Мереке күндері «Хабар», Kazakh TV телеарналарында өтетін «Опера түні немесе Наурыз құтты болсын» атты тағы бір ауқымды жоба-концерттің түсірілімі аяқталды.
«Әлемдік классика ХХІ ғасырдың Наурызымен жарасымды үйлесім тапқан, ал нөмірлердің бірегей жарқын қойылымдары жобаны танымал эстрадалық шоу сияқты ойын-сауыққа толы және қызықты етеді. Біздің мақсатымыз – көрерменнің жоғары өнерге деген талғамын арттырып, оны отандық опера және балет сахнасының үздік орындаушыларымен таныстыру арқылы мерекелік көңіл күй қалыптастыру», дейді «Хабар» агенттігінің музыкалық продюсері Татьяна Лаврик.
Бағдарламаның жүргізушілері Андрей Трегубенко, Төлеген Рахымбаев және Ольга Спирина театрдың концерттік залында ғана емес, сондай-ақ көрермендер бұрын болмаған: оркестрлік орын, гримерлік бөлмелер мен ноталық кітапханада болады. Түнгі фойеде: атақты «Гәкку» әнімен Күләш Байсейітова, Фигаро ариясын орындаған Ермек Серкебаев және Неморино образымен Әлібек Дінішев сынды танымал тұлғалардың портреттері шырқайды, ал бұл музыкалық үзінділерді театр солистері сахнада жалғастырады.
«Кейіпкерлер театр қабырғаларында Шарль Гуноның «Фауст» операсынан Мефистофель мен Джоаккино Россинидің «Севильдік шаштаразынан» Фигароны кездестіреді. Опера және балет труппасының жетекші солистері хор әртістерімен бірге симфониялық оркестр әуенімен еліміздің бас театрының үлкен сахнасында ең танымал ариялар мен балет нөмірлерін орындайды. Концертте қазақ және шетелдік опера және балет классикасының жарқын хиттері шырқалады. Бұл – «Қыз Жібек», «Абай», «Біржан мен Сара», «Севильдік шаштараз», «Риголетто», «Фауст», «Иоланта» операларынан және «Дон Кихот» балетінен сахналанған көріністер. Музыкалық нөмірлер сахнада және театрдың үлкен залында түсірілді. «Лакме» операсынан гүл дуэті әуенімен сахна үстінен әуе гимнастары қалықтайды.
– «Опера түні немесе Наурыз құтты болсын» жобасы біздің
театр үшін жаңа деңгей, ол театрды басқа қырынан ашуға және көрсетуге, сондай-ақ осындай қиын уақытта сүйікті көрерменмен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. «Хабар» телеарнасына осы жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Театр кәсіби ұжымдардан тұрады, бұл осы жобаны жоғары деңгейде дайындауға және жүзеге асыруға көмектесті, – дейді Абай атындағы ҚазҰАОБТ дирижері Нұржан Байбосынов.
Театрдың жетекші әртістерінің қатысуымен түсірілген кішігірім сахналарда махаббат туралы, Наурыз дәстүрлері туралы, өнер туралы әзіл-қалжыңы аралас қызықты дүниелер айтылады, олар телеконцерттің сюжеттік желісіне үйлестірілген.
– Түсірілім күндері театрда ғажайып сәтті күтетін, кейде мистикалық атмосфераны құрайтын мерекелік көңіл күй орнады. Опера және балет театрының әртістері «Хабар» агенттігімен бірлесіп, қазақстандықтар үшін керемет сыйлық әзірледі. Симфониялық оркестр, хор, балет әртістері, опера солистері көрермендерді асқақ өнердің ғажайып әлемі – дыбыстар мен жарық шешімдерінің сиқырлы әлеміне жетелейді. Симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен көрермендер әлемдік және Ұлттық опера және балет классикасының ең танымал туындыларын тыңдай алады. Музыка кез келген мерекенің және бәріміздің сүйікті Наурызымыздың ең таңдаулы сыйы болмақ, – дейді Абай атындағы ҚазҰАОБТ дирижері Ерболат Ахмедьяров,
Жобаны жүзеге асыру бойынша шығармашылық топқа Лев Мариупольский (режиссер), Дмитрий Карабецкий (жарық суретшісі) және Дмитрий Синельников (дыбыс инженері) сияқты танымал мамандар енді. Бағдарлама қойылымының режиссері Наталья Кагадий, телетүсірілім кезінде симфониялық оркестрге Нұржан Байбосынов пен Ерболат Ахмедьяров дирижерлік етті.
АЛМАТЫ