Қоғам • 21 Наурыз, 2021

Неміс жерінде де Наурызды тойлайды

1609 рет көрсетілді

Бұдан бірнеше жыл бұрын «Егеменге» «Сатының сәнін келтірген Оттоның он баласы» деген мақала жазған едік. Сол бір мақала Оттолар әулетін қатты қуантып, өткеннің ауыртпалығын бір сәт ұмыттырғандай болды. Тіпті біздің жазған мақаламыз Германияға дейін жеткені бар. Гросс Оттоның үлкен ұлы Альберт Гросс өткен ғасырдың 90-жылдары сол жаққа көшіп кетіп, орнығып қалған еді.

Наурыз мерекесі қарсаңында Герма­нияда тұратын Альберт Гросс пен әйелі Мария апай есімізге түсті.

– Альберт пен Мария Германияда өздері бір қазақы отбасы болып отыр ғой. Әйтпесе, ол жақта құда-құдағи, құй­рық-бауыр жеу дегенді немістер қай­дан біледі? – деп марқұм Отто ақсақал сол кезде бізді бір күлдіріп алып еді.

– Наурыз мерекесі құтты болсын! Германияда тұратын ата-анаң Наурыз мерекесін қалай атап өтеді? – деп біз Альберт ағаның қызы Галинамен хабар­ластық.

– Құтты болсын! Ауылда өскен, қазақ­­тың тілін, салт-дәстүр, әндерін біле­­тін әкем Альберт те, анам Мария да бар­­лық мерекені атап өтеді. Қазір Наурыз­­ға дайындалып жатыр. Анам ет, бау­ыр­­сақты жиі пісіреді. Ағаштан жасалған ет салатын астауы бар. Өздері «үл­кен ас» деп атайды. Өзге елде тұрса да, қазақ­тың ұлттық тағамдарын да­йындауды, ет асуды, бауырсақ пісіруді ұмытқан жоқ. Бір-бірімізді Наурыз мейрамымен құт­тық­таймыз, – дейді Галина.

Ал біз сөз басында есімін атаған мар­құм Гросс Отто ақсақалмен 2006 жылы Май ауданындағы Абай ауылына барып әңгімелесіп, айтқандарын жазып алған едік.

Ауылға барғанда көргенім әлі есімде: бауырсақ, май, құрт, ірімшік, қоспа, қазы-қарта толы дастарқан. Соғым сояды. Қазақы дөңгелек үстел, ты­ныс-тіршілік, қора-қопсы, ішкен тамақ, сөйлеген сөз – бәрі де неміс отба­сының  нағыз қазақы шаңырақ  екенін аңғартады.

1941 жылдары Қырымнан жер ауда­рыл­ған басқа да неміс отбасы­ларының арасында Отто Гросс пен Эрика Дувстың ата-ана, туған-туыстары да болды. Ата-аналары жол үстінде қайтыс болады, қай жерде қайтты, қайда жерленді – Отто атамыз ол жағынан бейхабар. Бауыры екеуі мүлде панасыз қалады. Ол кезде Отто 13 жаста. Ағасы, немере ағайындарымен бірге бұ­рынғы атауы Саты, осы күнгі Абай ауылына келеді.

Осы ауылда Отто мен Эрика 1949 жылы қосылып, отбасын құрады. Саты ауылы­ның сәнін келтіріп, 7 ұл мен 3 қыз өмір­ге келеді. Қазақтар сияқты немістер де «бала­жан халық» атанады. Бәйбішесі Эрика екеуі ұл-қыздарын өсіріп жеткізді. 

– Ауылға келгенде атам мен бауырын, яғни екі жетім баланы қазақтар бауырларына басып, мейірімділікпен қарсы алыпты. Бастарына түскен осы бір қиын уақыт жайында апам мен атамнан жиі естідім. Олар: «әр үйдің шаруасына көмектесіп, балалармен ойнап жүріп-ақ қазақ тілін үйрендік. Қазақ – балажан, малсақ халық», деп айтушы еді үнемі. Атам Отто да, апам Эрика да өмір бойы өздерін «қазақпыз» деп, қазақтың салт-дәстүрін, ырым-тыйымдарын қатаң сақтап өтті. Бізге де айтып жүрді, есіміз­де қалсын дегендері ғой, – дейді немерелері, облыс орталығындағы №43 мектептің  мұғалімі Инга Гросс.

Ол Абай ауылындағы қазақ мек­тебін бітіріп, университеттің қазақ фи­ло­логия факультетін тәмамдаған. Жұбайы Сұңғат екеуі екі ұл тәрбиелеп отыр.

– Атамның Германияда тұратын үлкен ұлы Альберт ағам елге келіп тұрады. Қызы Галина жолдасы Дидар екеуі қазір Павлодар қаласында, ал ұлы Евгений Германияда тұратын Раушан деген қазақ қызына үйленді. Бәрі де қазақша біледі. Елден алыста тұрса да, салт-дәстүр, түрлі жоралғы, мерекелер­ді атап өтеді. Қазақша әндер айтады. Былтыр ағамыз 70 жасқа толғанда қызы Галина шапан, қамзол, түрлі орамал толы қазақы қоржын апарып, тойбастар сыйын толтырып, шашу шашып қайтты, – дейді Инга.

Айтпақшы, Оттоның он баласының бәрі де ауылдағы қазақ мектебінде білім алды. Үлкен келіндері Марияның төр­кіні ғана өзге ұлт демесеңіз, Отто мен Эриканың басқа құдаларының бәрі қазақ­тар: Альберт-Мария, Евгения-Төлеу­тай, Иван-Бахытнұр, Валентин-Роза (марқұм), Светлана-Нұрлыбек, (мар­құм) Райнгольд-Жаннат, Сергей-Эль­вира, Алина-Жарас, Александр-Авгус­та, Владимир-Жұлдыз. Барлығы да туыс-туған, құда-жекжат болып осы Саты­ның жерінде мәңгілікке қалды. Ауы­лдың ақсақалы атанған Оттоның ұл-қыз­дары бұл күнде бүкіл Май ауданы құрметпен айтатын үлкен әулетке айналды.

– Наурыз құтты болсын, жерлестер, қазақстандықтар! – деді біз хабарласқан кезде Альберт Гросс сонау Германиядан елге құттықтау сәлемін жолдап. – Алыста жүрсек те, балалық, жастық шағымыз өткен Саты даласы, Абай ауылы, туған ел, жеріміз жүрегімізде. Наурыз айы берекелі болсын! Әкеміз ылғи айтатындай, мал-жан аман, еліміз тыныш болсын!

 

Павлодар облысы,

Май ауданы

Соңғы жаңалықтар

Түркістанда үшем дүниеге келді

Аймақтар • Бүгін, 12:50

Ертең Үкімет отырысы өтеді

Үкімет • Бүгін, 11:31

Тәуелсіздік тұлғалары

Елорда • Бүгін, 09:16

Аида – әлем чемпионы!

Спорт • Бүгін, 09:14

Алматы қаласы «сары» аймаққа өтті

Коронавирус • Бүгін, 09:09

«Ақ бидай» ойындары аяқталды

Ұлттық спорт • Бүгін, 09:03

Жастар жәрдемі

Аймақтар • Бүгін, 08:55

Сенім арт маған, туған ел!

Аймақтар • Бүгін, 08:54

Сақтанған сау қалады

Медицина • Бүгін, 08:47

Оқушыларға абай болайық

Аймақтар • Бүгін, 08:42

Дамудың сенімді іргетасы

Қазақстан • Кеше

Іні-досқа ілтипат хат

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар