Әуелде бұл ойлар қазақтың көрнекті ақыны Әмірхан Балқыбектің «Қасқыр құдай болған кез» кітабын оқығанда туған, артынан журналист Қозыбай Құрманның Наурыз мейрамы туралы зерттеу мақаласына үңілген соң, осы тақырыпқа қайта қалам тербеуді жөн санадық.
Әпсаналардан сыр тартсақ Нұх пайғамбардың елдiң қамын ойлап көз жасы көл болғасын «Жылауық пайғамбар» атанып кеткені жайында айтылады. Аңызда да астар бар-ау. Нұх есiмiне қатысты сан алуан болжам бой көтереді. Солардың бірі Топан су туралы финикей, әлде семит немесе жебiрей әпсанасы екен. Бiрақ мұндағы кейiпкер Нойдың есiмi арийлерге тиесілі. Қызығы, бұл есiм еш өзгерiссіз XX ғасырға жеткен. «Ной» арий тiлдерiнде «су», «ағын» деген мағыналарды бiлдiредi екен. Яки, Жылауық пайғамбар есiмiмен мағыналас. Су мен көз жасының түп-төркіні топан сумен астасып жатыр. Бұдан Жылауық пайғамбар туралы әңгiме түркi тектес халықтардың өз туындысы деуге негіз бар. Оған дәлел арийлердiң б.д.д. I-II мыңжылдықтар аралығында Қазақстан территориясынан, Каспий, Арал маңынан кеткендiгi.
Әйгілі әулие Мәшһүр Жүсіп те бұл тақырыптан айналып өтпепті. Оның «Нұх, Наурыз тарихы» деген еңбегіне иек артсақ, онда топан суынан Қазығұрт тауына келгенде ғана құтылып, табандары жерге тиген кемедегі біреуінің әкесі, біреуінің баласы, ал енді біреулерінің бауыры қырылып, «салт бас, сабау қамшылы» болып судан шыққан бұлар қолда қалған азықтың барын жинап, қазан көтеріп, бұл күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп тойлатқаны жайлы баяндалады. Әрине, қанша жерден атақты Мәшһүр Жүсіптің өзі жазды дегенмен, арқауы аңыз екені белгілі. Бірақ бабатаным түйсік түбінде әлдененің жылтырап жатқандығын аңғартып-ақ тұр. Деректер мен дәйектер алысқа тартады.
Ал әдебиеттанушы ғалым Мекемтас Мырзахметовтiң пiкiрiне сүйенсек әз-Наурыз көшпелi түркi жұрты зороастризм сенiмiнен бұрын тойлаған. Оған дәлел ретiнде көне «Афрасиаб» жырын мысалға келтiредi. «Афрасиаб» жырында көшпелiлер көктем шыға Ұлыстың ұлы күнiн атап өткенін айтады. Бұған қоса, ғалым жоғарыда біз тілге тиек еткен «Наурыз» атауы туралы тоқталып, оның Иран мәдениетiнен Тұран мәдениетiне сiңiскен термин екенін тәпсірлейді. Бертінде Ұлыс күнін «наурыз» терминімен жымдастырғанымен мазмұн тұрғысынан алып қарағанда бұл мейрам ежелден түркi жұртында бар дәстүр болған деген сөз.
Дәстүр демекші, қадым заманнан бері қазақ қоғамында бұл мейрамның өзгеше әдет болғаны аян. Соның ішінде ерте кезеңдерде адамдар бір күнін тепе-теңдік, кішіпейілділікке арнап, патша тағынан түсіп қара болып, қара шекпенін тастап бір күнге патша болғаны айтылады. Ал мұндағы кешірімнің, адамдар өзара бауырласу «науқанының» қаншалықты деңгейде аталып өткенін айтып отырудың өзі артық болса керек.
Ол аз десеңіз этнограф, ғалым Жағда Бабалық зерттеулері бойынша қытай жылнамаларында арғы ата-бабаларымыз саналатын ғұндардың Наурыз мерекесiн тойлағаны жазылған. Бұл туралы ол «Наурыз – мұқым ғаламның жыл басы мерекесі» деген мақаласында егжей-тегжей атап өткен. Сол мақаланың бір жүлгесінде Ғұн қағандары күн мен түн теңелген 22 наурыз күнi атқарған істері жазылады. Онда олар таңалакеуiмде таудың басына шығып, көкке қолын жайып, Тәңiрден тiлек тiлегеннен кейiн абыздар қобызбен аңыратып тұрып 9 қоңыр күй тартып, iле-шала 365 жiгiт қолдарындағы қобызбен 365 күй шертетіні, яғни әр күнге бiр күйден арнайтыны айтылған. Осылайша, Наурыз мейрамы басталып, түрлi дәнді дақылдан наурызкөже жасалып, салт-дәстүрлер мен ұлттық ойындар өткiзiлiп, ат шаптырып, көкпар тартылып, мерекенi мәре-сәре болып тойлаған.
Данышпан Абай атамыз: «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген мақаласында Наурыз тарихын көшпелі халықтар дәуіріне тірей келіп, «хибаги», «хүзағи» деп аталған заманда бұл мерекенің болғандығын, «ол күнде наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз» деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен» деп кеңінен толғап кеткен.
Хакімнің тұжырымын сабақтай келіп, Алаш арысы Міржақып Дулатовтың да пікіріне құлақ түрген жөн. «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп», деген мәтелді мысқыл мен кекесінге сүйеп айтып: «Мұсылман жұрттарына ортақ, жылына екі рет келетін Ораза, Құрбан айттарын есепке алмағанда, бізде жалғыз мейрам бар. Ол – Наурыз», деп қаламгер түгел ойын төрт ауыз сөзге сыйғызған.
Алаш алыптарын ауызға алғанда Ахмет Байтұрсынұлының да орамды ойы санаға сәуле төгеді. «Наурызды қазақтан басқа Күншығыс жұрттарының көбі мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрамы етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, наурыздың ескіше 9-ында, жаңаша 22-сінде күн мен түн теңеледі. Қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі». Бұл Алаштың азаттығын аңсаған қайраткердің зерделі пайымы.
Жоғарыдағы төрт таған пікірдің өзі көп күрмеудің түйіншегін шешіп, сан сауалдың сарабын «мінекейлеп» ұсынып тұрғандай. Елі үшін аянбай еңбек еткен қайраткерлердің атқарған ісі түгел өнегелі. «Наурыз мейрамы» мен «Ұлыстың ұлы күні» немесе «Жаңа жыл» атауларының дәлме-дәл тарихи ақиқатына табан тіресек, сол турасында толғанған зерттеушілердің тұжырымынан әрі асып кете алмаспыз.
Жалпы, «Наурыз» сөзінің бастапқы жасалым қағидасына, түп-тегіне үңілсек, бұл атаудың парсыдан кіргендігі анықталады. Нақпа-нақ аудармасы – «жаңа күн». Осы парсылық «нау» сөзі әртүрлі өзгерістерге ұшыраса да көп халықтың тілінде әуелгі мағынасы бойынша сақталып қалған. Айталық, немісше «нойе», латынша «нео», тіпті орысша «нов» сөздеріне негіз болған дейтін түрлі болжамның бары да рас. Тиісінше, бұған ұқсамайтын, ұқсаса да тұлғалық жақтан көптеп өзгеріске түскен атаулар тізбегі де молынан кездеседі. Мәселенки, осы күнді гректер «патрих», тәжіктер «гүл гардон», «гүлнаурыз», соғдылықтар «наусарыз» десе, хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардуган», армяндар «навасарди», ал буряттар «саган сара» деп әр ұлт өз түсінігіне орай түрліше атаған. Демек мейрам сипаты тұрғысынан көп халыққа ұқсас ерекшелікке ие болғанымен оның нақты жалпыға ортақ бір атауы болмағанға ұқсайды.
Аңыз-әпсаналардан тамыр тартқан, ежелгі халық ауыз әдебиетімен астасып жатқан Ұлыстың ұлы күні ең айшықты мереке. Әсіресе күллі түркінің қарашаңырағына айналған қазақ халқы үшін қадірлі һәм қасиетті. Егемен еліміздің ғұлама ғұрпы, даңқты дәстүрі, салиқалы салты сонда жатыр. Әуелден әз Наурыз жаңа күндердің бастауы, бірліктің ұйытқысы болған, бола да бермек.