Сұхбат • 25 Наурыз, 2021

Асығың алшысынан түссін!

2452 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Асық ойыны – қазақ халқының ежелгі өте кең тараған ұлттық ойын түрлерінің бірі. Ойынның басты объектісі де, құралы да – асық. Аталған ойын, әсіресе, балалар арасында кең тараған. Оларды ептілікке, мергендікке, ұқыптылыққа, сергектікке баулитын тәрбиенің көзі. Тіліміздегі «қой асығы демеңіз, қолайыңа жақса сақа қой» немесе «асығы алшысынан түсті», «бүге-шігесіне дейін анықтау» т.б. тіркестер тегін айтылмаса керек. Сондай-ақ қазақтар жақсы көрген жасты: «алтын асықтай» немесе «киіктің асығындай шымыр» деп атайтын үрдіс бар. Мұндай фразеологизмдер асықтың символдық мәніне қатысты қалыптасқаны анық.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бастап, аталған ойын заманға сай жаңарып жандана түсуде. Жуықта ғана Мәдениет және спорт министрінің №52 бұйрығымен (26.02.2021) Ұлттық спорт түрлерінің тізбесі бекітілді. Осы тізімде көрсетілген ұлттық мәртебеге ие тоғыз спорттың бірі ретінде – асық ату таңдалды. Осы орайда, республикалық Асық ату федерациясының атқарушы директоры, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Жомарт Сабыржанұлына жолығып, асық ойынының қазіргі жай-жапсары, болашақ жос­пары жайлы әңгімелескен едік.

 

Асығың алшысынан түссін!

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

– Жомарт Сабыржанұлы, егер жаңылыс­па­сам, сіз алғаш рет Асық ату федерациясын құ­­рып, оның тұңғыш президенті болған адам­­сыз. Өзіңізді бұл іске итермелеген не нәр­се?

– Асық ойыны – әр өлкеде әртүрлі ерек­ше­ліктерін сақтай отырып дамыған ұлттық ойын­дардың ішінде аса танымалы және қазақ хал­қының дәстүрлі ойындарының ең қызықты түрі. Сондықтан ғасырлар бойы халықтың зердесінде сақталып келген бұл ойын ұрпақ тәрбиелеудің құралы екені анық.

Одан кейін асық ату ұтыс ойынға жатады. Сол себепті, балалардың тез қимылдауын қалайды. Мергендігін арттырады, дәлдікке, есеп­ке үйретеді. Қазақ баласының есепке жүй­ріктігі, міне осындай ойындарды ойнаудан қа­лыптасқан. Асықты ешкім қолдан жасап жатпайды. Табиғи нәрсе. Бұл ойынды дамыту арқылы бі­ріншіден, халқымыздың ежелгі дәстүрін жаң­ғырта аламыз, екіншіден генетикалық толық ойлау үрдісін қалыптастыруға сеп. Осы мақсат тұрғысынан қолға алған жайымыз бар.

«Асығың алшысынан түссін!» деп тілек ай­татын алаш баласының ұлттық спортқа ден қой­са, ертеңгі ұрпағы да тамырынан ажырамай­тыны анық.

1

– Жұмысты қалай бастадыңыз?

– Ең әуелі, этнограф зерттеушілерді қатыс­ты­ра отырып, «Асық ойындары» ережесін жа­зып, оны Әділет министрлігіне бекіттірдік. Яғни патенттедік. Бұл 2010 жылы атқарылған іс. Бір жыл бұрын Асық ату федерация­сын құрып, заң­ды тіркеуден өткен бо­латынбыз. Одан кейінгі не­гізгі мәселе – спорт ре­зерві және жоғары дә­режеде ой­ын­­шылар даяр­лау ісін қолға ал­­дық. Сөйтіп, асық ату спорт түрі бойынша жа­рыс­қа қатысатын адам­дардың жас ерек­шеліктерін анық­тап, оларды бес топқа жіктедік. Атап айтқанда, бала­лар (7-10 жас), жас­өс­пірімдер (11-13 жас), бозбалалар (14-16 жас), жастар (17-20 жас), ересектер (21 жастан жо­ғары). Бұл санаттар өз іші­нен әйелдер және ерлер деп бөлінді.

Қазіргі таңда еліміз көлемінде 14 облыста аккредиттеуден өткен федерация бөлімшелері жұмыс істеп тұр. Бұл құрылымда асық атуды үйрететін 689 жаттықтырушы жұмыс атқарады. Ресми мәліметке жүгінсек, 45 000 адам осы спорт түрімен айналысады екен. Сол сияқты, өңірлерде 1388 асық ату үйірмесі жұмыс істейді. Ең үлкен жетістігіміз – 2018 жылы Ұлттық олимпиадалық комитет «Асық ату» ойынын спорт түрі деп таныды.

– Қысқасы, асық ату спорты ресми түрде мойындалып, республикалық спорттық ойын­дар кестесіне кірген болды ғой?

– Әрине. Бекітілген спорттық іс-шаралар кес­тесіне сәйкес, асық ату бойынша жыл сайын­ 30-ға жуық спорттық жарыс өткізіледі. Соның ішінде үш халықаралық турнир, алты Қазақ­стан чемпионаты бар. Оның сыртында дәстүрлі республикалық оқушылар спартакиадасы, Қа­зақстан халықтары фестивалі және Ауыл ойын­дары бағдарламасы шеңберінде ресми жарыс­тар өтіп жүр.

Оның сыртында, 2011 жылы елордада өт­кен Дүние жүзі қазақтарының кезекті құрыл­тайын­да шеттен келген қандастарымызға асық ойы­нының ережесі таныстырылды. 2014 жылы ма­мыр айында Германияда, 2016 жы­лы шіл­де­де Түркияда ұйымдастырылған Еуропа қазақ­тарының кіші құрылтайында асық атудан жарыс өткіздік. 2017 жылы 4-9 желтоқсанда Корея Республикасының Чеджу қаласында мате­риалдық емес мәдени мұраны қорғау коми­тетінің ХІІ сессиясына қатысып, асық ойы­нын насихаттадық. Сөйтіп, асық ату ойыны­ материалдық емес мәдени мұра ретінде ЮНЕСКО тізіміне кірді. Сондай-ақ асық атудан Қазақстан кұрамасы Қырғыз елінде өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қырғыз стилінде асық ататын «Ордо» сайысына қатысып, жүлделі 3-орынды иеленді.

– Асық ату спорты еліміздің қай өңірлерінде жақсы дамыған және алдағы жос­пар­ларыңыз қан­дай?

– Асық ату спорты Қостанай, Түр­кістан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қы­зыл­орда облыстары және Нұр-Сұлтан қаласында жақсы дамып келеді. Сонымен қатар «Асық ату» ойыны елі­міз­дің орта мек­теп­терінде дене тәр­­биесі са­ба­­ғы­ның жос­­парына ұлт­тық спорт түрі ре­тін­де ен­гі­зілді. Жуықта, «Каз­Альянс» қоғамдық бірлестігімен асық атуды және ұлттық салт-дәстүрді наси­хат­­тау мақ­сатында меморандум жасалды. Биыл төртінші дүркін Түркияда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына біздің Асық ату спорты кіргендіктен, соған дайындық шаралары жүргізіліп жатыр.

 

Әңгімелескен

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»