Спорт • 19 Наурыз, 2021

Әскер дзюдошылары Азия кубогының жүлдегерлері атанды

214 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтауда Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы ашық Азия кубогы аяқталды. Әскери орталық спорт клубының нұсқаушы спортшылары турнирде әртүрлі дәрежедегі үш медальды қанжығаларына байлады, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әскер дзюдошылары Азия кубогының жүлдегерлері атанды

Жалпы алғанда жарысқа Австралия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінен 198 спортшы қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша 100 келіден астам салмақ дәрежесінде армия спортшысы ефрейтор Ерасыл Қажыбаев чемпион атанды. Ақтық сында ол «Қазақстан Барысы – 2017» титулының иегері, отандасы Еламан Ерғалиевті жеңді. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ОСК спорт ротасының мерзімді қызмет әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Дәурен Сюкенов күміс медальға ие болды. 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде ефрейтор Әділ Оразбаев қола жүлдегері атанды.

«Мен жаттықтырушыларымның, әріптестерімнің және достарымның сенімін ақтағаныма өте қуаныштымын. Тәлімгерлердің барлық тапсырмаларын орындап, «алтын» жеңіп алдым. 19 наурызда әскери қызметшілер арасында өтетін «Әскер барысы – 2021» титулына іріктеу турнирінде Қарулы Күштердің намысын қорғауға тырысамын», деп бөлісті әскери спортшы ефрейтор Ерасыл Қажыбаев.

Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған дзюдодан ашық Азия Кубогы лицензияланған турнир болып табылатынын айта кету керек. IJF ережелері бойынша турнир чемпиондары мен жүлдегерлері Халықаралық дзюдо федерациясының рейтингі есебіне ұпай алады: бірінші орын – 100 ұпай, екінші орын – 60 ұпай және үшінші орын – 40 ұпай.