Спорт • 25 Наурыз, 2021

Зарина Дияс Miami Open турнирінде Винус Уильямсты жеңді

163 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Зарина Дияс жүлде қоры 3,2 миллион доллардан асатын АҚШ-тағы Miami Open турнирінің алғашқы кезеңінде Винус Уильямсты жеңіп, екінші кезеңге шықты, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Зарина Дияс Miami Open турнирінде Винус Уильямсты жеңді

Əлем рейтингінде 89-орында тұрған қазақ спортшысы екі сетте (6:2, 7:6) қарсыласына мүмкіндік берген жоқ. Енді ол екінші кезеңде швейцариялық Белинда Бенчичпен (рейтингте 12-орында) кім мықтыны анықтайды.

Осынау жеңіспен бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қазақстан теннис федерациясын, Зарина Дияс пен бапкерін, федерация Президенті Болат Жəмитұлын жəне барша ақжүрек жанкүйерді құттықтады.

«Бұл қазақ теннисі тарихындағы елеулі оқиғаның бірі. Осындай халықаралық бəсекелердегі жарқын сәт қазіргі сындарлы кезеңде елдің еңсесін тіктеуге зор үлес қосады. Мемлекетіміз үнемі бұқаралық спортты дамыту, насихаттауға ерекше көңіл бөліп келеді. Заринаның бүгінгі ерлігі атқарылып жатқан жүйелі жұмыс пен орасан еңбектің жемісі деп білеміз.

Осынау орайлы сəтті пайдалана отырып, Қазақстан теннис федерациясын, Зарина Дияс пен бапкерін, федерация Президенті Болат Жəмитұлын жəне барша ақжүрек жанкүйерді шын жүректен құттықтаймын!» деп жазылған министрдің құттықтау хатында.

Айта кетейік, Зарина мен Винус осымен екінші рет кездесті. 2015 жылы Цинциннатиде өткен турнирдің алғашқы айналымында Уильямс 6:7 (6:8), 4:6 есебімен басым түскен. Енді жалпы кездесулер бойынша есеп 1:1.