Келушілер назарына қазақтың ұлы ақыны Абайдың жары – Ділда Алшынбайқызының қос ішекті қалақ домбырасы, қазақ тарихы мен мәдениетіндегі шоқтығы биік тұлғалар – Әміре Қашаубаев, Жаяу Мұса, Манарбек Ержанов, Елубай Өмірзақов, Күләш Бәйсейітова, сондай-ақ Қаныш Сәтбаев, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Әліби Жангелдин, Кемел Ақышев, Өзбекәлі Жәнібеков қатарлы ғылым, мәдениет және өнер майталмандарының музыкалық аспаптары ұсынылған. Сонымен бірге көрмеден сахналық аксессуарларды, ғибратты ғұмыр иелерінің өмір өрнегінен сыр шертетін бейнелеу өнер туындыларын да тамашалауға болады.
Қазақ халқының тарихи-мәдени, әлеуметтік және рухани өмірінде музыка өнері айрықша мәнге ие. Сан ғасырдан сарқылмай жеткен музыкалық дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, халық шығармашылығының ажырамас бөлігіне айналды. Музыкалық мәдениетіміздің негізін ән, ауызекі дәстүрге негізделген суырып салмалық, эпикалық, сондай-ақ аспаптық шығармалар құрайды. «Бабадан қалған сырлы әуен» деп аталған бірегей көрме қазақ мәдениетіне қалтқысыз қызмет еткен қайраткерлердің көзіндей болған сырлы аспаптардың сиқырлы үніндей ыстық.
200-ге жуық жәдігер қойылған көрме қабырғасынан музыкалық аспаптардың ішекті, үрмелі, тілшелі, соқпалы түрлері – жетіген, шертер, қобыз, сыбызғы, сазсырнай, асатаяқ, тұяқ, қоңырау және тағы басқаларын табасыз. Ең бастысы, қазақ үшін заттық және әуездік төл мұра әрі ұлтымыздың символикалық нышанына баланатын домбыраның сан алуан түрі көрме төрінде самсап тұр.
АЛМАТЫ