Бизнес • 19 Наурыз, 2021

Отандық бизнестің жағдайы неге төмен?

365 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары шағын және орта бизнеске ерекше көңіл мен қыруар қаражаттың бөлініп жатқанына қарамастан, даму деңгейі ойдағыдай емес. Пандемия дағдарысы кезінде елде жұмыс істемей қалған шағын компаниялар саны еселеп өскен.

Отандық бизнестің жағдайы неге төмен?

Қаңтар айының қорытындысы бойынша уақытша жұмыс істемей тұрған шағын компаниялар саны бір жылда 23,3 пайызға немесе 120,5 мың компанияға дейін артқан. Биыл бизнесті қолдау үшін «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы-2025», «Еңбек», «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы» және Ұлттық банк жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында 703 млрд теңге бөлу қарастырылған.

Finprom.kz аналитикалық порталы еліміздегі шағын және орта биз­нестің Өзбекстандағы шағын биз­нес көрсеткіштерінен артта келе жат­қанына назар аударады. Мәселен, шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі (ІЖӨ) үлесі бойынша позиция­мыз әлсіз: 2015 жылы біздің шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі 24,9 пайызды құраса, Өзбекстан шағын бизнесінің ІЖӨ-дегі үлесі 62,9 пайызды құраған; 2016 жылы Қазақстанның үлесі 26,8, Өзбекстанның үлесі 64,9 пайыз; 2017 жылы Қазақстанның үлесі  тағы да 26,8 пайыз, Өзбекстанның үлесі 63,4 пайыз; 2018 жылы сәл ілгерілеп, Қазақстанның үлесі 28,4 пайызды құраса, Өзбекстанның үлесі аздап төмендеген 60,4 пайыз; 2019 жылы Қазақстан едәуір шарықтап (31,7 пайыз), Өзбекстан біршама құлдыраған (54,2 пайыз); 2020 жылды Қазақстан 30,5 пайыз, ал Өзбекстан 53,9 пайызбен аяқтаған. Ұлттық статистика бюросы ақпараты негізінде дайындалған бұл деректерден жыл санап Қазақстандағы шағын және орта бизнестің ІЖӨ-ге көбірек үлес қоса бастағанын, ал Өзбекстан шағын бизнесінің жыл санап ІЖӨ-ге үлес қосуды азайта бастағанын байқаймыз. (Статистиканы әзірлеу кезінде Өзбекстандағы тек шағын бизнес көрсеткіштері ескерілген).

Біздегі ШОБ-тың ІЖӨ-дегі үлесі дамыған елдермен салыстырғанда өте төмен. Мәселен, АҚШ-та шағын және орта бизнес ІЖӨ-нің 50 пайызын, Ұлыбританияда – 51, Германияда – 53, Финляндияда – 60, Нидерландта 63 пайызын құрайды.

Өзбекстандағы орта бизнесті есепке алмағанда тек шағын бизнестің өзінің үлесі ІЖӨ-нің 53,9 пайызын құрап отырғанын ескерсек, бұл салада көршілес мемлекеттің едәуір жетістікке жеткенін оңай аңғарамыз. Бұдан соң елдегі жұмыспен қамту көрсеткіші де жақсарады. Өзбекстан статистика комитетінің дерегі бойынша шағын кәсіпкерлікте жұмыс істейтіндер елдегі жалпы жұмыс істейтін азаматтардың 73,8 пайызына жеткен. Қазақстанда ШОБ-та жұмыс істейтіндер елдегі бүкіл жұмыс істеуші азаматтардың 38,4 пайызын құрайды. Айырмашылық жер мен көктей. Әрі бұл кеше-бүгін қалыптасқан дерек емес. Сонау 2015 жылдың өзінде Қазақстанда шағын және орта бизнес саласында еңбек еткендер елдегі барлық жұмыспен қамтылғандардың 37,8 пайызын әрең құраған. Өзбекстан сол кездің өзінде, орта бизнесті есепке алмағанда 78,2 пайызды еркін еңсерген. Қазақстанның көрсеткіші одан бергі алты жылда еш өзгермеген.

Қаржыгер Мұрат Темірхановтың айтуынша, Қазақстан 2008-2009 жыл­ғы дағдарыстан кейін негізінен ірі кәсіп­орындарға көбірек көңіл бөле бас­тады. Сөйтіп шағын бизнес ұзақ уақыт көлеңкеде қалып қойды.

Енді-енді еңсе тіктей бергенде пандемия біздің бизнесті тағы да сұлатып түсірді. Табыссыз қалу, жалға алу ақысын төлей алмау, несие төлемін кейінге шегеру салдарынан ШОБ субъектілері азая бастады. 2020 жылдың шілдесінде елде 164,3 мың ШОБ нысаны жұмыс істесе, 2021 жылдың қаңтарында олардың саны 159,7 мыңға төмендеді. Яғни 5 мың кәсіпкерлік нысаны нарықтан шығып қалды. Есігіне уақытша құлып са­лын­ғандары қаншама.

Үкімет наурыздың басында 24 шарадан тұратын ШОБ-ты қолдау пакетін әзірледі. Оның ішінде жеңілдік шарттармен қайта қаржыландыру, жолдау төлемдерін есептеуден босату, отандық тауар өндірушілердің мемлекеттік сатып алуға қолжетімділігін арттыру, Ұлттық банк бағдарламасы негізінде жеңілдікпен несиелеу бастамалары бар. Осы көмектердің игілігін 1,2 млн-нан астам кәсіпкерлік субъектілері көрмек. Алайда AERC болжамынша, отандық экономиканы ынталандыру түрлі тәуекелдер тудырады. Бизнеске жеңілдетілген несие ұсынатын мем­лекеттік бағдарламалар балама пайыз­дық мөлшерлеме тудырып, шынайы сектор базалық пайыздық мөл­шер­леменің өзгеруіне реакция танытпай қалуы мүмкін. Одан ақша массасы көбейіп, елде ұзақ мерзімді инфляция тәуекелі өсіп шыға келеді.

«Жеңілдетілген несие бағдар­ла­малары банк секторы тұрақты­лығына қауіп төндіреді. Мемлекет қар­жы­ландыратын нарықтық емес несие­лер банктерді клиенттерге өз өнім­дерін ұсыну мүмкіндігінен айырады. Экономиканы «арзан» ақшамен ынталандыру экономикадағы көпіршік­тер­ді көбейтуге көмектеседі. Банк­тер же­ңіл­детілген несиелендіру арқылы ШОБ-қа қолдау көрсетемін деп несие алушыларға қойылатын скорингтік талаптарды төмендетуге мәжбүр болады. Бұл 90 күннен артық төленбеген (NPL) несиелердің өсу ықтималдығын тудырады. 2020 жылы шағын бизнеске несие беру 2019 жылмен салыстырғанда 19,3 пайызға өсті. Бара-бара несие беру­дің ең соңғы инстанциясы мемле­кет­тік бюджет болып жүрмей ме деген қор­қыныш бар» делінген AERC болжамында.

Түрлі қаржылық қызметтер көр­сету­мен айналысатын EY компа­ния­сы елімізде жұмыс істейтін 285 ком­па­нияға сауалдама жүргізіп, корона­дағдарыстың қалай әсер еткенін зерттеген. Онда ШОБ субъектілері пайызсыз несие, тікелей қаржылық субсидия, ком­муналдық төлем мен жалдау шы­ғын­дарына өтемақы алғылары келе­тінін айтқан.

Ұлттық банк қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті дирек­торының орынбасары Олжас Күбен­баевтың айтуынша, 2020 жылдың IV тоқсанында шағын бизнес тарапынан несие алуға деген сұраныс 3 есе артқан. Жекелеген банктердің онлайн несие бере бастауы және «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының қолайлы шарттары қарыз алуға деген сұранысты арттырған.

– Банктердің сыйақы мен комиссия мөлшерін төмендетуі IV тоқсанда несие алу өтініштерін мақұлдау деңгейін 26-дан 37 пайызға дейін арттырды (алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда). 2021 жылдың I тоқсанында банктер шағын бизнес тарапынан сұраныстың тағы да өсуін күтеді, – дейді Ұлттық банк өкілі.

Қаржыгер Мұрат Темірхановтың айтуынша, шағын және орта бизнес жағдайы жақсару үшін алдымен инфляция төмендеуі тиіс.

– Соңғы он жылда орташа жылдық инфляция 7 пайыздан жоғары деңгейде тұр. Мемлекет инфляциямен күресудің орнына жеңілдетілген несие беруді жалғастыруда. Мәселен, «ҚазАгро» 70 мыңдай қарыз алушыға несие берді. Ал бізде жеке қосалқы шаруашылық саны 1 млн 600 шамасында. Оның бәрін шағын бизнес деп атауға болады. Жеңілдетілген несиені тек жоғарыда танысы бар немесе шенеуніктермен байланысы бар кәсіпкерлер ғана алып жатыр. Шын мәнінде банк бәрін өзі шешіп, нарықтық пайызбен несие беруі керек еді. Ал нарықтық мөлшерлеме төмен болу үшін Үкімет инфляция­мен күресуі қажет. Мұнай бағасы жоғары болып тұрған кезде Ұлттық қор ақша жұмсауды азайтуы керек еді. Керісінше, Ұлттық қордан алуды күшейтіп жатырмыз. Бұл инфляцияны шарықтата түседі. Біз әлеуметтік азық-түлік тауарларын қадағалаймыз. Содан тапшылық туындап, инфляция тағы өседі. Медикаменттерді бақылай бастап едік, маңызды медикаменттер на­рықтан жоғалып кетті. Одан әрі баға тағы өседі және «қара нарық» пай­да болады. Мемлекет нарықтық меха­низмді жақсартып отырған жоқ, өзі экономикаға араласу арқылы ахуалды нашарлатып жатыр. Сондықтан шағын және орта бизнесті қолдау тәсілін қайта қарастыру керек, – дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, Еуропа елдері кез келген мемлекеттік қолдауды іске қоспас бұрын алдымен оның нарық механизмдеріне қаншалықты зиян келтірерін бағалап, зерттеу жүргізеді. «Біз де сол қалыпқа түсуіміз керек», дейді эксперт.