбалары бірден-бір бағыт, қоғамдық ұстанымға айналуы тиіс, деді.

Үшінші болып баяндама жасаған «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» ЖШС-ның директоры Талғат Қалиев, жалпы адамзаттық мәдениет пен ұлттық мәдениеттің қоғамды біріктірудегі маңызына қатысты ойларын жіліктеп жеткізсе, одан кейін баянсөздің тізгіні тиген «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте ортаға өз ойларын слайд технологиясын пайдалана отырып ортаға тастады.

«Қазақ халқында «Дәстүрдің озығы да бар, тозығы бар» дейтін керемет пайым бар. Болашақта біз дәстүрлеріміздің озығын жаңғыртып, тозығынан арылуға тиіспіз. Одан кейін жаңғырған жаңа дәстүрді қоғамға қалай кіріктіреміз? Осы мәселе халықаралық деңгейде, озық мемлекеттерде қалай іске асырылып жатыр. Осыны зерттеу арқылы біз жаңа концепция жасап, Білім және ғылым министрлігіне ұсындық. Мұндағы басым бағыт – байырғы дәстүрлі тәрбиені алға ұстап, білім беруде жақсы нәтижеге жетіп отырған халықаралық білім ордаларының тәжірибесі қарастырылды. Осы орайда, ХХІ ғасырда қазақ баласына қандай дағдылар қажет дегенге тоқталдық. Ең алдымен еркін ойлайтын, рухы азат, адамгершілік, ұлттық имани тәрбиені бойына сіңірген тұлға қажет екені анықталды», деді Дархан Ермаханұлы.

Жиын соңында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының орталық директоры Жанар Бұқанованың баяндамасы тыңдалды. «Қазақ отбасыларында бала тәрбиесіне ертеден баса назар аударылған. Сол арқылы жастардың өмірлік жолын қалыптастырып, салт-дәстүрді негізге ала отырып, дұрыс өсіп-өнудің бағдары берілген. Дәл осындай отбасыларда ұлттық құндылық бойына сіңген, қазақтың салт-дәстүрінің парқын білетін өнегелі ұрпақ өсіп отырған. Өкінішке қарай, заманауи өркениеттің қазіргі сын-қатерлері бүкіл әлемдік кеңістіктегі отбасы институтына өзгерістер енгізді. Жаһандану заманында дәстүрлі құндылықтар жойылып, әлем бойынша отбасы дағдарысы байқалады. Ресми деректер бойынша 2020 жылдың қаңтар мен маусым аралығында 45 036 неке тіркеліп, оның 12 747-сі ажырасқан. Яғни елімізде әрбір үшінші отбасы ажырасуда. Яғни бүгінгі таңда алдымызда отбасы құндылықтарын сақтау міндеті тұр. Себебі тәрбие кез келген тұлғаның қалыптасуы мен әлеуметтенуінде үлкен рөл атқарады. Осыған байланысты, биыл Ulttyq tárbıe идеологиялық платформасы бойынша ақпараттық және әдістемелік материалдар кешенін әзірлеу жұмысы басталды. Жоба аясында отбасындағы үйлесімді қарым-қатынасты насихаттауға бағытталған педагогика және психология саласындағы тәжірибелі мамандардың қатысуымен бейнедәрістер түсіру, отбасылық құндылықтар туралы бейнероликтер тарату, мемлекеттік қолдау жүйесін халыққа түсіндіруге бағытталған бейнероликтер әзірлеу көзделген.

Жастар арасында ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу үшін сыныптан тыс іс-шаралар сценарийлерінің, театрлық қойылымдардың, танымдық квесттердің және Dästür start зияткерлік ойындарының электронды брошюрасын әзірлеу, ата-аналарға арналған «Баланы еңбекқорлыққа қалай тәрбиелейміз?» қалта жолнұсқаулығын дайындау, 5-7 сынып оқушыларына арналған «Туған елің – Қазақстанды жақсы білесің бе?» республикалық балалар оқулары байқауын, оқулықтар мен квест ойындарын ұйымдастыруды қолға алып отыр», деді Жанар Қалеқанқызы.

Жиын соңында онлайн қатысушылар арасынан Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Дүйсенбекұлы және филология ғылымдарының докторы Рахымжан Тұрысбек тақырыпқа қатысты ойларын ортаға салды.

Дөңгелек үстелді қорытындылаған Аида Балаева маңызды басқосуға атсалысқан тұлғаларға алғыс айтып, бүгінгі отырыста сарапшылар рухани дамудың бірқатар аспектісін атап өтті. Оның ішінде білім беру, бала тәрбиесі және отбасы институтын нығайту мәселелерінің өзектілігін айрықша атап өткім келеді дей отырып: «Рухани жаңғыру» бағдарламасын Ұлттық жаңғыру кезеңіне ұластырудың арнайы Жол картасы аясында да бірқатар шара жүзеге асып жатыр. Солардың ішінде, әсіресе «Дәстүр мен ғұрып» және «Ұлттық тәрбие» жобаларын ерекше атап өткім келеді. Бұлардың барлығы да – отбасылық тәрбие, жалпыхалықтық рухани құндылықтар, ұлттық салт-дәстүрді насихаттап, ұлтаралық қарым-қатынас пен толеранттылықты нығайтуға бағытталған. 2020 жылы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру басталды. Үкіметтің нақты индикаторлары, іс-шаралары мен жобалары бар тиісті жоспарды қабылдады. Президенттің тапсырмасы бойынша өңірлерде «Жанұя», «Бақытты отбасы» және басқа да отбасыларды қолдау орталықтарының қызметі ұйымдастырылды. «Қазақстандық отбасылар-2020» ұлттық баяндамасы дайындалып, және таныстырылды. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, біздің жастар үшін отбасы ең жоғары құндылыққа ие (85,2%). Одан кейін денсаулық (51,8%) және достық (28,3%). Бүгінгі жиында сіздер тараптан айтылған ұсыныс-пікірлер алдағы жұмыс барысында басты назарға алынатын болады. Шара қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірленіп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданады», деп жиынды қорытындылады Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Соңғы жаңалықтар

Ақыл алыбы

Руханият • Кеше

Шығыстанудың биік шынары

Әйел әлемі • Кеше

Бейқамдық белең алып тұр

Коронавирус • Кеше

Үлкен қалада адасу

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар