Экология • 20 Наурыз, 2021

Шалқар көлінің түбін тазарту жұмыстары басталды

642 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы өңірдегі өзекті экологиялық мәселелерді шешуге арналған  жиында белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шалқар көлінің түбін тазарту жұмыстары басталды

«Шалқар көлінің түбін тазарту жұмыстарына су мамандары мен сарапшыларды тарттық. Былтыр жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары аяқталған болатын. Үкімет аталмыш жобаны қолдап, биыл  оны жүзеге асыра бастаймыз. Ауқымды жоба үш жылға жоспарланғанымен, жұмысты ыждағаттап, екі жылда аяқтауға болады. Көлді қалпына келтіру жұмыстарының рекреациялық және шаруашылық тұрғыдан өзектілігін айтпағанның өзінде, аймақ экологиясы үшін маңыздылығы зор», деп атап өтті жиында облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Шалқар ауданы тұрғындары арнасы жылдан-жылдан азайып бара жатқан Шалқар көлінің түбін тазарту мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп жүр. Өткен жылдың соңында Сенат депутаттары көлді қалпына келтірудің  аймақ экологиясы үшін  өзектілігін мақұлдап, республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге бөлуге  ықпал етті. Депутаттардың жедел іс-қимылының арқасында биылғы жылдың басында 432,95 млн  теңге көлемінде алғашқы транш бөлінді.

Айта кету керек, Шалқар көлі  түбінің тартылып, батпақтануы 1990-шы жылдардың бас кезінде басталды. Оған жылма-жыл  көктемде көлге құйылатын су мөлшерінің азаюы да себепші болды. Сарапшылар бір-бірімен жалғасқан үлкен және кіші Шалқар көлдерінің тартылу себептерін  ағынды сулардың аздығынан, су үсті және су асты өсімдіктері көбеюінен бұлақ көздерінің бітеліп, су сапасының нашарлауынан көреді. Бастауын  Мұғалжар қыраттарының бойындағы қар суымен толығатын бұлақтардан алатын үлкен және кіші Шалқар көлдерінің қазіргі уақытта қатты  тартылғаны соншалық,  жағалаудан бірнеше шақырымға алыстап, құрғаған арналарын қамыс мен қоға басты.  

Экологиялық  жобаның бас мердігері – «TOLAGAI-2050» ЖШС-і сарапшылар мен гидролог мамандардың қатысуымен талдау жұмыстарын бастап кетті. Енді қар кетісімен көлге су келетін аңғарлар мен бұлақ бастауларын толық зерттеу жұмыстары басталмақшы. Оған табиғат қорғау мекемесінің мамандары да атсалысып, қалпына келтіру жобасының көлді құрту жобасына айналып кетпеуін қатаң қадағалауы қажет. Жергілікті табиғат жанашырлары, соның ішінде Шалқар ауданының белсенді азаматтары  көлді тазарту жұмыстарының қоршаған ортаға зиян  келтірмей жүргізілуін ерекше бақылауда ұстауы тиіс.