Ғаламат көктемнің иісі, көңілдің хошы аңқыған, нәуірзектей құсының таңдайында тамылжи «ән» шалқыған бұл күн – ардақты әз-Наурыз! Ардақты болмай қайтсін, үш мың жыл бойы үзбей тойланып, 300 миллион адамды қуанышына ортақ еткен ұлық таңның ұлағаты қазаққа аз болмаса керек-ті.
Олай дейтініміз, әлемдік күнтізбе ауысатын қаңтардың бірінші күнінде жаһанның жалпақ жұртынан жырыла қалып, «жылымның басы наурыз» деп сіресіп отыратын тағы біз – қазақ қой. Сөйте жүріп көктемнің алғашқы таңы атқанда «Міне, менің Жаңа жылым!» деп алты құрлыққа айқайлата жар салу да – тұп-тура сіз бен біздің маңдайымызға бұйырған мерей емес пе?!
Дәл осы күні, үлкендердің айтуынша, күн сәулесі Жер шарының шығыс бөлігінде таңғы сағат алтыда себезгілеп атқанда, біздің байтақ далада сағаттың тілі түнгі үштің төңірегінде тыпыршиды екен. Мереке таңы болып атуға аламан күткен жүйріктей асығып. Содан ба, әлде табиғат жүрегінде қозғалған сеңнің бір ұлы дауысынан ба – төңірек түгел тұлпар тұяғынан ұшқан түрлі дыбыстардай тоғыса құйқылжитындай. Дегбірсіз алағызасыз. Ерекше елегізесіз. Осы сәтті жүрекпен сезіп, көңілмен кешсеңіз, сіз түркі топырағына төгілген ғажап нұр мен даланы кезе қыдыратын Қызыр бабаның құдіретін сезінетіндейсіз. Бала көңілмен үлкендер сөзіне ұйып, қария көңілмен тағатсыздана күтетіндейсіз. Сөйтіп, бір өзгеше күйге оранған кейіпкер болып, дүн-дүниенің қызығына таңғалатындайсыз! Өйткені сан ғасырлар бойы сақталған қазақы наным-сенім бойынша бұл түні Самарқанның көк тасы да жібиді делінген. Оның себебі, бір айрықша нұр сол тасқа түседі (аңыз). Осы себепті де атам қазақ атаулы мерекеге орай аталы сөз арнап, «Бұл күні Самарқанның көк тасы да жібиді, сендер де++ жақындарыңа деген өкпе-реніштен айығыңдар. Көңілдегі мұзды ерітіңдер», деп көпке көмегі көрнеу өсиет айтқан. «Көмегі» деп көлдей етіп айтқанымыз сол – бұл күнде жұрт қабағы жазылып, жүрегі жұмсап сала береді содан.
Ол ол ма, 22 наурыз қазақ үшін тағы ырыстың, берекенің, молшылықтың қазаны бұрқ-сарқ қайнаған, тірлігінің базары гүлдей жайнаған баяшат мезет сынды. Қасиетті күн. Ақ түйенің қарны жарылып, ақ өзеннің құрсауы қайтқан күн деп содан айтады-ау, тәйірі?! Тап осы таңнан, дәп осы күннен бастап тіршілікке тың күш бітетіндей. Сосын да бұлқынып жатқан бұлаққа барып, көзін ашамыз, жас шыбықтың өзіне де аса бір махаббатпен қараймыз келіп. Өлшеусіз махаббат та, мейірім-шапағат та дәл осы күні әркімге нәсіп болардай. Әрбір жанның бойы сондықтан нұрдан балқырдай күй кешеді. Жер жүзінің дүр сілкініп, дүрия көйлек киген арудай еліте қалатыны, көңілдің нәзік қылын шерте қалатыны несі екен деңізші?!
Бәлкім, сол үлкендер айтатын: «Самалық, самалық, көк құс көзін ашты ма? Аяғын жерге басты ма?..» деп келетін Наурыз жырындағы әлгі көк құс көптің көкірегінен көктем сайын пыр-пырлап ұшар көкпеңбек көңіл құсы ма еді, кім білген?! Әйтеуір, біз – Мәңгілік елдің егесі дарқан қазақтар Ұлы дала төсін дүрліктіре осы мерекені тойлауда алдымызға жан салған емеспіз. Бабадан мирас, атадан аманат бұл дәстүрдің бұдан соң да үзілуі мүмкін емес. Керісінше, ғасырдан-ғасырға дәл бүгінгідей даңқы асып дүркірей бермек!