Аймақтар • Бүгін, 08:03

Қос ауылдың қуанышы

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарасай ауданындағы Абай елді мекені Алматы қала­сымен қолтықтасып жатыр. Соған қарамастан мұндағы тұрғындарға қызмет көрсететін медициналық мекеменің іргетасының қаланғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Ауыл халқының саны еселеп артып, тар­лық еткенімен қоса, то­зығы жеткен мекеме бүгінде еңселі екіқабатты ғимаратқа ауысып, ауыл­дың көркін кіргізді. Сөйтіп, еңкейген қарттан бастап, еңбектеген баланың қуанышын еселеді.

Қос ауылдың қуанышы

«Ауылдық денсаулық сақ­тауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында кейінгі екі жылдың ішінде облыста 38 медициналық нысан салынып, пайдалануға берілді. Оған 9 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгені тура­лы Алматы облыс­тық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Ержан Сүлей­менов атап өтті.

«Бүгінде халық тығыз қоныс­танған Қарасай ауданының Абай мен Үштерек ауылдарында ме­дициналық-санитарлық алғашқы көмек орталықтары ашылып жатыр. Қос ауыл үшін бұл үлкен жаңа­лық. Жа­ңа нысандар заманға сай салынып, заманауи техникамен жарақтандырылған. Бұлардың әрқайсысы 50 адамды қабылдауға қауқарлы. Олар білікті, тәжірибелі дәрігерлермен, орта буын медицина мамандарымен қамтылған. Халыққа қалтқысыз қызмет көрсету – басты мақсатымыз. Осы күні Абай ауы­лында 50 мың­ға таяу халық тұрады. Соған орай медициналық көмектің ауқымын кеңейтіп, дәрігерлер санын арттыру да маңызды», деді басқар­ма басшысы.

а

Жаңа медициналық нысан­ның ашылу салтанатына ауылдың ақсамайлы қариялары мен тұр­­ғындары көптеп жиылды. Қуанышты сәттің куәгерлерін Қарасай ауданы­ның әкімі Жас­ұлан Естенов құт­тықтады. Ол өз сөзінде ауданның Ақ­сеңгір, Көктоған, Кемертоған ауыл­дарында да жаңа нысандар бой көтеріп, пайдалануға берілгенін, ал­дағы уақытта Қаратөбе ауылындағы фельшерлік-акушерлік пункт іске қосылатынын атады.

«Осы Райымбек ауылдық окру­гі­нің орталығы Абай ауы­лындағы медициналық мекемеде 1978 жылдан бастап бас дәрігер боп жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Ол ғимарат өте ескіріп, еңсені басатын еді. Жаңа ғи­мараттың ашылуын асыға күттік, разымыз. Еліміздің өркендеп, күн­нен-күнге көркейіп жатқанын нақ­ты істерден сезі­ніп жатырмыз. Қа­рия­ларға қам­қорлық танытудан аянбайтын ақ халатты жандарға алғыс айтамыз», дейді ауыл ақсақалы Көгершін Әбдуәлиұлы.

Абай ауылының тұрғын­дары­на есігін айқара ашқан жаңа ме­ди­циналық-санитарлық ал­ғаш­қы көмек орталығының меңгерушісі Айжан Баймаханова мұнда бұрын-соңды болма­ған стоматологиялық, лаборато­рия­лық, акушер-гинеко­­ло­гиялық, физиоемдеу, егу кабинет­тері, сонымен қатар 5 төсектік күндіз­гі стационар заманауи құрал-жаб­­дық­тармен жарақталғанын қуана тілге тиек етті.

Енді басы ауырып, балтыры сызда­ған тұрғындар анализ тапсырып, тіс емдету үшін аудан орталығына сабыл­май, ауыл ішіндегі су жаңа орта­лық­тың білікті дәрігерлеріне қара­лып, тиісті ем-шараларын қа­был­­дай алады.

Дәл осындай жан жады­ратарлық жаңалық түс ауа Үште­рек ауылында жалғасын тапты.

 

Алматы облысы,

Қарасай ауданы

Соңғы жаңалықтар

Жастар – өзгерістің тың күші

Жастар • Бүгін, 08:53

Табыс неге азайды?

Экономика • Бүгін, 08:48

Іскер болмай, ілгерілеу жоқ

Экономика • Бүгін, 08:40

ЖИ-ді оқу жүйесіне енгізу жеделдейді

Жасанды интеллект • Бүгін, 08:35