Сауран ауданының әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы болады. Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері шығарылып, Сауран ауданына өтеді. Жаңа ауданның құрылуына байланысты атқарылатын барлық іс-шаралардың жүзеге асуымен арнайы комиссия айналысады. Шорнақ ауылында жаңа ауданның құрылуына орай өткен салтанатты шарада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Ұлыстың ұлы күні қарсаңында тарихы бастау алған игі іске атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтты. Жаңа ауданның даму жоспары жайлы ой бөлісті. Аудан құрамына енетін елді мекендердегі мемлекеттік қызметтерді алу сапасы көтеріледі. Әлеуметтік мәселелер оң шешімін тауып, жаңа жұмыс орындарының ашылуы секілді маңызды мәселелерге басымдық беріледі. Ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамуына күш салынады.
Қолданыстағы заңдарға сәйкес, Мемлекет басшысының ауданды құру туралы Жарлығын орындау мақсатында әкімшілік құрылымын жасақтау үшін алдымен аудандық мәслихат құрылады. Тиісінше мәслихат келісімімен аудан әкімі тағайындалып, ауданды басқару жүйесі және бюджеті бекітіледі. Құқық қорғау органдары мен министрліктердің аудандық бөлімшелері өз қызметін бастайды. Сондай-ақ облыс әкімі алдағы 1-2 жылдың көлемінде барлық әкімшілік, әлеуметтік нысандардың құрылысы бітіп, пайдалануға берілетінін атап өтті. Ал әзірге мемлекеттік органдар мен
аудан әкімдігін қоса алғанда уақытша жекелеген нысандарды жалға алып, жұмысын жүргізеді. Жаңа аудан халқының саны 100 мыңнан асатын болады. Аудан тұрғыны атанған 100 мыңнан астам халықтың атынан сөз сөйлеген саурандықтар Елбасына алғыстарын жеткізуді сұрады. Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы атануына ықпал еткен және қасиетті қаланы арнайы Жарлығымен облыс орталығы етіп бекіткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, Тұңғыш Президентіміздің ісін жалғастырып, Түркістанның дамуына күш салып жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылықтарын білдірді.
Елбасы қабылдаған стратегиялық шешімнің күллі түркі жұртының рухани астанасы болған Түркістанның қайта түлеуіне үлкен серпін бергені де айтылды. «Бұл қаламен мың жарым жылдық тарих сабақтасып жатыр. Осылайша кезінде ірі сауда орталығы негізінде құрылып, Ақ орданың астанасы болған Сауран атауы өзінің тарихи мәртебесін қайта алды. Көне шаһарды облыс орталығы етудегі Нұрсұлтан Әбішұлының бастап берген жолының жалғасы ретінде Түркістанмен іргелес жатқан Кентау қаласын серіктес қала ретінде дамыту жоспары бекітілді. Осы ретте қала шекарасының кеңеюі, тұрғындар санының екі есеге артуы тез арада жаңа
аудан құруға себеп болды», дейді облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев.
Түркістан облысы