Қазақстан • 25 Наурыз, 2021

«Олжа Агро» директоры: Жекеменшікке жер алған кәсіпкерлер қол қусырып отырмай, ел игілігі үшін жұмыс істеуі тиіс

248 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Фермерлер үшін жерді жалдау мен жекеменшікке алудың еш айырмасы жоқ. Бұл туралы Жер реформасы жөніндегі комиссияның І отырысында «Олжа Агро» бас директоры Айдарбек Қожаназарұлы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

«Олжа Агро» директоры: Жекеменшікке жер алған кәсіпкерлер қол қусырып отырмай, ел игілігі үшін жұмыс істеуі тиіс

«Бүгінде елімізде еңбек ететін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қарасы көп. Ауыл шаруашылығын жүргізудің замануи әдістерін қолданып, оның тиімділігін арттыруға тырысқан фермерлер де жетерлік. Бірақ жермен жұмыс істеу керек. Тек сонда ғана нәтижеге жетуге болады. Қазақстанда жер өте құнарлы. Оның мол өнім беруге мүмкіншілігі жетерлік. Алайда, жердің әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Мысалға, Қазақстан ауыл шаруашылығының ЖІӨ-дегі үлесі 5 пайыз ғана. Ал бұл көрсеткіш Беларусьте 8, Украинада 12, Өзбекстанда 30 пайызды құрайды. 1990 жылдары Қазақстанның ауыл шаруашылығы үлесі ІЖӨ-нің 34 пайызын құраған еді. Мұндай жайттың орын алуының басты себебі жердің ұтымсыз пайдалануы болып отыр», деді ол.

Сондай-ақ «Олжа Агро» бас директоры қазақстандықтарға жерді жекеменшікке беру мәселесіне қатысты пікір білдірді.

«Бұл ерекше жан-жақты қарастыруды қажет ететін маңызды мәселе. Сондықтан шешім қабылдауда асығыстық танытпаған жөн. Кәсіпкерлер жауапкершілікті өз мойнына алуды үйренуі қажет. Жекеменшікке жер алған кәсіпкерлер қол қусырып отырмай, ел мен халықтың игілігі үшін жұмыс істеуі керектігін, жердің әлеуетін барынша ашу үшін аянбай тер төгу керек екенін жіті түсінуі тиіс. Жалпы алғанда ауыл шаруашылығы жерлерін берудің ең тиімді әрі пәрменді іс-шарасы – ұзақ мерзімді жалға ұсыну. Себебі, жерді пайдаланып жүрген фермерлер үшін оны ұзақмерзімді жалға алу мен жекеменшікке алудың еш айырмашылығы жоқ», деді Айдарбек Қожаназарұлы.