Руханият • 20 Наурыз, 2021

Сөз сойыл №102

2658 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №102

Сипағанды білмеген

Сиыр жылында жаңадан сайланған бастық — жас пері фермадағы атакәсіптен қалыптасқан үрдіс-үлгіні тәрк етіп, бәр-бәрін, ғылыми негізде жаңадан бастауға құлшына кірісті.

Бір жорналдан оқығаны бойынша, алдымен мал тұрағына эстетикалық сән беру керек деп шешті де, сиыр қораның қабырғасын түрлі-түсті сәнге бояп, өзінше өрнектеп өзгеше етті де, ұзыннан ұзақ орта жолға түгі жылтыр төсеніш төсетіп тастады.

Е, несін айтасың, сиыр екеш сиыр да бұл көз жауын алар жалт-жұлтқа өзгеше қарап, бір түрлі кербез қимылмен кердең қаға кіріп шығады. Түрлі-түсті қабырғаға көз жанарын төңкере «Әп, бәрекелді!» дегендей мөңіреп қояды.

Дегенмен, әзірше бұл өзгешелікке бола сүт молая қойған жоқ. Ферма бастығы мұнымен тоқталмай, тағы бір жорналдан оқығаны бар: сиыр қораға деп гүл тектес өсімдіктердің нешеме түрін алдыртып, әр-әр жерге түп-тамырын топырақпен көмкерді де тастады. Сән-салтанатқа бөленіп, қора ішінен жұпар иіс аңқып тұрса да, ағыл-тегіл сүт ағыны байқалмады.

Жас пері тағы бір жорналдан түйгені бойын­ша, қораның кірер басы мен түп қуысына радиомагнитофон орнатып, небір әуезді ән-күйді тамылжыта шырқатып қойды. Ал осы бір іргелі іске деп сатып алдыртқан нән рояль­ді орта тұсқа ойып орнатып, оны ойнай алатын маманды аудан орталығынан арнайы алдыртып, күніне бес мезгіл симфониялық әуезді қалқытты. Бірақ, сиыр біткеннің жү­ріс-тұрысында мипаздық байқалып, әуезге елти құлшына күйіс қайырғанымен, жасалған жаңалықтарға тосырқағандықтан болар, берер сүт шамасы бұрынғысынан күрт азайып кетті...

Бұған бұлқан-талқан болған жас маман, ғылыми негіздегі заманауи жаңалықтың бәр-бәріне қолды бір-ақ сілтеп, сипағанды білмес сиыр атаулыға атакәсіптен қалыптасқан үрдіс-үлгі бойынша алдына құшақ-құшақ көк шөп тастап, сатып алған рояльдан науа жасап, оған жемнің екі-үш түрін толтырып, бір уақ сыртқа шығарып, жайылтып, бұлақ суымен суарып еді, ертесіне-ақ сүт шіркін ағыл-тегіл ағытылып, ыдыс-аяғына сыймай асып-төгілгені бар...

Аркадий ИНИН

 

Мен жайлы мәтелсымақтар

  • Сүзеген сиырға тәңірі мүйіз бермейді.

 

  • Семіз өгізден арық бұқа артық.

 

  • Арық өгізге ұзын мүйіз не керек.

 

  • Бұзаулар ортасында бұзылған бұқа жүреді.

 

  • Желге желіндеген – мұзға бұзаулайды.
  • Аяз мүйізді қысады, мүйіз сиырды қысады.

 

  • Бір үйде екі әйел болса – ойран,

Бір үйде екі сиыр болса – айран.

 

  • Сиыр мүйізді өгізде күш жоқ,

   Өгіз мүйізді сиырда сүт жоқ.

 

  • Сиырды сойғаннан сауған тиімді.

 

  • Сүт бермеген сиырдан – шайқатық берген ешкі артық.
  • Сүзеген бұқа мүйізін жасырмайды.

 

  • Жаман сиыр жазда бұзау­лайды.

 

  • Сиыр бақтық – сидаң қақ­-

тық.

 

  • Бұқаны малым бар деме.

 

  • Сүтсіз сиыр сүзеген.

 

  • Болдырған сиыр молаға сүй­кенеді.

 

  • Буаз сиыр сүзіспейді.

 

Сиыр жылы ашылған бал

 

Басқа жылдай емес сиыр жылының да, басқа малдай емес сиыр малының да ерекшелігі мен түрлі-түрлі қасиеттері де көп. Бірақ мұны екінің бірі түгілі, мүйізі қарағайдай екі ғылым докторының басын өгіздің шекесіне қосып қайнатсаң да біле бермейді, біле бергендер құлағына іле бермейді. Ендеше, мен айтайын, сіздер тыңдаңыздар. Яғни сиыр жылы сиырдың сиқырлы сырлары туралы бал ашып көрейін.

«Сүзеген бұқа мүйізін жа­сырмайды». Яғни сиыр жылы туып, сиыр жылы бастық бол­ған адам сиыр мінезді, сиыр мүйіз­ді сүзеген болады және ол сү­зетінін жасырмайды. Қа­ра­мағындағылармен сиырша мүйіз­десіп, сиырша алайысып күн өткізеді. Мұндайларға егіз бұзаулаған ұрғашы қара сиырдың сүтіне спирт пен коньяк қоспай-ақ сиырсілекей, сиырбұршақ, сиыр­жоңышқа, сиырқұйрық шөп­терін диірменге тартып, келіге түйіп, шикідей жегізсе «ақ жыны» басылады.

«Сүзеген сиырға құдай мүйіз бермейді». Яғни сиыр жылы туып, сиыр жылы екінші немесе үшінші рет тұрмысқа  шық­қан әйел сүзісетін сиырдай сілкілеспей немесе ұрыспай-қа­ғыспай, қағынбай қарап отыра­ алмайды. «Сиыр сипаған­ды­ білмейді» дегендей, мұндай­лар­ды сылап-сипамай-ақ, ұрыс-қа­ғыстың аяғын ақырын сиыр­құйым­шақтатып барып, сиыр ізіне са­лып жіберген жөн болады.

«Жаман сиыр жазда бұзау­лайды». Яғни сиыр жылы тұсауы кесіліп, сиыр жылы күйеуге шық­қан әйел неше бала тапса да ылғи мезгілсіз уақытта іссапарда жүріп, курортта жүріп те босанады.  Мұндайда оның баласының кіндігін мүйіз сапты пышақпен кесу керек. Әйтпесе келесі баласын мұнан да жаман жерде туады.

«Екі үйге бір көсеу» (жұм­бақ: сиырдың тілі, қос танауы).  Яғни сиыр жылы бәйбі­ше үстіне тоқал алған немесе то­қал үстіне нақсүйер іздеген тірі еркек өзін ыстық (немесе іс­тік) көсеу үстінде отырғандай сезінеді. Бұл кезде ол мүйізді ірі қарадай  өкіре ме, әлде өкіне ме, өзі біледі. (Обалы сиыр жылына бол­сын). Амал жоқ, мұны «сиырма құйрық» сөзбен жұбатасың.

«Сиыр бақтық – сидаң қақтық». Яғни сиыр жылы тумаса да сиыр жылы қосылған әйелің әр сиыр жылы шаныш­қақ тиген сұлу сиырдай үйде тұр­ма­са, оны сидаң қағып іздесең, сиыр сәскеде ғана сиыр тектес еркектер арасынан табасың. Қазақ ырымында сиыр жылы туғандар сиыр бауыздамайтыны сияқты, сиыр жылы қосылғандарға да бұл жылы айырылысуға болмайды.

«Бұқаны малым бар деме». Яғни сиыр жылы туған күйеуің бойдақ болса... кешіріңіз, қай­на­ғаң сиырымен ажырасып, ке­шіріңіз, әйелімен ажырасып, содан әукесі салбырап, аусыл сиырдай аузынан суы ағып әйелдерге бұқаша қараса, келін-ау, оны көп уайымдама. Десе де «бұқа иесіне бұзау жоқ» дегендей, бұзаусыз келсе оған тағы өкпелемеген жөн. Сәтін салса, бір күні бұзаулы сиыр тауып әкелуі әбден мүмкін.

«Ниеті жаман бұқа бұзаумен жайылады». Бәйбіше, егер сиыр жылы сүндеттелген шалыңыз сиыр жылы пенсияға шыққанмен, оның «жігітшілігі» мен жаман ойы пенсияға шықпайды. Кейде  ойда жоқта оқырасы қозып қоқаңдаса, оны о...сиырдай қыла көрмеңіз. «Бас білетін өгізге «өк» дегеннің өзі өлім» дегендей, шалдуар шалыңыз бас білетін «өгіз» болса ештеңе бүлдірмес, оған «өк» демей-ақ қойыңыз. Бос тұлыпқа мөңіреп жүргенін кеш біліп өңкілдеп өзі-ақ келеді.

«Қашарым-ау, қашарсың, бұ­зауларыңда сасарсың». Яғни сиыр жылы құлағы мен мұ­рыны тесілген сиырдай сиықсыз бал­дызың үйде байласаң да тұрмай, қашақ қашардай қашып кетті дейік. Жеңгесі айтқандай, «буаз қашарың бұзауын ертіп» өзі де келіп қалар. Бірақ оған бір ауыз сөз айтпа, онда ол мөңкуі де, тіпті мүңкуі де мүмкін. Екеуінен де сақтан. Сиырдың тепкені жыл­қы тепкеннен  де жаман болады.

«Сиырға су көрсетпе». Бұл мәтелдің екі жағы бар. Яғни сиыр жылы үйленген еркекке сиыр жылында әйел көрсетпе. Сол сияқты сиыр жылы тұрмысқа шыққан әйелге еркек көрсетпе. Егер бұлар бір-бірімен сүйісіп қалса да, сүзісіп қалса да айыру қиын болады. Өйткені мұндайлар қарасан келген сиырдай мезгілсіз мөңірейді, не адамша өңірейді. Сиырдың әдеті қашанда осындай.

«Сүтсіз сиыр сүзеген». Яғни кәмелетке толмаса да сиыр жылы тұрмысқа шыққан әрі сиыр жылы егіз қыз туған әйелдің сүті сәпсем аз болады. Бірақ ұрыс-қағысы өте көп болады. Ұра алмасаң да бұзаутіс қамшыны тұсыңа іліп қоя сал. Бірақ қамшы жұмсама. Өйткені қамшы сиыр терісінен өрілген ғой. Айналып келіп өзіңе тиюі мүмкін.

«Болдырған сиыр молаға сүйкенеді». Яғни сиыр жылы қосылған еркек те, әйел де қартайған кезінде және әр сиыр жылы еріншек, көңілшек, күшеншек, ұрысқақ, ұрыншақ, қызғаншақ, ашуланшақ, жа-ңылшақ, ұмытшақ, т.б... қақ... шақ... мінездері болады. Екеуі­ де орнынан сиыршалап тұ­рып, ақсақ сиырша таяғына сүйе­ніп келіп, қотыр сиырша сүй­кеніп «соғысады». Сол кезде «қаш­паған қашардың уызын» берем десең, қайтадан орнына барып жығыла салады.

 

Кенже АХМЕТҰЛЫ

 

Соңғы жаңалықтар